Бестселлер: бизнес туралы ең үздік 19 кітап
Кітап адамның ой-өрісін кеңейтеді. Қай саланың адамы болсын, неше жастағы оқырман болсын өзіне ұнайтын авторды, жанр мен кітапты таба алады. Әсіресе, қазір бұған мүмкіндік мол. Кітап дүкені көбейген, баспалар да жарыса басып шығарып жатыр. Kursiv Media тілшісі бизнес әдебиеттерге шолу жасап, 2024 жылы оқуға тиіс кітаптар тізімін дайындады.
№1 Company of One: Why Staying Small is the Next Big Thing for Business, Пол Джарвис
Пол Джарвистің бұл кітабы бизнесін өзі аяққа тұрғызып, жеке-дара жүргізгісі келетіндерге таптырмас нұсқаулық болады. Әрине, бизнес саласына қызығатын кез келген адамға тигізер пайдасы мол. Бірақ автор өзі жүріп өткен жол болғандықтан, барлығын жіпке тізіп, тәптіштеп жазып шыққан. Өзіңіз қалаған, армандаған бизнесті жасау арқылы қиялыңыздағы өмір сүрудің пәлсапасынан сыр шертеді. «Жарқ ете қалатын» стартап жасап, инвестор тауып ісін дөңгелетіп әкетіп, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруді ойлағаннан гөрі бизнеске басқа көзқараспен қарауды үйретеді. Әрі бұл көзқарастың философиясы тереңде жатыр. Алпауыт корпорация құруға емес, өзіңізге өзіңіз би-қожа болуға ұмтылыстың қаншалықты маңызды екенін түсіндіреді. Кітап әлемнің 15 тіліне аударылған.
№2 Lean In: Women, Work, and the Will to Lead, Шерил Сэндберг
Әлемдегі ең үздік бестселлер деп танылған кітаптардың бірі. Шерил Сэндберг мансап жолында басшылыққа дейін адымдап көтерілген, технологиялық стартаптар жүргізуден тәжірибесі мол. Оның айтуынша, жетістікке жетуінің құпиясы — жұмыс пен отбасы арасындағы баланс сақтай алатынында. Шерилдің туындысында қозғалатын тақырып көп: жұмыста ұстаз һәм ментор қалай табуға болады, ұжымда қалай көшбасшыға айналуға болады, отбасында теңдік қалай орнатылуы керек, жұмыстағы теңдік қандай болуға тиіс — бәрі қамтылған. Автор Facebook, Google сынды ірі корпорацияларда істеген, одан қала берді АҚШ-тың Қаржы министрлігінде де қызмет еткен. Бұл кітап, әсіресе, әйелдерге шабыт сыйлайды.
№3 Tools Of Titans: The Tactics, Routines, and Habits of Billionaires, Icons, and World-Class Performers, Тим Феррисс
Тим Ферристің бұл кітабында ең табысты деген адамдардың тәжірибесіне қарап отырып, қандай сабақ алу керек екені жазылады. 650 беттен тұратын бұл әдебиеттен аларыңыз мол болары анық. Автор бұл туындыны жазу үшін бизнес, спорт, ғылым, әскери және тағы басқа салаларда көш бастап жүрген 200-ден астам адамнан сұхбат алған. Осылайша кейіпкерлерінің мінез-құлқын, әдеттерін, әдіс-тәсілдер мен ұстанымдарын зерттеген. Бизнесті қалай дөңгелетіп әкету жайлы ғана емес, жалпы жемісті өмір сүру, жағдайлардан сабақ алу сынды пайдалы ақпарат мол. Сондықтан осы кітапты оқығаныңыз өзіңізге салған инвестиция болмақ.
