Moody’s рейтинг агенттігі хабарлағандай, Alphabet Google-дың іздеу жүйесін алдын ала орнатуға қатысты монополияға қарсы істе жеңіліс тапты. Бұл фактор Alphabet-тің кредиттік рейтингіне (credit negative) кері әсер етті. Мұндай жағдай Apple-ді де айналып өтпейді. Іздеу жүйесінің алыбы Apple-ге веб-браузерлер мен телефондарда әдепкі іздеу жолағын орнату үшін ондаған миллиард қаржы жұмсап отыр деп жазды The Wall Street Journal.
Толығырақ
Moody’s сарапшылары Google-ге қатысты сот шешімі Alphabet-тің кредиттік рейтингіне кері әсер етуі мүмкін деп жазды. «Енді компания мақсатты жарнама саласындағы басым күшке айналдырған өте тиімді бизнес-модельді өзгертуі керек» деп хабарлады The Wall Street Journal. Бұл Apple-ге де кері әсерін тигізеді. Өйткені «компания өте тиімді әрі айтарлықтай мол табыс көзін жоғалтуы ықтимал» деп есептейді Moody’s.
Google мен Apple жағдайға түсініктеме берген жоқ. Ал Alphabet сот шешіміне шағым түсіруді жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді.
Салдары қандай болмақ?
WSJ түсіндіруінше, Moody’s-тің пікірі компаниялардың кредиттік рейтингін автоматты түрде төмендете алмайды, бірақ агенттіктің рейтингке қатысты болашақ шешімдеріне әсер етуі мүмкін. Бұған дейін Moody’s Google-дің жарнамалық және технологиялық бизнесіне қарсы АҚШ-тың екінші талабы кредиттік рейтингке кері әсер еткенін хабарлаған-ды.
Сарапшылар Alphabet-тің шығыны «компанияның өте жақсы несиелік көрсеткіштері, сенімді өтімділігі және кірістілігі» нәтижесінде біршама жеңілдейтінін да алға тартып отыр. Moody’s мәліметтері бойынша, маусым айының соңында Google-дің бас компаниясы қолма-қол ақша және қысқамерзімді инвестиция түрінде шамамен 101 млрд долларға иелік еткен.
Контекст
Вашингтондағы сот 5 тамызда Alphabet іздеу жүйесінде өз монополиясын сақтау үшін заңсыз тәжірибені қолданды деп шешім шығарды. Компания Apple, Samsung және басқа да смартфон өндірушілерге Google-ді әдепкі іздеу жүйесі ретінде алдын ала орнату үшін ондаған жылдар бойы ақша төлеп келеді. Alphabet енді не істеуі керек? Әзірше сот бұл туралы шешімін айтпады.
WSJ-тің хабарлағандай, монополияға қарсы заң сарапшыларының пікірінше, енді Googleе Apple және басқа да компанияларға әдепкі іздеу жүйесін алдын ала орнату үшін ақы төлеу тәжірибесін қолдана алмайды. Morgan Stanley сарапшыларының пікірінше, Google Apple-ге жылына 20 млрд доллар төлейді. Ал Investing.com-ның жазуынша, Safari браузеріндегі іздеу жарнамасынан тапқан қаржысының шамамен 36%-ын аударып отырады. Егер мәміле күшін жойса, iPhone өндірушісінің пайдасы 4-6%-ға кемиді. Қазіргі келісім жоқ дегенде 2026 жылдың қыркүйегіне дейін жарамды. Оның үстіне Apple келісімді біржақты тәртіппен тағы екі жылға ұзартуға құқылы.
Evercore ISI сарапшыларының айтуынша, сот Google мен Apple-дің iOS телефондарына Google іздеу жүйесін орнату туралы келісімін әдепкі қалыппен бұзады.
«Судья Google бұдан былай әдепкі іздеу жүйесін алдын ала орнату үшін ақы төлемеуі керек» немесе «Apple сияқты компаниялар пайдаланушыларға іздеу жүйесін таңдауға мүмкіндік ұсынуы керек» деген шешім қабылдауы мүмкін. Болмаса «тұтынушылардың параметрлерге тиісті өзгертулер енгізуге мүмкіндік берілуі қажет» деген шешімді де естіп қалуымыз ықтимал», – деп хабарлады Investing.com.
Акциялардың жайы
Google-дің бас компаниясы Alphabet-тің А класындағы қағаздары сәрсенбі, 7 тамызда 0,41%-ға, яғни 158,94 долларға дейін нығайды. Кейінгі айда қағаздар 16,86%-ға арзандады, ал жыл басынан бері 13,78%-ға өсті. MarketWatch мәліметтеріне сүйенсек, компанияның акцияларын бақылайтын 64 сарапшының 50-і оларды сатып алуға кеңес береді, ал 14-і бұрын сатып алынған портфельде сақтауды ұсынды.