Прокурорлар Forbes тізіміндегі кәсіпкердің мұнай компаниясына 4,2 миллион текше метр газ жоғалтқаны үшін айыппұл салды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Мұнай компаниясы мемлекетке 673 миллион теңге залал келтірген / Фото: архив kursiv.media 

Атырау облысының прокуратурасы Қазақстандағы ең  дәулетті кәсіпкердің бірі Сағат Түгелбаевқа тиесілі «ANACO» ЖШС-не 285 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салды. Прокурорлар мұнай компаниясының мемлекетке аса көп мөлшерде залал келтіргенін анықтады.

Облыстық прокуратура ұсынған мәліметке сүйенсек, «ANACO» ЖШС 2018-2023 жылдар аралығында көлемі 4 237 248 текше метр шикі газдың жоғалуына жол беріліп, жер қойнауын ұтымсыз пайдаланған.

«Бұл «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің 125-бабы 2-тармағы және 147-бабы 4-тармағының талаптарын өрескел бұзу болып табылады (көмірсутектерді өндіру оның жоғалуын болдырмайтын әдістер мен тәсілдер арқылы жүзеге асырылуы керек). Қадағалау актісінің негізінде Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының батыс өңіраралық басқармасымен мемлекетке келтірілген залал мөлшері есептеліп, 673 130 278 теңгені құрады», – делінген прокуратура хабарламасында.

 Жер қойнауын пайдаланушы ерікті түрде жалпы залалдың 285 млн теңгесін төлеген.

Сағат Түгелбаев жайлы не белгілі?

Сағат Түгелбаев «ANACO» мұнай өндіруші ЖШС-нің мажоритарлық акционері. Компания «Қырықмылтық» кен орындарын басқарады. Кәсіпкер сонымен қатар мұнай-газ саласына жабдықтар шығаратын және қызмет көрсететін «Атыраунефтемаш» ЖШС, «Premium ANACO» ЖШС саудасы мен «Белкамит инжиниринг» ЖШС-ні бақылайды.

Түгелбаев Forbes журналы жыл сайын жариялайтын дәулетті қазақстандықтар тізіміне де енген. Ол ең дәулетті  75 бизнесмендердің ішінде 68-орында тұр.

Сондай-ақ Сағат Түгелбаев 1992-1994 жылдар аралығында Атырау облысының әкімі қызметін де атқарған.

Еске салсақ, осыған дейін Атырау соты Тимур Құлыбаевтың компаниясына 1 млрд доллардан астам айыппұл салған болатын. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС қызметіне тергеу жүргізді. Нәтижесінде компанияның нарықтағы үстем жағдайды теріс пайдалағаны анықталған.

Атырау облысының прокуратурасы «Каспий нефть» АҚ компаниясына 13,6 млрд теңге айыппұл салынғанын хабарлады. Аталған мұнай компаниясы да экс-президенттің куйеу баласы Тимур Құлыбаевқа тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз