Қазақстандағы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің дамуына мемлекеттік қолдау кедергі келтіріп отыр – Halyk Finance

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Дамыған елдерде ауыл шаруашылығы кооперативтері кең тараған / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ауыл шаруашылығы кооперативтері шағын фермерлерге ірі кәсіпорындармен бәсекелесуге, өндіріс пен өнімділікті арттыруға, басқа нарықтарға шығуға көмектесе алады. Halyk Finance талдау орталығының сарапшысы Санжар Қалдаров осылай деп есептейді.

Ауыл дамымай, мемлекет дамымайды

Оның айтуынша, дамыған елдерде ауыл шаруашылығы кооперативтері кең тарағанына қарамастан, Қазақстандағы фермерлер мен шаруа қожалықтарының басым бөлігі кооперативтерге мүше емес.

«Елімізде кооперативтік модельдің тұрақты дамуы үшін тауар өндірушілер арасындағы ынтымақтастықты тереңдету керек. Ал ол үшін қолайлы бизнес-орта құрып, қолданыстағы мемлекеттік қолдау тетіктерін қайта бағдарлау қажет. Сонымен бірге, білім беру және ақпараттық бағдарламаларды әзірлеу арқылы халықтың, әсіресе, ауыл халқының білім деңгейін көтеру маңызды», – деп есептейді сарапшы.

Ауыл шаруашылығы кооперативтері шаруаларға не береді?

Санжар Қалдаровтың пайымынша, Қазақстандағы шағын ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер көптеген қиындыққ тап болады. Оларға өнімді жинау мен тасымалдаудың өзі күрделі жұмыс. Азық-түлік қауіпсіздігінің тәуекелдері де жоғары, өнім сапасы да біркелкі емес.

Осыған байланысты талдау орталығының маманы ауылшаруашылық кооперативтері шағын фермерлерге өнімділікті арттыруға, қаражатты үнемдеуге, басқа жеткізу тізбегінің қатысушыларымен келіссөздер жүргізуге көмектесе алады деп есептейді. Сондай-ақ білім мен технологияларға қол жеткізуге ықпал етеді.

«Кооперация өнімді өндіруді, сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді бірлесіп ұйымдастыру, негізгі өндіріс құралдарымен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді біріктіреді. Сол арқылы тауарларды өндірудегі шығындарды азайтуға және оларды тұтынушыларға жеткізуге әсер ете алады. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы теңгерімді дамиды. Сонымен қатар, мұндай кооперативтерді құру ұжымдық кепілдіктер беру мүмкіндігімен және жеке ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен салыстырғанда олардың дефолтқа ұшырау қаупінің төмендігімен байланысты қаржы институттарының несиелік қызметінің тартымдылығын арттырады», – деп түсіндірді маман.

Сала дамуы өте баяу

Қазақстанда «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заң сонау 2015 жылы қабылданғанымен, республикада бұл институт әлі тиісті деңгейде дамымай келеді. Соңғы жылдары Үкімет ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуды қолдауға, әсіресе, құқықтық реттеу тұрғысынан бірқатар маңызды реформаларды енгізді. Бірақ жалпы ілгерілеу өте баяу.

Статистика бойынша, 2023 жылдың аяғында елде 3911 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелді. Олардың мүшелері шамамен 39,4 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші. Оның ішінде:

  • 55% үй шаруашылықтары;
  • 44% шаруа және фермерлік қожалықтар және жеке кәсіпкерлер;
  • 1% ауыл шаруашылығы кәсіпорындары бар.

Кооперативтер көп, бірақ шаруалар оған мүше болуға асығар емес. Неге?

2023 жылдың соңында Қазақстанда 1,9 млн-нан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші жұмыс істеді. Яғни жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 2%-ы ғана кооперативтерге мүше.

Қазақстандағы кооперативтердің жалпы саны дамыған елдермен шамалас. Кейбір жағдайларда олардан асып түседі. Алайда оларға мүше болғандар саны шектеулі. Еуропа елдерінде және АҚШ-та ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жалпы санындағы кооператив мүшелерінің үлесі 90%-дан асады. Басқаша айтқанда, Батыс елдеріндегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің барлығы дерлік кооперативтерге мүше.

«Қазақстанда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің сұранысқа ие болмауының басты себебі – нарықтық механизмдерді алмастырған мемлекеттің жан-жақты қолдауы. Бүгінде ауыл шаруашылығындағы жеке бизнес негізінен мемлекеттік қолдауға тәуелді болып, бәсекелестік арқылы жұмыс істеуге мүдделі емес. Жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілері ең қолайлы уақытта да мемлекет тарапынан оларға әрқашан қаржылық қолдау көрсетілетініне үлкен сенім артады. Мұндай жағдайда фермерлердің кооперативтерге бірігуге және олардың өнімділігін арттыруға ынтасы жоқ», – деген ойымен бөлісті спикер.

Еске сала кетсек,  2024 жылдың І жартыжылдығында ауыл шаруашылығындағы нақты көлем индексі 3,4% өсті. Алайда ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау артқанымен, инвестиция мен несие беру нашарлаған.

2024 жылдың 1 шілдесіндегі Ұлттық банк есебіне назар аударсақ, екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығы саласына несие беруі 3 ай қатарынан төмендеп келеді. 

Сондай-ақ оқыңыз