№4 Good to Great, Джим Коллинз
Good to Great — менеджмент жайлы жазылған ең мықты кітаптардың бірі. Сонау 2001 жылы жарыққа шыққан кітап болса да, мұнда айтылған кеңестер әлі күнге дейін өзекті. Коллинздің бұл кітабында жай ғана жақсы компания емес, ұлы компанияға қалай айналуға болатыны жазылған. Бір компания арқылы салаға айтарлықтай өзгеріс енгізуге болатынын нақты мысалдар арқылы дәлелдеп береді. Сондай-ақ ұлы, алпауыт ұжымға айнала алмағандардың сәтсіздігінің себебі де сарапталады. Бұл кітаптың әлем бойынша 4 миллионнан астам данасы сатылған. Деңгейін осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Ұзақ уақыт бойы бас бәйгені бермей келген компаниялардың құпиясы неде екенін білгіңіз келсе, осы кітапты оқып, шабыт алсаңыз болады.
№5 Outliers: The story of Success, Малкольм Гладуэлл
Кез келген салада мықты болу үшін өзіңізге «10 000 сағат» ережесін енгізуіңіз керек деген зерттеуді естіген бе едіңіз? Сол ережені елге танытқан — осы кітап. Әрине, 10 мың сағат тәжірибесі жетістікке жетер жолдағы көп құралдың бірі ғана. Әйтсе де, салаңыздағы сайыпқыран болуға көмектесетіні анық. Ал енді кітапқа келсек, мұнда не туралы жазылған? Мұнда «Табысты адамдардың басқалардан ерекшелеп тұратын не нәрсе?» деген сұраққа жауап ізделеді. Автордың айтуынша, табысты адамдардың мәдениетіне, олардың отбасына, өмір сүрген заманына, қалай тәрбиеленгеніне көбірек назар аудару керек. Сол арқылы өзіңізге көп сабақ ала аласыз. Бұл кітаптың тағы бір пайдасы — жазу шеберлігін шыңдауға көмектеседі. Себебі Гладуэлдің стилі де ерекше. Әрі табысты адамдардың жетістікке жетер жолдағы сырын табуға тырысады. Сонысымен қызықтыра түседі. Автордың сөзіне сүйенсек, адамның жетістікке жетуіне оның сол іспен айналысуға қанша уақыт бөлетіні тікелей әсер етеді. Бір салада сарапшы болып, майын ішіп, жілігін шаққан маман болу үшін неғұрлым көп уақытын сол іске арнауы керек екенін айтады. Олай етпесе, оның эксперт болуы екіталай дейді-мыс. Өзіндегі машықты одан әрі тереңдетуге, шыңдауға екінің бірі шыдай бермейді. Уақыт бөлуге тырыспаса, жетістікке жете алмайды деп отыр.
№6 Deep Work: Rules for Focused Success in a Distracted World, Кэл Ньюпорт
Бұл бизнес-кітап Wall Street Journal-дың бестселлері деп танылған. Мұнда айтылатын басты ой: қиын іс туа қалса, соны ойлап бір орнында тоқтап қалмау керек. Басқа жұмыстарға ой тоқтата алатын қасиетке ие бола алсаңыз, онда күрделі ақпараттарды жылдам қорыта алатын боласыз. Соның арқасында азғантай уақытта мықты нәтижеге қол жеткізесіз. Ойға алған мақсатқа жету үшін кедергіге кезіге қалса бір орнында тоқтап қалатын, сәл қиындыққа сағы сынатындарға жақсы көмектеседі. Әрі нақ мақсатқа жеткізудің орнына уақытыңыз бен күшіңізді алатын бос дүниелерді де бірден тануды үйренесіз. Туа қалған мүмкіндікті жіберіп алмай, темірді қызған кезінде соғудың маңызы да жазылған. Жалпы алғанда өнімді әрі жемісті жұмыс істеудің сыры айтылады. Бұл кітапты бизнес иелері ғана емес, контентпен жұмыс істейтіннің бәрі оқыса болады. Себебі бұл туынды әр нәрсенің басын бір шалып, өзін таба алмай жүргендерге жол көрсететін нұсқаулық іспеттес.
