Ақтөбе, Талдықорған мен Қызылордада жаңа пәтерлер қымбаттаған: шілде айында тұрғын үй бағасы қалай өзгерді?
2023 жылдың шілде айымен салыстырғанда, Қазақстан бойынша Ақтөбе, Талдықорған мен Қызылорда қаласында жаңа пәтерлер біршама қымбаттаған. Бұл қалалардағы жаңа пәтер құны бір жылда 7 %-дан аса өскені байқалады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, ел аумағында пәтер бағасы 3,2 қымбаттаса, жаңа тұрғын үйлердің құны 2,4% көтерілген.
«Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2024 жылғы шілдеде 5,2% жоғарылады», – делінген ҰСБ хабарламасында.
Өңірлер бөлінісінде жаңа пәтер нарығында баға Ақтөбеде – 7,5%, Талдықорғанда – 7,2%, Қызылорда қаласында 7,1% қымбаттады. Ал қолданыстағы пәтер бағасы Атырау (16,9%) мен Астанада (8,9%) көтерілген.
Талдықорған (28,1%), Жезқазған (23,6%), Петропавл (21,8%) мен Атырау қаласында (21%) баспананы жалдау құны қымбаттаған.
2024 жылғы шілде айында тұрғын үй сатып алу-сатуға қатысты 40 099 мәміле тіркелді. Қазақстанның басым бөлігінде тұрғын үй саудасы өскені байқалады. Тұрғын үй саудасында әдеттегідей Астана мен Алматы көш бастап тұр. Ұлытау облысында сатылған үйлердің қатары аз.
2024 жылдың маусымымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 24,5%-ға (6 088 мәмілеге) көбейді. Мыңнан аса жеке тұрғын үй сатылған. 2024 жылдың шілде айында пәтерлер бойынша 30 973 мәміле жасалған.
Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасы Астана (21,6%), Алматы (21,2%) қаласы мен Қарағанды облысына (8,8%) тиесілі. Негізінен 1 бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары.
Биыл жазда Қазақстанның ірі қалаларында пәтерді жалға беру құны өсті. Мәселен, маусым айының аяғынан тамыз айының басына дейін орта есеппен 3,6%-ға артты. Әсіресе, Орал (+10%), Астана, Алматы, Ақтау (әрқайсысы +7%), Ақтөбе, Көкшетау, Қонаев (әрқайсысы +5%) қаласында баспана жалдау қымбат.