Жаңалықтар

Қор нарығына шолу: Даймон инвесторларды сабырға шақырды, банктер қорларын қампайтуға кірісті, Трамптың жаңа бастамалары

Қор нарығына шолу/ REUTERS/Mike Segar/File Photo

Goldman Sachs сарапшыларының болжамынша, алдағы бірнеше жылда Қытайдағы артық өндірістік қуаттылық төмендейді. Бұл жағдай елдің экономикалық көрсеткіштеріне әсер етеді. Ал JPMorgan Chase атқарушы директоры Джеймс Даймон АҚШ экономикасының тұрақты боларына сенімді. Өйткені америкалық банктер бірінші жартыжылдықта қорларын едәуір көбейтті. Осы және басқа да тақырыптар туралы 7 тамыздағы шолуымыздан оқыңыз.

Джеймc Даймон: инвесторлар тым аптығып кетті, рецессия қаупі сейілген жоқ

JPMorgan Chase атқарушы директоры Джеймс Даймон, дүйсенбі, 5 тамыздағы сатылым туралы ойымен бөлісті. Ол әлі де болса АҚШ-та рецессияның орын алу ықтималдығы 35-40%-ға тең екенін алға тартты. Оның айтуынша, нарықтағы құлдырау инвесторлардың орынсыз реакциясынан туындаған. «Жалпы алғанда Америкада бәрі ойдағыдай» деп жазды Market Watch.

Қысқасы, Даймон инфляция жақын арада ФРЖ-ның 2%-дық мақсатты көрсеткішіне жетеді деген болжамға күмәнмен қарайды. Сондықтан инвестициялау ісін әрі қарай жалғастыра беруді ұсынып отыр. Тек, барынша сергек болған дұрыс. АҚШ экономикасының дұрыстығын дәлелдейтін негізгі көрсеткіштердің бірі – жұмыс орындарының саны. Жұмыспен қамту деңгейі тұрақты болып тұрғанда, банктердің мұртын балта шаппайды деп сендірді JPMorgan Chase директоры.

АҚШ-тың ірі банктері резервтерін көбейтіп жатыр

Market Watch басылымы банктік есептерге талдау жүргізіп, екінші тоқсанның қорытындысы бойынша америкалық ірі банктердің өз резервтерін аттырғанын анықтады. Осылайша, қаржы ұйымдары ықтимал рецессияға әрі экономиканың баяулау үдерісіне дайындалып жатыр.

Мәселен, АҚШ-тың ең ірі банкі – екінші тоқсанда кірісі 18 млрд доллардан асқан JPMorgan Chase қоржынына қосымша 1,2 млрд доллар жинаған. 30 маусымдағы жағдай бойынша оның жалпы резервтері 3,05 млрд долларға бағаланып отыр. Қордағы қаржы тұтынушылық несиелер мен несие карталарынан туындайтын ықтимал шығындарға арналған.

PNC Financial Services резервін несиелер бойынша туындауы мүмкін шығындар үшін 52%-ға немесе 80 млн долларға дейін арттырып, 235 млн долларға жеткізді. Capital One Financial резервтері 46%-ға өсіп, 3,9 млрд долларға жетті. Bank of America қордағы қаржысын бірінші тоқсандағы 1,319 млрд доллардан екінші тоқсанда 1,508 млрд долларға дейін өсірді.

Банкирлер қазіргі ахуалды «жағдайдың нашарлауы емес, керісінше, қалыпқа келуі» деп бағалап отыр. JPMorgan Chase қаржы директоры Джереми Барнумның айтуынша, резервтердің өсуі алдын ала күтілген әрі ішінара жоспарланған. Өйткені АҚШ-та он жылдық төмен пайыздық мөлшерлемелер аяқталды.

Бұған дейін JPMorgan Chase компаниясының атқарушы директоры Джеймс Даймон банктерді баланстарды сақтауға шақырған-ды. Өйткені тұтынушылар несие карталары бойынша шоттарды төлеуге көбірек уақыт жұмсайды. Ал басқа қарыз алушылар несиелерін төлеуде қиындықтарға тап болады.

Трамп салықты төмендету үшін тың ұсыныстар енгізбек

Республикалық партиядан АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамп сайлауда жеңіске жеткен жағдайда салықты жеңілдетуге септесетін жаңа бастамаларын жариялады. NYT жазғандай, Трамп аз қамтылған америкалықтарды өз жағына тарту үшін әлеуметтік сақтандыру төлемдерінен табыс салығын алып тастауға уәде береді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл бастамаға федералды үкімет он жыл ішінде 1,8 трлн доллар жұмсауы керек. Мұндай жеңілдік жәрдемақыларды төлеуге бағытталған қаржының жылдам жұмсалуына әкеледі. Әрі үкімет оны толық көлемде төлей алмай қалуы да ықтимал.

Айта кетейік, АҚШ Конгресі бағдарламаны уақыт тұрғысынан соза түсу үшін 1980 жылдардағы әлеуметтік қамсыздандыру төлемдеріне салық сала бастады. Қазір 70 млн-ға жуық америкалыққа осындай төлем келмек.

Ал АҚШ-тың сыртқы қарызының қазіргі жағдайы тіпті алаңдатарлықтай күйде тұр. Экономиканың баяулап, салықтық алымдар төмендеген тұста инвесторлардың елдің қарыз міндеттемелерін орындау қабілетіне күмәндануы да әбден мүмкін.

Goldman Қытайда артық қуаттың азайғанын анықтады

Bloomberg хабарлағандай, Goldman Sachs сарапшылары алдағы бірнеше жылда Қытайда артық қуаттың қысқаратынын болжап отыр. Бұл аспан асты елінен әлемдік нарықтарға түсетін тауарлардың төмендеуіне жол ашады. Дегенмен, екі сала қысқартуға ұшырамайды. Бұлар – электромобильдер мен болат өндірісі.

Goldman клиенттерге арнаған есебінде Қытай өндірушілері бірнеше салаға қажетті көп нәрсені жасай алатыны айтылған. Мәселен, литий батареялары мен күн панельдерінің компоненттерін өндіруді алуға болады. Сонымен қатар Қытайдың экономикалық өсімінің төрттен бір бөлігін негізгі жеті сала құрайды. Олардың ішінде күн батареяларын, болат және кондиционерлерді өндіру бар. Жеті саланың бесеуі артық өндіріске ие.

Агенттіктің мәліметінше, қытайлық күн модульдерін өндіру қуаты қазір әлемдік сұраныстың 200%-ын құрайды, ал литий батареялары шамамен 150%-ға тең. Артық ұсыныс 2023 жылдың басынан бастап бағаның 55%-ға төмендеуіне әкеліп соқтырды. Бұл инвестицияның тартымдылығын төмендетті. Сарапшылардың пікірінше, ұсыныс сұраныспен теңескенге дейін тағы екі-үш жыл керек.