Жаңалықтар

Қазақстанға заманауи жойғыш ұшақтар мен зениттік зымыран кешендері жеткізіледі. Қазақ әскері тағы қандай жаңа техникалармен қаруланды?

Қорғаныс министрлігі еліміздің қарулы күштері 500-ден астам әскери техника алғанын мәлімдеді / Фото: архив kursiv.media 

Қазақстанда жастарды әскерге тіркеу процесі автоматтандырылды. Бұл жүйенің арқасында жыл сайын 1 млрд теңге үнемделетін болады. Сондай-ақ Қазақстан армиясы 500-ден астам жаңа техникамен толыққан. Бұл осы жылдың жартыжылдығында Қорғаныс министрлігінде атқарылған жұмыстардың бір легі.

Министрлік армияны жаңғырту, әскери жаттығулар және бітімгерлік қызметтер бойынша жарты жыл ішінде атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Ведомство әскери комиссариаттардың жұмысын цирфландырып, бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік алған.

«Әскерге шақырылушыларға арналған «кредиттік каникулдар» жүйесі енгізілді. Жастарды әскери комиссариаттарға бармай-ақ тіркеу процесі автоматтандырылды, бұл жыл сайын тасымалдауда, медициналық қызмет көрсетуде және тіркеу туралы куәлік беруде 1 млрд теңгеден астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады ведомство.

Сондай-ақ ел армиясы 500-ден астам жаңа техникамен толыққан. Соның ішінде әскерлерге «Арлан» және COBRA II брондалған доңғалақты машиналары, SUNQAR тактикалық ұшқышсыз жүйелер кешені және EVOMax шағын ұшқышсыз жүйелері келіп түскен. Қазақстанға алдағы уақытта заманауи жойғыш ұшақтар мен зениттік зымыран кешені жеткізілмек.

«А400М бірінші ауыр жүк көтергіш әскери-көліктік ұшақ жеткізіледі деп күтілуде. Әскери-теңіз күштері үшін диверсияға қарсы қайық жеткізіледі. Бронды танк пен автокөлік техникасын, әскери әуе шабуылына қарсы қорғанысты, танкке қарсы жүйелерді, артиллерия мен атыс қаруын жөндеу цехтары іске қосылды. Әскерлерде 1,5 мыңнан астам әскери техникаға ағымдағы және орташа жөндеу жүргізілді», –делінген хабарламда.

Министрлік елімізде алғаш рет әскери журналистика мамандығы оқытылатыны жайлы да мәлім етті. ҚР Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты жаңа мамандыққа құжат қабылдап жатыр. Бұл мамандық «Әскери істегі журналистика және қоғаммен байланыс» деп аталады. Мәлім болғандай, құжаттарды тапсыру мерзімі 10 тамызға дейін жалғасады. 

Сонымен қатар Қазақстанда әскерге шақырылушылар санын арттыру көзделіп отыр. Қорғаныс министрлігі әскер қатарына шақырылатын жастар санын 39 180-ден 40 148-ге дейін көбейтпекші. Осылайша, отан алдындағы борышын өтеуге баратындар саны бірден мыңға жуық адамға артпақ.