Жаңалықтар

Қызылордада 16 жасар қызды жезөкшелікке итермеледі деген күдікпен мектеп оқушыларына қатысты іс қозғалды

Қыз баланы жезөкшелікке итермелеу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды / shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қызылорда қаласында 16 жасар оқушы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Зардап шеккен қызбен кездесуге бала құқықтары жөнінде уәкіл барды.

«Аймақтық бала құқықтары жөніндегі уәкіл зардап шеккен қызбен және оның отбасымен кездесті. Қазіргі уақытта облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары оған қажетті психологиялық және медициналық көмек көрсетуде», – делінген Оқу-ағарту министрлігінің Бала құқықтарын қорғау комитетінің хабарламасында. 

Комитеттің ақпаратына сүйенсек, іске байланысты құқық қорғау органдары тергеу амалдарын бастаған.

Оқиға туралы бірінші болып «Не Молчи KZ» ұйымының әлеуметтік желідегі парақшаларында жазылды. Оларға жәбірленуші 16 жасар қыздың анасы жүгінген.

«Ақпан айынан бері 16 жасар қызымды күштеп ұстаған. Бізді және қызымды пышақпен қорқытып, оны жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Бұған оның сыныптастары мен олардың бірінің әпкесінің қатысы бар. Қызым олардан қорқып, үйге келіп, қысымға шыдамай қайта кетіп қалып жүрді», – деген анасы.

Қыз бала қорыққаннан оқиға туралы ешкімге айтпаған. Оның үйге қайтпай жүргені туралы ата-анасы мектеп басшылығы мен полицияға да шағымданған. 

«Не Молчи KZ» ұйымының ақпаратына сүйенсек, күдіктілер қызды есірткіге отырғызып, зорлап, ақша бопсалаған. Соңғы рет жәбірленушіден 1 млн теңге көлемінде ақша беруді талап еткен. 

Балалар омбудсмені Динара Закиева оқиға бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сот-медициналық сараптамасы тағайындалғанын айтты.

Қазақстанда «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заң 15 маусымнан бастап өз күшіне енген.