Тоқмәдидің мерзімінен бұрын босатылуына наразы Тәтішев отбасы мәлімдеме жасады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Тәтішев отбасы Тоқмәди туралы мәлімдеме жасады / Коллаж: kursiv.media

2004 жылы қайғылы қазаға ұшыраған белгілі қазақстандық кәсіпкер Ержан Тәтішевтің отбасы мен жақындары «Мұратхан Тоқмәди шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін» деген ақпаратқа қатты алаңдайтындарын мәлімдеді.

Айта кетейік, Мұратхан Тоқмәди 2018 жылы Ержан Тәтішевті тапсырыспен өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, он жыл бес айға бас бостандығынан айырылды.

«Оның кінәсі сотта жеке мойындауы мен ұзақ сот процесі арқылы дәлелденді. Соған қарамастан, сот оны небәрі 10 жарым жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды, ал прокурорлар 12 жыл сұраған еді. Тәтішевтің отбасы бұл үкімді осындай ауыр қылмыс үшін тым жеңіл деп санайды», – деп жазылған Тәтішев отбасының мәлімдемесінде.

Сондай-ақ Тәтішевтің отбасы Мұратхан Тоқмәдидің 2017 жылы маусымда қамауға алынғанын, кісі өлтіру ісі бойынша үкім шығарылғанға дейін бопсалау және қару сақтағаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылғанын еске алады. Қолданыстағы үкімге сәйкес, Тоқмәди 2030 жылға дейін қамауда болуы керек.

«Біздің отбасымызға Мұратхан Тоқмадидың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін екені жайлы хабар беріліп ескертілмегендіктен, бұл жағдайдан соң өзімізді әділетсіздікке ұшырағандай сезінеміз. Соттың бұл шешімін қисынсыз және «заңсыз» деп санаймыз, өйткені кісі өлтіргені үшін сотталған әр қылмыскер өз әрекеті үшін толық жазасын өтеуі керек.

Біз түзету мекемесінің әкімшілігін, прокуратураны және сотты бұл істі қайта қарауға және шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартуға шақырамыз. Әділдік орнап, қорғану құқығынан айырылған отбасының мүдделері ескерілуі маңызды», – деп жазылған ақпаратта.

Отбасының мәлімдемесін Алпамыс Тәтішев растады.

Айта кетейік, 2004 жылы 19 желтоқсанда аңшылық кезінде «ТұранӘлем» банкінің 38 жастағы төрағасы Ержан Тәтішев қайтыс болды. Алғашқы кезде оның өлімі кездейсоқ жағдай деп айтылғанымен, кейін тапсырыс бойынша, қасақана жасалған қылмыс екені дәлелденді. Мұратхан Тоқмәди мұны Мұхтар Әблязовтың тапсырысымен жасағанын мойындады. Тоқмәди 2017 жылы ұсталып, қамалғанға дейін табысты бизнесмендердің қатарында болды. 2018 жылы сот кезінде ауруханаға жатқызылған Тоқмәди қашып кетіп, көпшілікті дүрліктірген. Артынша ұсталып, он жыл бес айға сотталды. 2022 жылы наурыз айында Қазақстан Президентінің атына ашықхат жолдап, өзін қинап мойындатқанын мәлімдеді. Ол кезде Қазақстан билігі тарапынан жауап болмаған.

Бүгін ақпарат құралдары Тоқмадидің мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін Алматы облыстық соты қанағаттандырғанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз