Қазақстан бюджетіндегі дағдарыс: салық түсімдері азайып, Ұлттық қордан бөлінген трансферт таусылып барады

Жарияланды
Қазақстанның бюджет тапшылығына не әсер етіп отыр / Коллаж: .kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Республикалық бюджеттің дағдарысы — бұл мемлекеттік бюджет тапшылығымен, қаржылық қиындықтарымен сипатталатын жағдай. Бюджетке түсетін салықтың жоспарлы орындалмауы мен шығыс бөлігінің өсуі бюджеттік дағдарысқа алып келеді. Соңғы мәліметтерге назар аударсақ, республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің атқарылуы нашарлаған. Соның ішінде ел қазынасына салықтың түсуінде үлкен алшақтық сақталып келеді. Сондай-ақ Ұлттық қордың республикалық бюджет тапшылығын жоюға бағытталған «кепілдендірілген» трансферті жарты жылда таусылғаны алаңдатады. Себебі мемлекеттің бюджет шығысының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталған. Әлеуметтік сектор – төлем міндеттемелерінің орындалуы, әлеуметтік қамсыздандыру сияқты ағымдағы шығындардың үздіксіз төленуін талап ететін сала.

Қаржы министрлігінің 2024 жылдың 1 шілдесіндегі ақпараты бойынша, республикалық бюджеттің (РБ) кірісі 16,7%-ға орындалмаған. Бұл дегеніміз республикалық бюджет кірісі 2024 жылдың І жартыжылдығында 1,7 триллион теңгеге кем деген сөз. Салықтық түсімдердің жарты жылдағы орындалуы 75,9%-ды құрап отыр. Бюджетке төленетін басты әрі негізгі салықтық төлемдерге мән берсек, қосылған құн салығының орындалуы (ҚҚС) – 71,8%, ал корпорациялық табыс салығының (КТС) орындалуы – 71,0%. Бұл  салықтық түсімдердің орындалмауы әсерінен республикалық бюджетке ҚҚС бойынша 874 миллиард теңге, ал КТС бойынша 614 миллиард теңге  салық төленбеген.

Ақпан айынан бері салықтық түсімдердің орындалуы нашарлап келеді

2024 жылдың ақпан айында республикалық бюджеттегі салықтық түсімдердің орындалуы 82,2%-ды құрады. Бұл – кейінгі 6 айдағы ең жоғары көрсеткіш. Наурыз айындағы салықтық түсімдердің орындалуы – 78,9%-ға түссе, сәуірде – 77,1%-ға,  мамыр айында 76,5%-ға дейін төмендеп, ал шілденің қорытындысы 75,9%-ды көрсетті. Осылайша республикалық бюджетке салықтық түсімдердің түсуі ай сайын нашарлап келеді.

Есесіне жергілікті бюджет кірісінің орындалуында жақсы көрсеткіш бар

2024 жылдың І жартыжылдығында жергілікті бюджеттің атқарылуы және кірістің орындалуында жақсы нәтиже бар. Мәселен, салықтық түсімдердің орындалуы – 122,3%. Оның ішінде табыс салығының түсімі – 128,1%, жеке табыс салығы – 120,5%, әлеуметтік салық – 115,7%, ал меншік салығы бойынша асыра орындалу 118,5%-ды құрап отыр.

Трансферттің таусылуы

Қаржы министрлігінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебінде, бюджет тапшылығын жабу үшін ұлттық қордың жоспарлы трансфертінің басым бөлігі игерілгені жазылған. Еске сала кетейік, 2024 жылы бекітілген бюджетте  Үкімет Ұлттық қордан республикалық бюджетке 3,6 триллион теңге көлемінде трансферт алады. Оның ішінде:  Ұлттық қордан кепілдік берілген трансферт – 2 триллион теңге, ал нысаналы трансферт -1,6 триллион теңге.

Маусым айының қорытынды есебінде, Үкімет жарты жылда жалпы ҰҚ трансфертінің 76,4% қаржысын игеріп үлгірген. Ал оның ішінде кепілді трансферттің 92,5%-ын, ал нысаналы трансферттің 56,3% қаржысын алған. Осылайша, Үкімет 2024 жылдың ІІ жартысына белгіленген жалпы ұлттық қор транфертінің 23,6%-ын қалдырды. Кепілді трансферттің мақсаты ағымдағы шығындарды жабуға, бюджет тапшылығын қысқартуға бағытталатынын ескерсек, атқарушы билік жарты жылда бұл трансфертті толық жұмсап бітті деп айтсақ қателеспейміз.

Тапшылықтың күрт өсуі

2024 жылдың алғашқы 6 айында Қаржы министрлігінің жоспары бойынша республикалық бюджеттегі тапшылық 788 миллиард теңге көлемінде қалыптасуы тиіс болған. Алайда 1 шілдедегі есепке назар аударсақ, бюджет тапшылығы  (-1,9 триллион) теңгеге дейін көтерілген.

Бюджет тапшылығын ЖІӨ үлесінде 2%-ға дейін азайту

Бекітілген республикалық бюджетте Қаржы министрлігі ағымдағы жылы оның тапшылығы ЖІӨ 2,6% ретінде қалыптасады деп отыр. Ал мұнайға қатысты емес тапшылықтың ЖІӨ-дегі үлесі 6,5%-дан аспауы керек. Үкімет бекіткен 2030 жылға қарай мемлекеттік бюджетті басқарудың тұжырымдамасында Республикалық бюджеттің тапшылығы ЖІӨ үлесінде 2%-дан аспауы тиіс. Мұнайға қатысты емес тапшылық үлесі 5% деңгейінде қалыптасу тиіс деп есептейді. Сондай ақ бұл тұжырымдамада Ұлттық қордың валюталық активтерін 2030 жылы 100 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту көзделген.

Республикалық бюджеттің тапшылығы айқын байқалады. Кіріс көзінің нашарлауы оның ішіндегі салық түсімдерінің төмен орындалуы және тапшылықты жоюға бағытталған ҰҚ-дың кепілді аударымдарының таусылуы бюджет дағдарысына алып келді. Үкімет биыл «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының акцияларын сатып алу арқылы қосымша бюджетке 467,4 млрд теңге тартпақ. Дегенмен де бұл қаржы да бюджет тапшылығын жабуға жетпейді, себебі тапшлық көлемі тек жарты жылдың қорытындысы бойынша 1,9 триллион теңгені құрап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз