Түркияда қазақстандық туристер отырған автобус апатқа ұшырап, 13 адам зардап шекті
Түркияда қазақстандық және ресейлік туристер отырған шағын автобус жол апатына түскен. Барлығы 13 адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі шағын автобуста төрт қазақстандық болғанын хабарлады.
«ҚР консулының ақпараты бойынша, отандастарымыздың жағдайы жақсы. Медициналық көмек қажет емес. Барлығы қазір қонақүйде», – делінген хабарламада.
Muglagazetesi басылымының ақпаратына сүйенсек, шағын автобус Мугла қаласының Миляс ауданында аударылған. Апат туралы ақпарат жергілікті құтқару қызметіне таңғы 7-де түскен. Оқиға орнына жедел жәрдем, полиция және өрт сөндірушілер жіберілген.
Құтқарушылар оқиға орнына келіп, туристерді автобустан алып шыққан. Дәрігерлер оларды ауруханаға жеткізіп, полиция тергеуді бастады.
7 тамызда Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарды Бангладеш Халық Республикасына бармауға, ал қазір осы елде жүрген азаматтарды үйден шықпауға шақырған. Бангладеште қазір жаппай наразылық акциялары болып жатыр.
6 тамызда Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы елшілігі бірқатар өңірлерде жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қазақстан азаматтарына Ротерхэм, Болтон, Блэкпул, Халл, Бристоль, Сток-он-Трент, Белфаст, сондай-ақ Манчестер және Ливерпуль қалаларында жағдай тұрақтанғанша, бұл қалаларға барудан бас тартуды ұсынған.