Lifestyle

Джеки Чанның «Аңыз» фильмінде Димаш Құдайбергеннің әні шырқалды

Джеки Чанның «Аңыз» фильмінде Димаш Құдайбергеннің әні шырқалды / фото: ашық дереккөз

12 шілдеде Джеки Чанның көптен күткен «Аңыз» атты фильмі жарық көрді. Фильмнің саундтрегі ретінде Димаш Құдайбергеннің орындауындағы This Love әні шырқалды. Ән 5 шілдеде музыкалық платформаларда шыққан.

Джеки Чанның өзі басты рөлді сомдаған жаңа фильмнің сюжеті, археолог Джек туралы және оның шәкірттерімен бірге өң мен түстің арасында көпір болып тұрған артефакты тапқаны туралы баяндайды. Археолог мұздық қазбалары кезінде табылған жәдігерлердің текстурасы өзінің түсінде көрген нефрит кулонын еске түсіретінін айтады.

YouTube video player

This Love әнін Джеки Чанмен ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген Оскардың музыкалық қазылар алқасының мүшесі, маэстро Натан Ванг жазған. Жаңа ән Ванг мырза мен Димаштың үшінші бірлескен туындысы.

2020 жылы Димаш «Авангард» фильміне Happy саундтрегін орындады. Үш жылдан кейін қазақстандық музыкант Қытайдағы Golden Panda сыйлығында өнер көрсетіп, онда ол әйгілі қытай әншісі Вэй Вэймен бірге маэстро Натан жазған Join Hands атты сыйлықтың басты музыкалық тақырыбын орындады.

Естеріңізге сала кетейік, 13-14 қыркүйек күндері Астанада Димаш Құдайбергеннің Stranger атты концерті өтеді. 13 қыркүйек күнгі концертке билеттердің тез сатылуына байланысты, Димаш 14 қыркүйек екінші концерт беретінін мәлімдеді.