FlyArystan кәмелетке толмаған қызды ұшаққа кіргізбей, жалғыз қалдырғаны үшін жауапқа тартылады – Авиация комитеті
FlyArystan әуекомпаниясы кәмелетке толмаған Зере Галиеваны рейске жібермей, әуежайда жалғыз қалдырған. Бұл жайлы Зеренің анасы Жазира Мусина өзінің фейсбуктегі парақшасында жазды.
Қыздың анасының айтуынша, Зере егіздің сыңары. Сол күні егіздер Зере мен Зәуре сенімді өкілімен бірге Америкадан Орал қаласына келе жатқан. Оралға балалар Астана қаласы арқылы ұшуы керек болған.
Бірақ ұшу құжаттарының дұрыстығына қарамастан, әуе компаниясы Зәурені рейске өткізіп, Зерені рәсімдемей қойған. Компания өкілдері Зеренің уәкілетті ұстазына бұл жағдайдың техникалық ақауларға байланысты туындағанын айтқан. Жағдай реттелген соң, баланы ұшаққа отырғызатынына сендірген. Алайда 12 жастағы қыз сол күні қараусыз Астана әуежайында рейстен қалып қойған.
Жазира Мусина қызының сол аралықта қатты қорқып жылағанын, психологиялық ауыр соққы алғанын айтады.
«Менің қызым қатты үрейленіп шошыды. Жанында ешкімі жоқ, бейтаныс әуежайда жалғыз қалып қойған. Өзіңіз елестетіп көріңізші. Кішкентай балаңыз бейтаныс әуежайда, бейтаныс қалада жалғыз еш дәрменсіз қалып қойды. Бұл қатыгездік емес пе?», – дейді анасы.
Әуежайда қараусыз қалған баланы «FlyArystan» компаниясы бір күннен кейінгі рейске отырғызатынын хабарлаған. Оған дейін жақын маңдағы қонақүйлерге орналастыруды ұсынған. Бірақ қызының қараусыз қалғанын қаламаған Жазира Мусина құрбысына хабарласқан. Зерені әуежайдан анасының құрбысы алып кеткен.
Мусина бұл жағдайға байланысты жауапты органдарға шағым түсіретінін айтқан.
Бұл оқиғаны Авиация комитеті өрескел жағдай деп бағалап, компанияның жауапқа тартылатынын мәлімдеді.
«Бұл өрескел жағдай. Жолаушылардың құқығы әрқашан мүлтіксіз сақталуы керек.
Азаматтық авиация комитеті, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-мен бірлесе «FlyArystan» авиакомпаниясына қатысты жан-жақты тексеру жүргізеді.
Кінәлі қызметкерлер міндетті түрде жауапқа тартылады»,- делінген комитет хабарламасында.
FlyArystan жауабы
Ал FlyArystan әуекомпаниясы Зере мен оның анасынан кешірім сұрады. Бұл өрескел оқиғаға әуе кемесін сыйымдылығы аз ұшаққа ауыстырылуы себеп болғанын айтқан.
«21 шілдеде кәмелетке толмаған жолаушы Зере Галиева KC 7367 рейсімен Астанадан Орал қаласына ұшып шыға алмады. Әуе кемесі жолаушылар сыйымдылығы аз ұшаққа ауыстырылғандықтан, әуекомпания Зере Галиеваға ұшақ бортынан орын бере алмады. Әуекомпания агенттері борттағы жолаушыларға балаға орын беру туралы өтініш білдіріп, өтемақы ұсынды. Өкінішке орай, жолаушылар арасында ерікті табылған жоқ», – деп түсіндірді компания.
Әуе компания Зере Галиева мен оның анасының құрбысына қонақүйден тұрақтауға орын, сондай-ақ 22 шілде күні жоспарланған Орал қаласына келесі рейске отырғызу талонымен бірге 50 мың теңгеге ваучер ұсынған.
«Алайда жолаушының анасының құрбысы қонақүйден бас тартты және заңды өкілінің рұқсатымен баланы өзімен бірге алып кетті. Келесі күні Зере Галиева жетелеушісіз жолаушы бала ретінде бортсеріктердің бақылауымен Оралға ұшты», – деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
Әуе компаниясы өз кінәсін мойындап бұл жағдайдың авиациялық қызмет көрсету стандарттарына мүлдем сай келмейтінін жеткізген
«Шынайы кешірім сұрай отырып, Мусина ханым мен отбасына келтірілген моральдық зиян үшін өтемақы ұсынуға дайынбыз. FlyArystan бірден қызметтік тексеруді бастады және болашақта мұндай жағдайларға жол бермеу үшін қолданыстағы қызметтік процедураларды қайта қарауға міндеттенеді», – деп мәлімдеді компания.
Еске сала кетсек, бұған дейін FlyArystan әуе компаниясы Алматы – Қарағанды бағыты бойынша рейс кідірген кезде жолаушыларға талапқа сай қызмет көрсетпегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын.