Қазақстан Қашаған операторынан 150 млрд доллардың орнына 160 млрд доллар өтемақы өндіріп алуды көздеп отыр. Бұл жайлы Bloomberg басылымы хабарлады.
Басылымның хабарлауынша, Қазақстан тарапы North Caspian Operating Company N.V. халықаралық консорциумының кейбір мәмілелерінен сыбайлас жемқорлық ізін байқаған. Соған байланысты 150 млрд долларлық өтемақы көлемін 10 миллиард доллардан асырған. Басылым дереккөзі бұл сома бұдан көп болуы мүмкін екенін айтқан.
Бұл мәселеге қатысты Eni SpA, Shell Plc, Exxon Mobil Corp. және TotalEnergies SE., ҚР Энергетика министрлігі өкілдері түсінік беруден бас тартқан.
Еске сала кетсек, Қазақстан «Қашағанда» мұнай өндіретін халықаралық компаниялардан 150 миллиард доллар көлемінде өтемақы талап етіп отырғаны туралы «Курсив» жазған болатын.
Ол кезде Қашаған операторының халықаралық компаниялармен тендерлік процедураларды бұзып, мердігерлік жұмыстарды толық орындамағаны айтылған.
Осы орайда Қазақстан Энергетика министрлігі NCOC консорциумымен төрелік талап қою туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Ал Энергетика министрлігі Солтүстік Каспий жобасы бойынша ӨБК ережелерінің шарттарына сәйкес төрелік даулардың, талап-арыздардың егжей-тегжейлері жария етілмейтінін, мұның екі тарап арасындағы коммерциялық дау екенін мәлімдеді.
Ал мұның алдында басылым Қашаған кен орнына қатысты дау реттелуге жақын екенін хабарлаған еді. Онда Қашаған алып кен орнына иелік ететін ірі мұнай компаниялары 5 млрд доллар көлеміндегі экологиялық айыппұлға қатысты мәселені шешуге ниетті екені айтылды.
NCOC консорциумының акционерлері KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V (16,807%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).