№7 Crushing It: How Great Entrepreneurs Build Their Business and Influence-and How You Can, Too, Гэри Вайнерчук
Гэри Вайнерчук — New York Times нұсқасы бойынша төрт кітабы бестселлер деп танылған автор. Бір қызығы, Гэридің бұл туындысы жарыққа шығып үлгермей жатып Amazon-дағы «Бизнеске арналған әлеуметтік медиа» санатында №1 бестселлер болды. Бұл да оқырманның авторға деген сенімінен туған болса керек. Бұған дейін 2009 жылы осыған атауы ұқсас Crush It: Why Now is the Time to Cash in Your Passion деген кітабы шыққан. Екеуі екі бөлек екенін ескеріңіз. Біз айтып отырған кітапта бизнесмендер мен инфлюенсерлердің қалай көпшілікке әсер ететіні айтылады. Мұнда сабақтар, әдістер, кеңестер мен шабыт сыйлайтын оқиғалар бар. Оған қоса, Вайнерчук Twitter, Facebook, YouTube, Instagram және Snapchat сынды әлеуметтік арналарда, Spotify, Soundcloud, iHeartRadio және iTunes сияқты подкаст-платформаларда брендіңізді қалай қалыптастыруға болатынына қатысты пайдалы кеңестер айтады. Кейінгі кезде танымал бағыт болып кеткен жеке бренд жайлы мол ақпарат табасыз.
№8 The Power of Broke: How Empty Pockets, a Tight Budget, and a Hunger for Success Can Become Your Greatest Competitive Advantage, Дэймонд Джон
Көпшілікке қатардағы қарапайым адамның мол табысқа жету жолы қызық. Оқиғасын оқу арқылы дәл сондай жетістікке өзі де қол жеткізе алатынына сенімі беки бастайды. Егер сіз де сондай селф-мейд адамдардан шабыт алатын болсаңыз, онда бұл кітап сіз үшін нағыз must read. Shark Tank шоуының жұлдызы, Fubu компаниясының негізін қалаған Дэймонд Джон The Power of Broke кітабында осы жолға қалай келгенін, жетістікке жету үшін неден өткенін айтып береді. Автор үнемдеудің маңызын, қолда бар құралды қалай барынша пайдалануға болатынын жіліктеп береді. Тіпті сізде қазір азғантай сома болса да, соны дұрыс жұмсай білсеңіз, жетістікке жасаған бір қадамыңыз сол болады деген ақыл айтады. Дэймондтың айтуынша, бизнесті азғантай ақшамен бастағанның арқасында сізде шығармашылық ойлау қабілеті ашыла түседі. Сөйтіп шектеулі ғана соманың өзін дұрыс бағытқа жұмсайсыз. Новатор болудың құпиясы осында деп ой түйеді. Тағы бір айта кететін жайт, Дэймонд өзі жылдар бойы өзін қаржы жағынан шектеп, өте қатты үнемдеген. Сол үнемдеудің арқасында ол өз әлеуетін максимум пайдаланған. Бұл кітапты бизнес бастауды ойлап жүргендер де, бизнесі барлар да оқыса болады.
№9 Smarter, Faster, Better. The Transformative Power of Real Productivity, Чарльз Духигг
Жұмысын өнімді істегісі келетіндерге таптырмайтын кітап. Бұл әдеттегі өнімділік ережелері жазылатын туындылардан басқаша. Себебі мұнда «өнімділік» деген сөздің өзіне жаңаша сипаттама беріледі. Не ойлап жүргеніңізге емес, қалай ойлап жүргеніңізге мән беріп үйренесіз. Кітаптың негізгі мәні — әлдебір таңдау жасау арқылы сіз өміріңізді қалай өзгерте алатыныңыз жайлы. Чарльз Духигг шешім қабылдау процесін құдды қайта бағдарламалап бергендей әсер аласыз. Өйткені бұл кітапты оқыған соң ақылдырақ, жылдамырақ, бұрынғыдан жақсырақ бола түсесіз. Әдетте көбіміз өте ауқымды мақсат қойып, соған жетер жолды ұсақ-түйекті ескермеу керек деген классик әдісті қолданамыз. Автордың айтуынша, бұл әдіс қате екен. Өмірін өзгерткісі келетін адам инновацияға ашық болуы керек. Егер кішігірім мақсаттарға жетудің маңызды екенін жан-тәніңізбен түсінсеңіз, онда алар тауыңыз да биік болады деген тұжырым жасалады.
