Алакөлдегі апаттан кейінгі тексеріс: Көлік министрлігі 3 әуе компаниясы мен 4 ұшқышты әкімшілік жауапкершілікке тартты

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тамызда 6 әуе нысанын пайдаланушыға тексеріс жүргізеді / коллаж kursiv.media (caa.gov.kz и t.me/qr_tjm), бильд-редактор: Денис Андреев

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі жүргізген тексерулер нәтижесінде шағын авиацияға жататын 3 әуе компаниясы мен 4 ұшқыш әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл жайлы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Шілде айында 10 авиакомпанияны іріктеп тексеру жүргізілді. Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Қазақстанның авиациялық әкімшілігі жүргізген тексерулердің нәтижесінде шағын авиацияға жататын 3 әуе компаниясы мен 4 ұшқышқа ҚР Азаматтық авиация саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бұзғаны үшін 11 айыппұл салынды»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Көлік министрінің тапсырмасына сәйкес АН-2 ұшақтарын тексеруге қатысты жеңіл және аса жеңіл азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларды жоспардан тыс тексерген.

Жоспардан тыс тексеру барысында әуе кемелерін пайдалану кезінде азаматтық авиация саласында мынадай бұзушылықтар анықталған:

  • Әуе командирінің ұшқыштың қолданыстағы куәлігінсіз ұшуды жүзеге асыруы бойынша 4 факт тіркелген.
  • Ұшу құжаттамасы болмаған;
  • Әуе кемесінің техникалық қызмет көрсету құжаты орталыққа жіберілмеген.

Министрлік жоспардан тыс тексеру жұмыстары жалғасатынын хабарлайды. Ал тамызда 6 пайдаланушыны тексеру жоспарланып отыр.

Еске сала кетсек, 25 шілде күні Алакөлдің үстінен ұшқан дельтаплан суға құлаған болатын. Апат кезінде адам шығыны болмады.

29 шілде күні азаматтық авиация комитеті дельтапланның Қазақстанда тіркелмегенін және ұшуға рұқсат сертификаты болмағанын хабарлады. Оған қоса, дельтаплан ұшқышының қолданыстағы куәлігі де болмаған.

Ал мұның алдында Ақтөбе облысында дельтаплан апатқа ұшырап, ұшқыш қаза тапты. Әуе кемесі «Самғау АГРО» ЖШС-ге тиесілі болған. 

Апаттардың жиілеп кеткеніне байланысты Азаматтық авиация комитеті әуе құралын таңдағанда қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Комитет бірінші кезекте әуе кемесі иесінің уәкілетті органдар берген барлық қажетті лицензиясы мен сертификаты бар екеніне көз жеткізу маңызды екенін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыз