«ҚазМұнайГаздың» еншілес ұйымы ТЖМ-ның қарамағына қалай ауысты
Үкімет мемлекеттік «Теңіз жасағы» акционерлік қоғамын құрғалы жатыр. Бірақ оның функциялары «KMG Systems & Services» ЖШС-нің жұмысын толықтай қайталайды. «Теңіз жасағына» иелік ететін Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері жаңа акционерлік қоғам Каспийдегі төтенше жағдайларға жедел әрі нақты әрекет ету үшін қажет екенін жеткізді. Енді екі құрылым KMG Systems & Services-тің негізгі активін – мұнай төгіндісіне әрекет ететін Солтүстік Каспий экологиялық әрекет ету базасын қалай бөліп алмақ?
Таяз суларға мұнайдың төгілуіне қарсы әрекет ететін Солтүстік Каспий экологиялық әрекет ету базасы (СКЭӘБ) жұмысын 2012 жылы бастады. Бұл база сол кезде ТЖ министрі қызметін атқарған Владимир Божконың қызығушылығын тудырды. Экологиялық базаны «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы (ҚМГ) салған болатын. Интернет желісінде осы нысанды төтеншеліктерге беруге міндеттейтін ресми құжаттар да сақталған. Бірақ нысан министрліктің қарамағына өткен жоқ. Міне, арада 10 жылдан астам уақыт өтті. ТЖМ мен ҚМГ әлгі базаны тағы да бөліске салып көрмек.
Еншілес ұйым қалай еншіледі?
2000-шы жылдардың басында «Қашағаннан» қомақты мұнай қорының анықталғаны туралы нақты белгілі болған шақта экологиялық базаны құру қажеттілігі туралы да айтыла бастады. СКЭӘБ жобасын 2007 жылы «ҚазМұнайГаз» әзірледі. Базаны Жайықтың сағасына, «Ақжайық» табиғи резерватына жақын жерге салу ұсынылды. Бірақ бұл ұсыныс бірден сынға ұшырады. 2010 жылы базаның құрылысына қатысты тыңдау өткенде бұл мәселені экологтар көтерді. 2011 жылы үкіметтік емес ұйым өкілдері база орналасқан Атырау әкімдігін сотқа берді. Экологтар база нысандарына учаскелер беру туралы қала әкімдігінің қаулыларына шағым түсірді. Ал ҚМГ учаске өзеннің су қорғау аймағынан, табиғи резерваттан тыс жерде орналасқанын мәлімдеді. 2011 жылы СКЭӘБ құрылысы басталды.
«СКЭӘБ-ке Қашаған кен орнын, сондай-ақ Каспий теңізінің қазақстандық секторының солтүстік бөлігінде орналасқан басқа да мұнай-газ кен орындарын өнеркәсіптік игеру және пайдалану кезінде мұнайдың төгілуіне шұғыл әрекет ету, экологиялық және метеорологиялық ахуалға мониторинг жүзеге асыру міндеті жүктелді», – деп жазды сол кезде kursiv.media.
СКЭӘБ-ті құрумен «ТеңізСервис» ЖШС айналысты. Компания базаның құрылысы ішінара ҚМГ-дан алынған 5,23 млрд теңге көлеміндегі несие есебінен жүргізілетінін мәлімдеді. 2,7 млрд теңге көлеміндегі алғашқы транш 2011 жылы берілді. Сол жылы СКЭӘБ-нің баланстық құны шамамен 2,8 млрд теңгені құрады.
2012 жылы «ТеңізСервис» ЖШС СКЭӘБ құрылысын аяқтады және сол жылы базаны ҚМГ-ның еншілес ұйымы «ҚМГ-Транскаспий» компаниясына сату туралы шешім қабылдады. «Компания басшылығының пікірінше, СКЭӘБ-тің сатылым бағасы оның баланстық құнынан асып түседі», – делінген «ТеңізСервистің» 2012 жылғы есебінде. Аталған құжатта базаның баланстық құны «0 теңге» деп көрсетілген. Ал ҚМГ-дан алынған несие көлемі 5,64 млрд теңгеге тең екені жазылған.
2013 жылдың қазан айында СКЭӘБ-ті «ҚМГ-Транскаспий» компаниясына сату үдерісі аяқталды. «ТеңізСервистің» сатылымнан түскен таза пайдасы 372,96 млн теңгені құрады. 2013 жылдың соңына қарай ҚМГ алдында ешқандай қарыз жоқ екені белгілі болды.
Бұл мәліметтердің барлығы компания есептерінің «түкпірінде» жасырылып жатты. Ал «беткі жағында», яғни ақпараттық кеңістікте журналистер тек әртүрлі құрылымдардың СКЭӘБ-ке талас жүргізіп жатқанын ғана байқады.
«ТеңізСервис» ЖШС туралы не білеміз?
«ТеңізСервисі» 2003 жылы теңіздегі мұнай операцияларына қажет жағалау инфрақұрылымын дамыту үшін құрылған. 2007 жылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы өзінің 51% акциясын дәл осы еншілес ұйымына сатты. Бұл табыс табу мақсатында жасалды.
ҚМГ немесе оның еншілес ұйымдары (акциялардың 50 және одан да көп пайызына ие) Қашағандағы өнімді маржасыз бөлу туралы келісім шеңберінде қызмет көрсетуге тиіс. Сондықтан «ТеңізСервистің» 51%-ы Waterford International Holdings Ltd-ның меншігіне сатылды. Соңғысы Люксембургте «тіркелген» және Қазақстанның ең бай бизнесмендерінің бірі Айдан Кәріпжановқа тиесілі.
Божко не айтты?
Алдымен журналистерге құрылыс аяқталғаннан кейін базаны NCPOC (Қашаған операторы NCOC 2015 жылы оның мұрагері атанды) өндіруші компаниясы жалға алатыны айтылды. 2012 жылы NCOC өкілдері базаны жалға алу туралы келісімге қол жеткізілгенін және кейбір бағыттар, атап айтқанда, төлем бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады.
2012 жылғы желтоқсанда ведомствоаралық комиссия ҚМГ-ға 2013 жылғы I тоқсанның соңына дейін СКЭӘБ-ті ТЖМ қарамағына беруді міндеттеді (ол кезде база 13,5 млрд теңгеге бағаланды). ТЖМ бұл туралы ақпаратты 2013 жылғы наурызда таратты. Хабарламада мамандандырылған теңіз авариялық-құтқару қызметін құру үшін СКЭӘБ-ті «Ақ Берен» әскерилендірілген атқыламаға қарсы жасағына беру туралы мәселе пысықталып жатқаны айтылды. Сол айда ҚМГ мамандары NCPOC базасын және ТЖМ бөлімдерін бірлесіп пайдалану жоспарланып отырғанын жеткізді.
«Өткен [2012] жылдағы барлық келіссөз ТЖМ басшысы Божконың Каспийде инженерлік орталық құру қажеттілігі туралы мәлімдемесінің лейтмотивімен жүргізілді: «Егер Каспийде инженерлік орталық пен арнайы теңіз өрт сөндіру бөлімін орналастырсақ, біздің дайындығымыз әлдеқайда артады. Қашаған бір жағынан елге берілген «Құдайдың сыйы» болса, екінші жағынан аталған кен орнында төтенше жағдайлардың алдын алу үшін күрделі техникалық шешімдер қабылдау қажет», – деп жазды «Ақ Жайық» газетінің журналистері 2013 жылдың мамыр айында. «Соңында айтпағымыз: СКЭӘБ ТЖМ-ге берілді» деген сенсациялық (өздері үшін) ақпаратпен де бөліскен.
2013 жылдың қыркүйегінде журналистерді таңғалдырған тағы бір жаңалық шықты: СКЭӘБ-тің жаңа иесі ТЖМ емес, ҚМГ-ның еншілес компаниясы «ҚМГ-Транскаспий» ЖШС екені белгілі болды. Яғни СКЭӘБ-ті бір еншілес ұйымынан екіншісіне сату туралы 2012 жылдың желтоқсанында қабылданған шешім бір жылдан кейін көпшілікке жария етілді.
Транскомпания
«ҚМГ-Транскаспий» ЖШС 2008 жылы «қазақстандық мұнайды тасымалдау жөніндегі ірі жобаны іске асыру үшін» құрылды. Бұл жердегі әңгіме Каспий құбыр консорциумына (КҚК) балама – «Қазақстан – Каспий көлік жүйесі» (ҚККЖ) туралы болып отыр. Алайда 2011 жылы Қашаған кен орнының 2-ші және 3-ші фазаларын іске асырудағы белгісіздіктерге байланысты ҚККЖ бойынша жұмыстар тоқтатылды.
2012 жылдың жазында ҚМГ басқармасы еншілес компаниясының негізгі бағытын ауыстыру, яғни СКЭӘБ құру және пайдалану бағытына ауыстыру туралы шешім қабылдады. 2014 жылы еншілес компанияның атауы «KMG Systems & Services» болып өзгертілді. Ол әлі күнге дейін келесідей қызмет түрлерін көрсетеді:
- мұнайдың төгілуіне қарсы әрекет ететін Солтүстік Каспий экологиялық әрекет ету базасын және Каспий теңізінің қайраңында жүргізілетін теңіз мұнай операцияларын қолдау инфрақұрылымының басқа да нысандарын пайдалануға, пайдалануға беруге, басқаруға және сервистік қызмет көрсетуге ұсыну;
- Каспий теңізінің қайраңында жүргізілетін теңіз мұнай операцияларын қолдау инфрақұрылымының нысандарын құру;
- теңізде және құрлықта мұнай төгілуінің алдын алу және оларға қарсы әрекет ету жұмыстары;
- мұнай-газ жабдықтарын өндіру және сервистік қызмет көрсету жобаларына қатысу;
- мұнай-газ саласында техникалық қолдау көрсету.
KMG Systems & Services-ке кіріс әкелетін ең басты бағыт – NCOC-тың жалдау ақысы. Қашаған операторы 2013 жылы СКЭӘБ-ті 10 жылға жалға алды. Тараптар арасында 2023 жылы аяқталған жалдау шартын ұзартуға болады деген келісім бар. Бірақ келісімшарт 2023 жылы ұзартылды ма, жоқ па белгісіз.
«NCOC құпия сипаттағы коммерциялық мәселелерге қатысты түсініктеме бере алмайды», – деп хабарлады «Курсивке» NCOC сыртқы коммуникациялар бөлімінің мамандары. ҚМГ да редакцияның бұл сұрағына жауап бермеді.
1-деңгей – он тоннадан аспайтын көшігірім төгінділер. Кен орнын әзірлеушілердің өздері-ақ реттейді. Қашаған туралы айтатын болсақ, NCOC-та D аралында әрекет ету базасы және төгінділерді жоюмен айналысатын 100-ге жуық адамнан тұратын арнайы топ бар.
2 деңгей – мұнайдың орташа төгілуі (10 тоннадан 250 тоннаға дейін). Жою үшін кен орындарын әзірлеушілер жағадан ресурстар тартады. Мұнда таяз сулы ортадағы төгінділерді жою үшін СКЭӘБ араласады.
3 деңгей – мұнайдың үлкен төгінділері (250 тоннадан көп). Мұнай өндірушілер мен ресурстарға көмек көрсету үшін халықаралық компаниялар тартылады.
2024 жылдың шілдесінде ТЖМ «Ашық НҚА» порталында «Теңіз жасағы» акционерлік қоғамын құру туралы» қаулы жобасын жариялады. Жобада аталған акционерлік қоғамға ТЖМ иелік ететіні және пайдаланатыны көрсетілген. «Теңіз жасағы» ұсынатын қызмет түрлерінің тізімі KMG Systems & Services функцияларының толықтай қайталайды. Қысқасы, Божконың 10 жыл бұрынғы арманы орындалып, СКЭӘБ ТЖМ-нің қарамағына өтеді.
«КМG Systems & Services» ЖШС функциялары мен міндеттері бұрын алынған міндеттемелерді орындау үшін жаңадан құрылған «Теңіз жасағы» АҚ-ға біртіндеп ауысады. Бұл қолда бар жұмыс орындарын сақтап қалуға және мұнайдың авариялық төгілуін жою үшін күштер мен құралдарды ұлғайту, сондай-ақ авариялық жағдайларда қайраңда ғана емес, Каспий теңізінің бүкіл акваториясында көмек көрсету әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді (КМG Systems & Services тек қайраңда жұмыс істейді – «Курсив»). Бұған әуе және теңіз кемелерінің ресурстарын ұлғайту, сондай-ақ теңізде де, құрлықта да құтқару құралдары мен жабдықтарын сатып алу кіреді», – деп түсіндірді ТЖМ.
