Ресейдің Курск облысындағы әскери шиеленістен кейін Еуропада газ қымбаттады

Жарияланды
сұйытылған газ, автогаз
Еуропада газ бағасы 5,5%-ға қымбаттаған / Фото: kursiv.media

Еуропада газ қымбаттап жатыр. Бағалардың көтерілуіне Ресейдің Курск облысына Украина әскерінің шабуылы әсер еткен. Украина қарулы күштері өңірдегі Еуропаға газ айдайтын «Газпромның» жалғыз «Суджа» бекетін басып алған.

Соның салдарынан, сәрсенбі, 7 тамызда Еуропада газ бағасы 5,5%-ға көтеріліп, 38,7 еуроны құраған.

Баға белгілеулерінің өсуі нәтижесінде голландиялық TTF фьючерстері 2023 жылдың желтоқсан айының басынан бергі ең жоғары көрсеткішке дейін көтерілген.

Айта кетейік, 7 тамыз күні таңертең Украина әскерінің Курск облысына кіргені туралы хабар тарады. Сол күні кешке қарай 25 шақырымдай алға жылжып, он шақты елдімекенді, сондай-ақ Суджа жанармай бекетін басып алған.

«Бұл «газ кедені» бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп тұрған жалғыз бағыт. Бекет арқылы Ресейден Еуропаға тасымалданатын барлық газ құбырлары өтеді», – дейді Берлиндегі Ресей және Еуразиялық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Сергей Вакуленко.

Украинаның газ тасымалдау жүйесінің операторы Суджа бойынша газ транзиті қалыпты түрде жүргізілетінін мәлімдеген.

Сарапшылар бұл бекет жұмысы тоқтаса, 2021 жылмен салыстырғанда 80%-ға құлдыраған Ресейден Еуропаға жеткізілтін газ көлемі тағы екі есе қысқаруы мүмкін екенін айтады.

Ресей өз газын Еуропа елдеріне Түркия бағыты бойынша да жеткізеді. Бұл бағыт бойынша шілде айында газ тасымалдау көлемі артқан. Бұл бағытта Еуропаға жеткізілген газ көлемі бірінші жартыжылдықта 40,5 пайызға өсіп, 9,26 миллиард текше метрді құраған. Шілде айында Түркия бағыты арқылы айдалған газ көлемі 1,5 млрд текше метрден асқан. Бұл маусым айындағы көрсеткіштен 29%-ға көп. Ал жылдық көрсеткіште өсім 9%-ды құраған.

Еске сала кетсек, Украина әскері Ресейдің Курск облысына 7 тамыз күні басып кірді. Ресей президенті Владимир Путин мұны арандату деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз