Қор нарығына шолу: BlackRock бигтехқа қарсы, Nikkei құлдырады, дамушы нарықтардың әлеуеті

Жарияланды
Қор нарығына шолу / REUTERS/Issei Kato/File Photo

BlackRock активтерінің әлемдегі ең ірі басқарушысы үш биржа қорын құруды жоспарлап отыр. Бұл қорлар «Таңдаулы жетіліктің» акцияларынсыз-ақ жұмыс істейді. Жапония Банкінің қазіргі аяқ алысынан кейін Nikkei акциялары қайта төмендеп жатыр. АҚШ-тағы кірістіліктің төмендеуіне қарамастан, дамушы нарықтарға салынған инвестициялар артып отыр. Осы және өзге де тақырыптар туралы 8 тамыздағы шолуымыздан оқыңыз.

BlackRock технология алыптарынсыз-ақ биржа қорларын құрады

BlackRock активтерінің әлемдегі ең ірі басқарушысы технологиялық алыптарға иек артпай-ақ, үш биржа қорын құруды жоспарлап отыр. Бұл инвесторларға «Таңдаулы жетілікке» қарсы тұруға немесе олардан мүлдем қашық жүруге жол ашады, деп жазды Bloomberg. Уолл-Стрит активтердің «Таңдаулы жетілікке» шоғырлану қаупі туралы дауласып жатқанда, BlackRock ETF ұйымдастыруды қолға алды.

«Бұл нарықтағы концентрацияның екіге жарылуын көрсетеді. Сіз оған қарсы жүресіз немесе бойды мүлдем аулақ ұстайсыз. Яғни, екінің бірін таңдайсыз», – дейді Bloomberg Intelligence компаниясының ETF талдаушысы Афанасиос Псарофагис.

Естеріңізге сала кетейік, жеті компания – Tesla, Apple, Meta Platforms, Nvidia, Alphabet, Amazon, Microsoft компаниялары S&P 500 және Nasdaq 100 индекстеріндегі пайданың көп бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Бұл бақылаушылардың алаңдаушылығын тудырды. Аталған компаниялар жаппай сатылым кезінде тұтас нарықты өздерімен бірге төменге сүйрейді. Бұған осы аптада көзіміз анық жетті. BlackRock жаңа ETF құра отырып инвесторларға ІТ-алыптарының қағаздарының жаппай сатылымынан ақша табуға мүмкіндік береді.

Таиланд Қытай импортына тарифтерді көтеруге шақырды

Asia Financial хабарлағандай, Таиландтың өнеркәсіп федерациясы Қытайдың арзан импорты жергілікті өндірушілерді «тұншықтырып» жатқанын ескертті. Осының салдарынан ай сайын жүздеген фирма жабылуға мәжбүр. Бизнесмендер үкіметті Қытайдың арзан тауарлар ағынынан тарифті көтеру арқылы қорғауға шақырды. Әйтпесе жергілікті өндіріс секторы құлдырай бермек.

Таиланд өнеркәсіп федерациясының (FTI) мәліметтеріне сүйенсек, Қытайдың арзан тауарларынан 20-дан астам сала зардап шеккен. Әрі Temu онлайн-дүкенінің (Қытайдың электронды коммерция платформасы) пайда болғалы жағдай одан сайын нашарлайды деген болжам бар. Бірінші жартыжылдықта 667 зауыт жабылған (айына 100-ден астам зауыт). Бұл цифр өткен жылмен салыстырғанда 86%-ға өсіп отыр. Бірінші тоқсанда Таиландтың электр құрылғылары мен автомобильдерінің нарықтағы үлесі тұтас АСЕАН аймағы бойынша айтарлықтай төмендеді.

Ең көп зардап шеккен секторлардың қатарында болат, тоқыма және киім өндірістері, сонымен қатар тұтыну тауарлары секторы бар.

