Жаңалықтар

Астанада екі күнде 1,5 айлық мөлшердегі жаңбыр жауып, көшелерді су басты

Астанада екі күнде 1,5 айлық мөлшерде жаңбыр жауған / Фото: Астана әкімдігі

Астанада екі күнде 1,5 айлық мөлшерден астам жаңбыр жауып, көшелерді су басты. Жауынның арты ірі бұршаққа ұласқан. Бұл жайлы Астана әкімдігі хабарлады.

«Қазгидромет» мәліметінше, екі күн ішінде Астанада 48 мм жаңбыр жауған, айлық норма – 31 мм. Яғни екі күн ішінде жауын-шашын мөлшері 1,5 айлық мөлшерден асып түскен.

«Коммуналдық қызметтер толықтай күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қала бойынша 200 бірліктен астам арнайы техника жұмылдырылды, олар жергілікті орындарда су сору жұмысын жүргізіп жатыр», – деп хабарлады Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев.

Кей тұстарда жел екпіні күшейген.

Осы қолайсыз ауа райына байланысты көшелерді су басып, қалада жол қозғалысы шектелген. Елордадағы мына көшелер:

– Тұран даңғылының Керей-Жәнібек хандар көшесінен Ұлы Дала даңғылына қарай;
 – Хусейн Бен Талал көшесінен Ұлы Дала даңғылына қарай;
 – Ұлы Дала даңғылының Қабанбай батыр даңғылынан Айтматов көшесіне дейін;
 – Нәжімеденов көшесінің Тәуелсіздік көшесінен Аманжолов көшесіне дейін жол жүру қиындаған

Әкімдік қала тұрғындарына мұндай қолайсыз ауа райында сыртқа шықпауға кеңес берді.