FlyArystan компаниясы 3,7 млн теңге айыппұл төлейді. Компания рейс кешіктірілген кезде жолаушыларды қонақ үйге орналастырмаған және жолаушыларға әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай трансфер ұйымдастырмаған. Бұл жайлы Азаматтық авиация комитеті хабарлады.
«Алматы – Астана бағыты бойынша рейс кешіктірілген кезде қызметтерді ұсынбағанына байланысты «FlyArystan» әуекомпаниясына қатысты «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 567-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалып, авиакомпанияға 1 000 АЕК (3 692 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды»,- делінген комитет хабарламасында.
Жалпы ережеге сәйкес, рейстер кешіккен кезде жолаушыларға қонақүйден орын ұсынылып, әуежай мен қонақүй арасында жол жүру маршруты қарастырылуы керек.
Айта кетсек, Авиация комитеті FlyArystan компаниясын 12 жастағы баланы рейске жібермей қойғаны үшін жауапқа тартуды көздеп отыр. Компания құжаттарының дұрыстығына қарамастан, кәмелетке толмаған баланы әуежайда жалғыз қалдырған. Бұл оқиғаны комитет «өрескел жағдай» деп бағалады.
Ал 24 шілде күні FlyArystan Алматы – Қарағанды бағыты бойынша рейс кідірген кезде жолаушыларға талапқа сай қызмет көрсетпегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Ол кезде де компанияға жолаушыларды өз есебінен қонақүйге орналастырмағаны және әуежайдан алып баруға және алып келуге көлік тасымалын ұйымдастырмағаны үшін осы көлемде айыппұл салынған.