Жаңалықтар

«Қол астындағыларды үйін салуға жұмсаған»: ТЖМ экс вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев бес жылға сотталды

Лауазымын асыра пайдаланған экс шенеунік генерал-майор әскери атағынан да айырылды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Бұрынғы төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев бес жылға бас бостандығынан айырылды. Экс шенеуніктің қызметтік мансабын асыра пайдаланғаны белгілі болды.

«Ақмола гарнизонының әскери соты Төтенше жағдайлар жөніндегі бұрынғы бірінші вице-министр И. Күлшімбаевқа қатысты үкімді жариялады»,- деп хабарлады Антикордың ресми өкілі Данияр Бигайдаров брифинг барысында.

Күлшімбаев өзінің жеке үйін салу үшін әскери қызметшілер мен арнайы техниканы тарту туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық бағынысты мекемелерінің басшылығына заңсыз нұсқаулар берген. Экс вице-министрге билікті асыра пайдаланды деген айып тағылды.

«Сот үкімімен оған мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салына отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сонымен қатар сот Мемлекет басшысының атына Күлшімбаевты генерал-майор әскери атағынан айыру туралы ұсыныс енгізуге қаулы етті. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – деп мәлімдеді Антикор өкілі.

Олимпиадалық даярлау орталығы басшысыныңісі жайында

Антикор «Астана» олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК әкімшілік-шаруашылық бөлімінің басшысы сотталғанын да хабарлады.

«2024 жылдың 17 шілдесінде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Астана» олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК әкімшілік-шаруашылық бөлімінің басшысы Б. Қамзаевқа қатысты үкім шығарды», – деді Антикордың ресми өкілі.

Қамзаев өзінің лауазымын пайдаланып, алаяқтыққа әрекет жасаған.

«Елге қамқор» қоғамдық бірлестік өкілін жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарт шеңберінде орындалған жұмыстар актілеріне қол қойғаны, РМҚК лауазымды адамдарына 600 мың теңге сомасында пара беруге итермелегені үшін кінәлі деп танылды»,- деді Бигайдаров.

Оған 12 млн теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалған, әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.

Биыл жарты жыл ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өндірісінде алаяқтық фактілері бойынша 159 қылмыстық іс болған, оның 46-сы сотталған. Негізінен олар лауазымды тұлғаларға пара беруге итермелеумен айналысқан және сыйақылар үшін түрлі қызметтер ұсынған.