Үкімет су тасқынынан зардап шеккен халыққа берілген баспана санын жариялады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Су тасқынан зардап шеккен халық жаңа баспана алып жатыр / Фото: kursiv.media архиві

Су тасқынынан зардап шеккен 5 239 отбасы жаңа баспана алды. Оларға арнайы салынған үй және сатып алынған пәтер берілді. Су басқан облыстарда тұрғын үйлерге келген шығынды бағалау толық аяқталған.

Үкімет баспасөз қызметінің хабарлауынша, 4769 отбасы қираған баспанасының орнына жаңа үй мен пәтер алған. Сонымен қатар зардап шеккен өңірлерде 2568 жаңа үй құрылысы жүріп жатыр.

Оның ішінде 470 нысан бойынша жұмыс толығымен аяқталып, тұрғындарға баспана табысталған. Солтүстік Қазақстан облысында құрылысы аяқталған 285 үй, Қостанай облысында – 57, Батыс Қазақстан облысында – 80, Ақтөбе облысында – 43 және Павлодар облысында – 5 үй пайдалануға берілді.

Су басқан облыстарға тұрғын үйлерді тексеру мен бағалау 100% аяқталған. Жалпы сомасы 49,3 млрд теңгеге 8 853 отбасы тұрғын үйді жөндеу және қалпына келтіруге тиісті төлем алған.

Алайда тасқын су басқан өңірлердегі 40 білім беру нысанының тек бесеуі ғана қалпына келтірілген.

Су басқан аймақтарда зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жалғасып жатыр. Өңірлік комиссиялар жалпы сомасы 7,9 млрд теңгеге ШОБ субъектілерінің 455 өтінімін қарап мақұлдаған. Су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлердің шығынын өтеу үшін Үкімет резервінен 12,1 млрд теңге қаражат бөлінген.

 25 шілде күні премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлердің үштен бірі ғана өтемақы алғанын айтты. Қаражат өңірлерге Үкіметтің резервінен бөлінгенімен, өтініш берушілердің үштен біріне ғана жеткен. Осыған байланысты вице-премьер «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ескертулерін назарға ала отырып, бизнеске төлем жасаудың әдістемесін пысықтауды, оның ішінде АӨК кәсіпкерлеріне келтірілген залалды өтеуді тапсырды.

Суға кеткен мал үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты.

Сондай-ақ оқыңыз