Маңғыстаудағы бес бірдей пансионатта балаларға заңсыз діни білім беріліп келген. Мұндай заң бұзушылық фактілерін анықтаған облыстық прокуратура ұйым басшыларымен бірге жасөспірімдердің ата-аналарын да жауапқа тартты.
Маңғыстау облыстық прокуратураның мәліметінше, Жаңаөзенде, Мұнайлы, Қарақия және Түпқараған аудандарында балаларға арналған пансионат түріндегі 5 қайырымдылық мекемесі жұмыс істеген. Алайда іс жүзінде мекемелердің қызметі олардың жарғылық мақсаттарына қайшы болған. Бұдан бөлек, қайырымдылық мекемелерінің білім беру қызметімен айналысуға лицензиялары болмаған.
«Барлық мекеме бойынша тәрбиеленушілердің діни әдебиеттерді пайдаланғаны және басқа да заңдылықты бұзушылық фактілері анықталды. Осылайша балалардың білім, тәрбие және уақтылы медициналық көмек алу құқықтары мен бостандықтары айтарлықтай бұзылған», – деп хабарлады облыстық прокуратура.
Тексеру нәтижесінде еңбек, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт сөндіру заңнамасының талаптарының бұзылғаны анықталды. Заң талаптарына қарсы әрекет жасаған пансионаттар басшылығына 11 әкімшілік хаттама толтырылып, 1,3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.
Балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн олардың заңды өкiлдерi, яғни ата-аналары да әкiмшiлiк жауапкершілікке тартылды.
Қазір прокурорлардың талап-арыздары бойынша сотпен барлық көрсетілген пансионаттың тіркеу күші жойылып, қызметтері тоқтатылды.
Осыған дейін «Курсив» мұғалімдердің мектептерде діни экстремизмнің алдын алумен айналысуы мүмкін екенін жазған. Құжат орта білім беру ұйымдарында мектеп директоры орынбасарларына, пән мұғалімдеріне, әдістемелік орталық басшысы орынбасарларына, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі ұйымдардың жастар жөніндегі инспекторларына діни экстремизмнің алдын алу жөніндегі міндеттерді беруді көздейді.