Жалға берілетін пәтер бағасы құбылып тұр. Оқу жылы қарсаңында тағы қымбаттай ма?
Қазақстанның барлық ірі қаласында пәтерді жалға беру бағасы өскен. Мәселен, маусым айының аяғынан тамыз айының басына дейін орта есеппен көрсеткіш 3,6%-ға артты.
Krisha.kz сарапшыларының мәліметінше, баспананы жалдау құны Орал (+10%), Астана, Алматы, Ақтау (әрқайсысы +7%), Ақтөбе, Көкшетау, Қонаев (әрқайсысы +5%) қалаларында ең жоғары динамика көрсетті.
Баға жыл соңына дейін өсе береді
Сонымен қатар пәтерді жалға беру нарығындағы белсенділіктің өзгергенін байқауға болады. Атап айтқанда, жарнамаларды қарау статистикасы бір жарым-үш есеге артқан. Айта кетейік, өткен жылы шілде-тамыз айларында белсенділік 70%-ға өскен. Тұрғын үй саласы бойынша сарапшы Мәдина Болатханқызы пәтер жалдау бағасының өсуі маусымдық құбылыс деп есептейді. Оның айтуынша, баға қазірден бастап, желтоқсан айына дейін арта береді, соған қарамастан клиенттер тарапынан сұраныс та дамылдамайды.
«Пәтер жалдаудың орташа ақысы, әдетте тамыз айынан бастап, жылдың соңына дейін қымбаттайды. Себебі қалаға ауыл-аймақтан студенттер келеді. Оларға жатақханаларда орын жетпейді. Пәтерді жалдау құны қаншалықты қымбаттаса да, оны алуға тура келеді», – деді маман.
Сарапшының айтуынша, әсіресе, колледж, университеттерге жақын маңдағы тұрғын үйлердегі жалдамалы пәтерлер бағасы шарықтап кетеді.
«Ауылда тұратын адамдардың балаларына үй алып беруге шамалары жетпейді. ЖОО-лар студенттерді жатақханалармен толық қамти алмайды. Нәтижесінде нарықта осындай жағдай туындайды», – деп түсіндірді Мәдина Болатханқызы.
Пәтер жалдау қанша тұрады?
Мәселен, елордада маусым айында бір бөлмелі пәтер жалдау орта есеппен 160 мың теңге тұратын. Бүгінде баға 20 мың теңгеге, яғни 180 мың теңгеге дейін өсті.
Алматыда бір бөлмелі пәтерлердің орташа бағасы өзгерген жоқ. Есесіне екі және үш бөлмелі пәтерлердің бағасы 15-20 мың теңгеге артты.
«Кейбір қалаларда бір бөлмелі пәтерлер бағасының өсуі байқалады. Дәлірек айтсақ, маусым айындағы бағамен салыстырғанда 10-15 мың теңге қосқан», – деп хабарлады Krisha.kz сарапшылары.
Жатақхана жайы …
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының дерегінше, мегаполисте 35 ЖОО орналасқан. Онда 199 мыңнан астам студент оқиды. Ал олардың 124 мыңы өзге қаладан (62%-ы) келеді. Нақтырақ айтқанда, жатақханаларда 28,7 мың орын тапшы. Бұл мәселені жергілікті билік, оқу орындарының басшылығы қалай шешпек?
2024 жылы 5 752 орынды қамтитын 11 нысан пайдалануға берілмек. Оның төртеуі тамыз айында іске қосылмақ. Алайда мұның өзі студенттер мәселесін шеше алмайды. Осы орайда шаһар басшылығы арнайы жол картасын құрып, алдағы алты жылға үміт артып отыр.
«2025 жылдың соңына дейін 12 мың төсек-орын, ал 2030 жылдың соңына дейін тағы 20 мың төсек – орын құру жоспарланған, бұл жатақхана тапшылығы мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді”, – деп уәде етті басқармадағылар.
Бұған дейін студенттерге жатақхана беру ережесі өзгерді. Енді оқу орны басшылығына бұрынғыдай өтінім жазып, арыз қалдырудың қажеті жоқ. Өтініш ұялы телефондағы eGov.kz веб-порталы арқылы қабылданады.