Бүгін, 9 тамызда, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «Атамекен» ҰКП пилоттық отандық экополияларды құру туралы төрт инвестициялық меморандумға қол қойғаны туралы хабарлады.
Мұның аясында Түркістан облысында құны 84 млрд теңгелік «Шардара» экспорттық агроөнеркәсіптік кластері» жобасы, Алматы облысында 29 млрд теңгелік «Шеңгелді көпсалалы кластері», Жетісу облысында 25 млрд теңгелік «Aksu-Boskan қант кластері», БҚО-да 25 млрд теңгелік «Бірлік асыл тұқымды қой кластері» жобаларына қолдау көрсетіледі.
Қолдау инфрақұрылымды құрудан бастап орта және шағын бизнес кәсіпорындарын ортақ экожүйеге біріктіруге дейінгі жобалық қаржыландырудың толық циклін көздейді.
«Біз кооперацияның жаңа форматы ретінде экополияларды құру үшін айтарлықтай мүмкіндікті көріп отырмыз. Бұл тек инновациялық шешім ғана емес, Қазақстанда тұрақты және бәсекеге қабілетті бизнесті дамыту үшін жасалатын қадам. Біз бұл жобалар еліміздің басқа өңірлері үшін үлгі болады және отандық өндірушілердің жаһандық нарықтарға шығуына ықпал етеді деп сенеміз», – деді «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин.
Тараптар агро-индустриялық аймақтарды (АИЗ) және өнеркәсіптік кластерлерді қолдауды көздейтін бизнеске арналған жаңа пакеттік шешімдерді де қарастырмақ. Бұл үшін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «Атамекен» ҰКП екіжақты Меморандумға қол қойған.
Айта кетейік, бұған дейін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жаңа Салық кодексін осы күйінде қабылдауға қарсы шыққаны туралы хабарлаған едік.