№10 Start with Why -How Great Leaders Inspire Everyone to Take Action, Саймон Синек
Бұл кітаптың жазылуына автор Саймон Синектің бір кездері TED-те сөз сөйлегені себеп болады. Саймонның сондағы сөздері TED-те үздік үштіктен орын алды. Ол жерде Синек «Неге кей адамдар мен ұйымдар басқаларға қарағанда инновацияшыл, ықпалдырақ әрі мол табыс табады?» деген сауалды басты назарға алып, соған жауап іздейді. Сол сөзінен соң, ол Start with Why -How Great Leaders Inspire Everyone to Take Action кітабын жазуды қолға алады. Мұнда автор ықпалы мол бизнесмендердің ұстанымдары көбіне ұқсас әрі көпшіліктің қорқақтайтын ісін жасайтынын, толқынға қарсы жүзетінін мысал түрінде көрсетеді. Осы идеяны Синек «Алтын дөңгелек» деп атап, барлық көкейдегі ойға «Неге?» деген сауал қойып барып, жауабын іздейді.
№11 «The Lean Startup: How Today’s Entrepreneurs Use Continuous Innovation to Create Radically Successful Businesses, Эрик Рис
Кітап авторы Эрик Рис — өзі де кәсіпкер. Компания құрып, жаңа өнімді жарыққа шығармас бұрын не істеу керек екені жайлы жазылған нұсқаулығы стартапшыларға көп көмегін тигізеді. Яғни идеяны жылдам әрі дұрыс тексеріп, қаражат салуға тұра ма, жоқ па — соны анықтайтын индикатор болады. Автор стартаптың не екеніне қатысты ауқымды әрі жан-жақты анықтама береді. Осы кітаптың көмегімен кәсіпкерлер бизнес-идеясын тексеріп ала алады. Бизнес бастау оңай емес. Құйған қаражатыңыз бекер кетпес үшін бағамдап алу маңызды. Міне, сол бағамдау үшін осы кітапты бір оқып шыққаныңыз дұрыс. Стартапты басқару әдістерінен бөлек, бірнеше инновациялық онлайн-құралдарға да шолу жасайды. Сол құралдар арқылы табысқа жетер ұзақ жолды қысқартып, мақсатыңызға жылдамырақ жете аласыз.
№12 Grinding It Out: The Making of McDonald’s, Рэй Крок
Шынайы оқиғадан шабыт алып, мотивацияға молынан тойдыратын туынды. Өйткені кәсіпкердің барлығы бірдей бизнесі арқылы біздің өмір салтымызды түбегейлі өзгерте бермейді. Ал Рэй Крок — өзгерте алған азшылықтың қатарында. Атап айтқанда, ол қазіргі адамдардың тамақтану тәсілін өзгертті. Қоғамдық тамақтану, франчайзиң, жарнама салаларында революция жасаған кәсіпкер. Бір қызығы, Рэй жалындаған жас кезінен кәсіпкер болған адам емес. Ол McDonald’s франшизасын 52 жасында сатып алған. Сөйтіп жылдам тамақтану саласына қадам басады. Сол компанияның қазіргі құны жүздеген миллиард доллардан асып жығылады.
