Қазақстанда өндірілген «жасыл» энергия көлемі 31,1% өсті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Айта кететіні, 2023 жылы өндірілген электр қуатының жалпы көлеміндегі жаңартылған энергия көздерінің үлесі 5,8%-ды құраған.
Осылайша, өндірілген «жасыл» энергия көлемі 6 609,7 млн кВт/сағатты құрады. Бір жыл ішіндегі өсім – 31,1%. 2022 жылмен салыстырғанда жел қондырғылары өндірген электр энергиясының көлемі 2023 жылы 63,3% артып, 3,7 млн кВт/сағатқа жетті.
Сонымен қатар шағын гидроэлектростанциялардан алынған энергия көлемі 16%-ға өсіп барлығы – 949,1 млн кВт/сағатты құрады. Бұл ретте күннен қуат өндіру көлемі 2023 жылы 1,5%-ға қысқарған. Ал биогаз қондырғыларының өндірген энергиясы бір жылда 52,1% қысқарып, 1,4 млн кВт/сағатты құрады.
Айта кететіні, Қазақстан қуат көзінің басым бөлігін көмірден алатын елдердің бестігіне кіреді. OurWorldInData мәліметінше, Косова, Моңғолия, Оңтүстік Африка және Үндістаннан кейін 66,6% пайыз үлеспен Қазақстан бесінші орында тұр. Қазақстанда 2011 жылы көмірдің үлесі 81,10%-ға дейін жетіп, тарихтағы ең үлкен мәнге жеткенін жазған. Алайда соңғы 10 жылда көмірдің үлесі біртіндеп қысқарып келеді.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың І жарты жылдығында ЖЭК қуаты 2904 МВт-қа дейін жеткен. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында ЖЭК объектілерінің электр энергиясын өндіруі көлемі 16 %-ға артқан еді.