Жапония Банкінің қазіргі аяқ алысынан кейін Nikkei акциялары қайта төмендеп жатыр

Бейсенбі, 8 тамызда Азияның негізгі қор индекстері көп қырлы динамиканы көрсетті. Мәселен, Nikkei 0,84%-ға төмендеді. Topix 1,11%-ға кеміді. Инвесторлар Жапония Банкінің пайыздық мөлшерлемені көтеруіне дәл осылай жауап беріп отыр.

Шілде айындағы сессиядан кейін жарияланған хаттамаларға сәйкес, Жапония Банкінің кейбір басқарма мүшелері пайыздық мөлшерлемелерді көтеруді жалғастыру қажет деп санайды. Ал дауыс берген басқарма мүшелерінің бірі ставканы кем дегенде 1%-ға арттыру керек екенін алға тартты. Сонымен қатар, отандық чиптердің қорлары айтарлықтай төмендегені туралы ақпараттан соң, жапондық акциялар қысымға ұшырады, деп жазды Asia Financial.

Қытайдың қор нарығы көршілеріне қарағанда біршама тұрақтылық көрсетті. Өйткені инвесторлар елдегі экономикалық белгісіздікке қарамастан қазір қытайлық активтерді салыстырмалы түрде қауіпсіз инвестиция ретінде қарастырып отыр. Технологиялық компаниялардың акциялары аз да болса өсім көрсетті. Shanghai Composite индексі небәрі 0,01%-ға артты. Екінші Қытай биржасындағы Shenzhen Composite 0,12%-ға төмендеді. Hang Seng индексі 0,08%-ға өсті.

АҚШ-тағы кірістіліктің төмендеуіне қарамастан, дамушы нарықтарға салынған инвестициялар арта түсті

Халықаралық қаржы институты (IIF) хабарлағандай, АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлемелердің төмендеу ықтималдығы дамушы нарықтардағы активтердің әлеуетін жақсартты. Шілде айының қорытындысы бойынша бейрезиденттер дамушы нарықтардың акциялары мен борыштық міндеттемелерінің портфельдеріне 36,5 млрд доллар салды. Бұл қаңтардан бергі есептелген ең қомақты сома болып саналады, деп жазды Reuters.

Борыштық міндеттемелерді шығару портфельдерге түскен таза түсімнің негізгі бөлігін құрады. IIF мәліметтері бойынша, бұл 29,4 млрд долларға тең. Тағы 7,1 млрд доллар акциялар портфеліне түсті. Жиынтық түсім маусымдағы 17,2 млрд долларлық көрсеткіштен екі есе жоғары. Әрі 2023 жылғы шілдедегі көрсеткіштен 4,6 млрд долларға көп.

«Корея, Түркия және Мексиканың жаңа қарыз эмиссиясы осы айдағы қарыздың жоғары көрсеткіштерінің қозғаушы күші болды. Carry trade операцияларының қысқаруы жергілікті валютадағы қарыз деңгейіне әсер етуі мүмкін. Өйткені қаржыландырудың негізгі валютасы – жапондық иен өсті. Дамушы нарық активтері үшін АҚШ-тағы кірістіліктің төмендету әлеуеті де септігін тигізбек», – деді IIF экономисі Джонатан Фортуна.

«АҚШ-тағы әлдеқайда жұмсақ ақша-несие саясаты дамушы нарықтарға серпін береді», – дейді Джонатан Фортуна. – «Дүние жүзінде инфляция төмендеген сайын дамушы елдердің орталық банктері өздерінің монетарлық позицияларын әлсірету мүмкіндігін пайдалана алады. Мұндай ықтимал өзгеріс дамушы елдердің валюталарын тұрақтандыруға әрі экономикалық өсуді қолдауға көмектеседі».

IIF мәліметтері бойынша, дамушы нарықтарға түскен қаражаттың негізгі көлемі Азияға тиесілі. Инвесторлар осы өңірдің елдеріне 21 млрд доллар инвестиция салды. Бұл ретте Қытайдан қаражат жылыстай бастаған және шілдеде бұл сома 4,7 млрд долларды құрады. Акциялар 0,9 млрд доллар жоғалтса, қарыз нарығы 3,8 млрд долларға тең.

Сондай-ақ оқыңыз