№13 The Motivation Myth: How High Achievers Really Set Themselves Up to Win, Джефф Хейден
Inc.com платформасының ең танымал шолушысы Джефф Хейденнің туындысы. Кітапты оқыған соң сіздің мотивация туралы ойлап жүрген ойыңыз қате болып шықса, таңғалмаңыз. Себебі көпшіліктің айтып жүрген анықтамасын «төңкеріп» тастайды. Оның барлығын жай ғана «мифке» балайды. Хейденнің кітабын оқығанда сіз мотивацияның әлдеқайда терең дүние екенін түсінесіз. Оның құдды сиқырлы формуласы бар секілді көрінгенімен, шын мәнінде, бір істі бастаған кезде челленджді қабылдап, түбегейлі өзгеруге бағыт алған кезде керек болатын дүние деп түсіндіреді. Яғни мотивация дегеніміз процестің себебі емес, нәтижесі деп қорытады. Сондықтан бастаймын деп бастамай жүрген істі қолға алғыңыз келсе, кітапты оқып шығыңыз. Сонда бекер уақыт шығындамай, нақты іске кірісесіз. Арманыңыздың жолында қадам жасауға көмектеседі.
№14 The Subtle Art of Not Giving a F*ck, Марк Мэнсон
Бұл кітап та New York Times бестселлерлері қатарында бар. Атауының өзі көпшілікті парақтауға шақырып тұрады. Мұндағы айтылатын басты ой да өте қызық: «өмір саған лимон берсе, одан лимонад жасап іш» деген өте танымал ойды басқаша қабылдауға көмектеседі. Яғни сіздің лимонадқа айналдыра алатын қабілетіңізден гөрі лимонға деген көзқарасыңызды жақсартқан әлдеқайда дұрысырақ деп ой түйеді. Осы кітап арқылы сіз әлдене күткен кезде реал жағдаймен байланыстырып, шынайы нәтиже күтуді үйренесіз. Яғни неден қорықсаңыз, қандай кемшілігіңіз болса, өзіңізге сенімсіз болсаңыз, бірінші кезекте соларды қабылдаудан бастауыңыз қажет. Сонда ғана күш-қуат жинайсыз, шыншыл бола түсесіз, жауапкершілігіңіз артады.
№15 The Hard Thing About Hard Things: Building a Business When There Are No Easy Answers, Бен Хоровиц
Бен Хоровиц — Andreessen Horowitz венчурлық фирмасының негізін қалағандардың бірі әрі бас серіктесі. Жылдар бойы жеке блогын жүргізіп, сол жерде бизнес жайлы кеңестер айтып келді. Стартаптарды қалай бастағанын да бөлісіп отырады. Осылайша сол жазған-сызғанының барлығын жинап, реттеп кітап қылып басып шығарған. Бизнес бастаған кезде қиындыққа тап бола қалсаңыз, не істеу керек, оны дамытудың жолын қайдан іздеу қажет — осы жайлы ашық айтады. Берген кеңестері өте құнды әрі шынында пайдалы. Автор көпшіліктің жиі кездесетін проблемаларын да талдайды. Оқырманға достармен бірігіп бизнес істеу, досыңды жұмыстан шығару, дағдарыс кезінде кәсіп қылу, бас директор менталитетін қалыптастыру секілді тақырыптарды да ашып жазған. Айтпақшы, жазу стилі де сізге ұнауы мүмкін. Себебі Хоровиц оқиғаларын жазған соң сүйікті рэп-туындыларындағы мәтіндермен толықтырып отырады. Бұл да ерекше әдіс, солай емес пе?
№16 The Power of Habit: Why We Do What We Do in Life and Business, Чарльз Духигг
Қазір әдеттер жайлы кітап көп. Танымалдары да аз емес. Солардың бірі — «Әдеттер күші». Әсіресе, америкалық оқырмандардың жүрегінен орын алған туынды. New York Times бұл кітапты бестселлерлер қатарына қосқан. Бұдан бөлек, басқа біраз рейтиңде көш бастады. Автор — Пулитцер сыйлығының лауреаты. Бұл бизнес-кітапта автор әр ойын ғылыми тұжырымдармен бекітіп отырады. Атап айтқанда, не үшін бізде әдет қалыптасады, оларды қалай өзгертіп отыруға болады, өмірімізге жағымды әсер беруі үшін әдетті қалай ауыстыру керек — осы тақырыптарда қызық талқы бар. Духигг адамзат үшін әдеттің қаншалықты маңызды екенін шегелеп көрсетеді. Өйткені әдет — ойға алған мақсатқа жету үшін қажет ең маңызды дүние. Жақсы әдет қалыптастырған кезде ғана өмір жақсы жаққа өзгереді. Айталық, сіз денсаулығыңызды реттегіңіз келсе, спортпен шұғылдана бастайсыз. Сол арқылы өнімдірек бола түсесіз, денсаулығыңыз да жақсарады дегендей. Яғни кітаптың түйіні — бізге мейлінше көбірек жақсы әдеттер керек. Қиын-қыстау кезде де бізді алып шығатын — жақсы әдеттеріміз. Ол болмаса, сағымыз сынып, беріле салуымыз оңай.
№17 Money Master the Game: 7 simple steps to financial freedom, Тони Роббинс
Тони Роббинс қалың көпшілікке шабыт беретін спичтері, трансформациялық семинарлар мен курстары арқылы танымал. Кейінгі он жылдықта оның сөйлеген сөзін тыңдау үшін 4 миллионнан астам адам семинарларына қатысқан екен. Оның ойынша, бизнесте табысқа жету үшін бірінші кезекте психологияны меңгеру керек. Яғни бұл екеуі бір-бірімен тығыз байланысты деседі. Робинс сұхбаттарында «Бизнестегі жетістіктердің 80 пайызы — психологиядан, қалғаны — механикадан» деп жиі айтады. Барлығы бірдей кәсібін дөңгелетіп әкете алмайтыны да олардың психологиясына байланысты деген ой айтады. Роббинстің бұл кітабында ақшаны дұрыс ұстауды үйренудің маңызы айтылып, сол арқылы өміріңізді жақсы жаққа өзгертуге болатыны айтылады.
№18 Zero to One: Notes on Startups, or How to Build the Future, Питер Тиль мен Блейк Мастерс
Бұл кітапта инновацияның күші жақсы сипатталады. PayPal-дың негізін қалаған, Facebook-тың алғашқы инвесторы болған Питер Тиль жаңа дүниені әлі де ойлап таба алатынымызға сендіреді. Яғни бұл әлемде сіз ойлап табатын, ашатын дүние жетіп жатыр деген ойда. Тильдің айтуынша, біз қазір технологиялық тоқырау заманында өмір сүріп жатырмыз. Жарқыл-жұрқылы көп, жаңа гаджеттерден көзімізді шел басқан. Сондықтан осындай инновация керек деп отыр. Сол бағытта прогреске ұмтылудың жолдарын айтады. Питер Тиль компьютер мен Силикон алқабының ұсынып отырғандарынан да әлдеқайда мүмкіндік мол екеніне сенеді. Ол үшін әркім өз ойымен, салқын санасымен ойлана алуы керек. Әлденені бастаған кезде «нөлден бірге қарай» бастаңыз деп нұсқайды. Кітабындағы басты тезис: алдағы табысты кәсіпкерлер ұрпағы қазір бар нәрсені дамытып, жаңартумен емес, ойға кіріп шықпаған тың дүниелерді жасаумен айналысады. Сондықтан инновацияға деген көзқарасты басқа қырдан қарастырғысы келгендерге бұл кітап — мастрид.
№19 The Tipping Point: How Little Things Can Make a Big Difference, Малкольм Гладуэлл
Бұл бизнес-кітапта идея не қозғалыстың демде орман өрті сияқты жылдам таралып кететін бір таңғажайып күші болатыны айтылады. Мәселен, iPhone-ға арналған әлдебір мобайл қолданбаның шыққан бойда чарттарды «жарып» кететін кезін айтсақ болады. Осылайша жаһандық феноменге айналады. Бұлай болуының сыры неде? Автор осы жайлы жазады. Құдды сиқыр қолданғандай көпшілікті қызықтыра алатындар қиын-қыстау сәтті әдейі торуылдап, сол арқылы өз табыс жолын басқаларға үлгі қылып көрсеткісі келетінін алға тартады.