Үкімет Атырау әуежайын қатарлық инвесторға сатуға рұқсат берді. Стратегиялық объектілерді иеліктен шығару туралы тиісті қаулы Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды.
«Mağdenli Yer Hizmetleri ve Taşıma A.Ş.» компаниясына «АТМА – Атырау әуежайы және тасымалдау» акционерлік қоғамының өз меншігіндегі акциялар пакетінің 50 %-ын, сондай-ақ «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының өз меншігіндегі акциялар пакетінің 50 %-ын «QazAir Investments LLC» компаниясының пайдасына иеліктен шығару жөнінде мәміле жасасуына рұқсат етілсін», – деп жазылған Үкімет басшысы қол қойған қаулыда.
QazAir Investments LLC 2023 жылдың сәуір айында Дохада (Қатар) тіркелген. Жарғылық капиталы 300 мың АҚШ долларын құрайды. Ашық деректерде компания жеке тұлға Абрахам Даниэль Данино атына рәсімделген.
Қазақ-түрік бірлескен кәсіпорны «АТМА – Атырау әуежайы және тасымалы» компаниясы сағатына 400–450 жолаушыны тасымалдайтын Атырау әуе терминалына иелік етеді. Компания 1993 жылы құрылған.
Атырау әуежайы 1979 жылдан бері жұмыс істейді. Әуежайдан Түркияға, Египетке, Грузияға, Ресейге, Нидерландыға және басқа елдерге ішкі және халықаралық рейстер орындалады.