PACE Analytics компаниясының директоры Асқар Исмаиловтың айтуынша, Қашаған Каспийдің қазақстандық секторындағы жалғыз кен орны емес екенін ескерсек, «Теңіз жасағы» сияқты құрылым елге қажет. Ол сонымен қатар КМG Systems & Services штатында 30-ға жуық адам бар екеніне назар аударуды ұсынады. Олардың кейбірі кеңсе қызметкерлері. Яғни қызметкерлердің барлығы теңіздегі кен орындарындағы төтенше жағдайлар салдарыан туындайтын мәселелерді шешуге атсалыса алмайды.
«Егер Шымкенттегі соңғы төтенше жағдайды күкірттің жанғанын назарға алсақ, өртті өшіру үшін 300 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Ал бұл мұнайдың төгілуімен салыстырғанда аса бір үлкен учаске де емес. Мұнай төгілсе, 30 адам ештеңе істей алмайды. ТЖМ-де ресурс бар, тәжірибе де жеткілікті. Бұл жерде өрттерді сөндіру, су тасқынына қарсы күрес болсын, бәрібір оларда ұйымдастырушылық жұмыстар жолға қойылған. ТЖМ бұл тұрғыда ҚМГ-ның еншілес ұйымына қарағанда әлдеқайда жақсы әрі жедел әрекет ете алады», – деді Асқар Исмаилов.
Осы ретте шетелдіктермен Қашағанды игеру туралы келісімге қол қойылғанына 30 жыл өткенін ескерсек, «мұндай құрылым не себепті енді ғана құрылып жатыр?» деген сұрақ туындайды.
ТЖМ «Теңіз жасағын» құру кезінде, ең алдымен, Үкіметтің 2014 жылғы «Каспий теңізіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы» қаулысына сүйенетінін жеткізді. Құжатта Каспий маңы елдерінің ТЖ алдын алу және жою бойынша өзара іс-қимыл жүйелерін қалай құруға және жетілдіруге ниетті екендігі жазылған.
«Осыған байланысты, бірінші кезекте, ұзындығы 1200 шақырымнан асатын Каспий теңізінің қазақстандық секторының бүкіл жағалау сызығы бойынша теңіз операцияларын қолдау базалары болып саналатын жедел әрекет ететін резервтер құру қажет, онда барлық қажетті мамандандырылған құтқару техникасы мен жабдықтары орналастырылуға тиіс. Мұндай құрылымды құрудағы кідіріске келетін болсақ, бұған ТЖМ-нің ІІМ құрамында болғаны ықпал етті (2014 жылдан 2020 жылға дейін – «Курсив»), сол себепті бірқатар бағыттар ұзақмерзімді жобаларға ауысты», – деп жауап берді ТЖМ.
Функциялар мен мүліктің (СКЭӘБ меншік иесін өзгертуі мүмкін) «КМG Systems & Services» ЖШС-нен «Теңіз жасағы» АҚ-ға ауысуы заңды түрде қалай ресімделетіні белгісіз.
«ҚазМұнайГаздан» бұған қатысты «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазіргі уақытта мұнайдың авариялық төгілуін жоюға байланысты «KMG Systems & Services» ЖШС мүлкін ҚР ТЖМ жанындағы құрылымдық ведомствоға беру жүзеге асырылып жатыр. Қосымша ақпарат беру мүлікті беру процесі аяқталғаннан кейін мүмкін болмақ»,– деген жауап алдық.
ТЖМ жұмыс істеп жатқан және жекешелендіруге қойылған КМG Systems & Services базасында «Теңіз жасағын» құру мүмкіндігі туралы сұраққа былай деп жауап берді: «Мүдделі мемлекеттік органдармен талқылау барысында «Теңіз жасағы» АҚ құрылуына бірауыздан қолдау көрсетілді. «Теңіз жасағы» АҚ құру өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған, бұл ұлттық мүдделерге сәйкес келеді».
Жаңа акционерлік қоғамның жарғылық капиталы 50 000 АЕК-ті (184,6 млн теңге) құрайды, оған екі пилотсыз ұшу аппараты мен сорғы станциясы беріледі – жалпы сомасы 194 млн теңге. Салыстыру үшін: KMG Systems & Services жарғылық капиталы 2022 жылы 9,3 млрд теңгені, ал оның ғимараттары мен құрылыстарының құны (СКЭӘБ деп оқыңыз) 7,28 млрд теңгені құрады.
«Теңіз жасағын» құру туралы қаулы жобасының өзі 2024 жылдың 26 шілдесіне дейін талқыланып, мұрағатқа кетті. Материал жарияланған кезде Үкімет ресми түрде жаңа акционерлік қоғам құрған жоқ.