Жаңалықтар

Жоғары балл жинаған түлектердің грант алмауына шенеуніктер кінәлі ме әлде заңда олқылық бар ма?

Түлектердің грант алмауына шенеуніктер кінәлі ме? / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Жоғары балл жинаған түлектердің мемлекеттік грантқа ие болмауына шенеуніктерден бөлек заңдағы олқылықтар да әсер еткен болуы мүмкін. Бұл туралы «Курсивке» Ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа беруге ниетті мектеп түлектерінің адвокаты Халида Әжіғұлова айтып берді.

«Осы жағдайға алып келген заң бұзушылықтарды анықтау үшін мемлекеттік білім беру гранттарын беруге байланысты министрліктің барлық бұйрығы мен заңнамасын мұқият зерделеп жатырмыз. Талапкерлердің әділетсіздікке ұшырағаны айдан анық. Енді осы жағдайға не себеп болғанын анықтау маңызды. Шенеуніктердің істі жете білмейтіндігі ме әлде заңнамадағы олқылықтар ма?», – деді адвокат.

Әжіғұлова әлеуметтік жағдайға байланысты бір балаға жоғары білім алу құқығын беру кезінде екінші баланың құқықтары бұзылмауы керек екенін айтып, құқықтық демократиялық мемлекетте мұндай кемсітушілікке жол берілмейтінін атап өтті.

«Мемлекеттік грантты үздік түлектер алуы тиіс. Әрине, әлеуметтік теңсіздікті жою үшін квота беруде маңызды. Әртүрлі жағдайға байланысты дайындала алмаған түлектерге квота берген дұрыс. Алайда мұндай квоталарға жеке бюджет бөлінуі қажет немесе басқа көздерден қаржыландырылуы керек: университеттердің жеке гранты, жергілікті бюджеттен немесе «Қазақстан Халқына» қорынан», – дейді ол.

Адвокаттың айтуынша, төтенше жағдайға байланысты грантты жалпы грант есебінен алу арқылы көптеген үздік түлектің жоғары білім алу құқығы бұзылған.

«Балаға жоғары білім беру кез келген қазақстандық отбасының қолынан келе бермейді. Бұл отбасылық бюджеттегі шығындардың маңызды бөлігі. Ал бюджет болмаса, талапкер жоғары білім алмауы да мүмкін. Себебі іс жүзінде әрбір отбасының несиелері бар және қосымша қарызға кіруден бас тартуы мүмкін», – деді құқық қорғаушы.

Ол министрліктің жауапкершілікті түлектердің өзіне артып қойғанын айтады. Ғылым және жоғары білім Саясат Нұрбектің грант ала алмай алған түлектерге қосымша грант алу мүмкіндіктері туралы айтқан сөзінің де жөн еместігін ескертеді.

«Министр түлектерге қосымша грант алу мүмкіндіктері туралы айтады. Неге министрлік сол қосымша мүмкіндіктерге жүгініп, төтенше жайдайға байланысты гранттарды сол жақтан алмаған. Неге бюджетті қайта қараудың әсерінен біреуге жақсылық жасап, екінші біреудің құқығы бұзылуы керек?», – деді адвокат.

7 тамызда Ұлттық бірыңғай тестілеу балы жоғары болса да, грант ала алмай қалған мектеп түлектері Ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа беретіні белгілі болған.

6 тамызда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары балмен грантқа ілінбей қалған абитуриенттерге қосымша 10 мың грант бөлінетінін айтқан. Жоғары балл жинаған балалардың тізімі ректораттарға жіберіледі.