Ішкі істер министрлігі жүйелі түрде Qarmet, Kazakhmys, Kazakhaltyn кен орындарынан алтын мен қымбат металл ұрлап келген қылмыстық топтың құрықталғанын хабарлады.
ІІМ хабарлауынша, компаниялардың жұмыскерлерімен сөз байласып, кәсіпорындардың, оның ішінде Qarmet, «Қазақмыс», «Қазақалтын» алтындарын, металл сынықтарын және басқа да өнімдерін ұрлау бойынша заңсыз схемаларын жасаған бірнеше қылмыстық топтарды ұстау жұмыстары жүргізілген.
Қылмыстық істердің, оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топ құру, басшылық ету және қатысу фактілері бойынша ондаған эпизодтар тергелуде, – дейді ІІМ ресми өкілі Қуандық Алпыс.
Тергеу-тексеру шаралары барысында құрамында алтыны бар қоспаларды қайта өңдеумен айналысатын 19 заңсыз цех жойылған. Ол цехтардан 10 тоннадан астам кен табылған.
Жалпы Қазақстанда биыл 36 қылмыстық іс тіркелген. Оның үшеуі трансұлттық топтар бойынша жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда олар қаржыландыру және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактілері тергеліп жатыр. Министрлік Қылмыстық кодекстің әртүрлі баптары бойынша 150-ден астам криминалитет өкілдері жауапқа тартылғанын хабарлады.
Бұдан бөлек ІІМ таяу шет елдердің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, шетелдік қылмыстық элементтерге қарсы күрес жүргізген. Нәтижесінде шетелдік қылмыстық топтың Қазақстан аумағына кіруіне жол берілмеген және қылмыстық қақтығыстардың алды алынған. Сондай-ақ министрлік ҰҚК-мен бірлесіп, Шымкент қаласында, Қарағанды және Қызылорда облыстарында аса қауіпті төрт қылмыстық топ өкілдерінің қызметін тоқтатқан.
Айта кетсек, ақпанда Ішкі істер министрлігі Qarmet кеншілерін бопсалап, ҚТЖ-ны тонаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады. Құрықталған қылмыстық топ қару қолданып, түрлі криминалдық жанжалдарға қатысқан.
25 шілде күні Qarmet акционерлік қоғамынан 50 млн теңгенің жанар-жағармайын ұрлаған қылмыстық топ ұсталғаны хабарланды. Ал бір күн бұрын полиция хабарландыру таратып, Qarmet компаниясынан алаяқтық жолмен қомақты көлемде қаражат ұрлаған екі азаматқа іздеу салды.
«QARMET» АҚ – бұрынғы «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы. АМТ компаниясы 2023 жылдың желтоқсанында Qazaqstan Investment Corporation иелігіне көшті. Аз уақыттан соң, компанияны кәсіпкер Андрей Лаврентьев сатып алды. 2024 жылдың 24 қаңтарында тіркелген компанияның атауы «Qarmet» деп өзгертілді.
«Қазақмыс» корпорациясы – Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші. Компанияның құрамында 10 кеніш, бес тау-кен байыту фабрикасы, екі мыс балқыту зауыты, екі көмір разрезі бар. Кәсіпкерлер Владимир Ким мен Эдуард Огай «Kazakhmys Copper» АҚ арқылы «Қазақмыс корпорациясының» 69,37% және 29,73% үлесіне иелік етеді.
«Қазақалтынға» иелік ететін «Алтыналмас» холдингі қазақстандық алтын өндірушілердің үштігіне кіреді. 2023 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша оның 13 еншілес кәсіпорны бар. Компанияның акционерлері GOUDEN RESERVES B.V. (жай акциялардың 60%), Владимир Жұманбаев (20%), Дияр Қанашев (10,5%) және Игорь Ветиул (6,5%).