Жаңалықтар

Венесуэла президенті Мадуро Х әлеуметтік желісін «фашизмді насихаттайды» деп айыптап, уақытша пайдалануға тыйым салды

Николас Мадуро Х әлеуметтік желісі ұлтараздықты, фашизмді насихаттайды деп мәлімдеді / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Венесуэла президенті Николас Мадуро Х әлеуметтік желісі ұлтараздықты, фашизмді насихаттап, азаматтық соғысқа шақырады деп айыптап елде пайдалануға тыйым салды. Бұл жайлы шетел БАҚ-тары хабарлады.

Венесуэланың Ұлттық телекоммуникациялар комиссиясы Х әлеуметтік желісін ел заңдарын бірнеше рет бұзды деп мәлімдеген. Солайша комиссия әлеуметтік желінің жұмысын он күнге тоқтатқан.

Президент Николас Мадуро Венесуэлада Х-тен бөлек TikTok, WhatsApp және Instagram желілерін шектеуді бірнеше рет ұсынған. Мадуро бұл әлеуметтік желілерді де өшпенділік тудырады деп кінәлаған.

«Twitter, X деп аталатын әлеуметтік желі Илон Маскке тиесілі. Әлеуметтік желі ережелерді бұзды. Өшпенділік пен фашизмге, азаматтық соғысқа шақырады. Венесуэлалықтар арасындағы текетірес туындады. Солайша Венесуэланың барлық заңдарын бұзды. Ал Венесуэлада заң бар, біз оны орындаймыз», – деді президент.

Еске сала кетсек, Венесуэлада 28 шілдеде өткен президент сайлауына байланысты ереуілдер басталды. Ереуілдеушілерге мемлекеттік инфрақұрылымды қиратты, араздық пен лаңкестік тудырды деген айып тағылды. Венесуэла үкіметі бұл тәртіпсіздіктерге сыртқы күштердің араласып отырғанын мәлімдеді.

Венесуэла президенті Николас Мадуро елде болып жатқан ереуілдерді төңкеріс әрекеті деп бағалап, сайлаудан кейін Венесуэланы шарпыған толқуларды «Колумбиялық есірткі саудасы, Илон Маск және АҚШ үкіметі» қаржыландырды деп айыптады. Бұдан соң Мадуро Маскті дуэльге шақырған болатын.