Қанттан қалай бас тартуға болады және мұны денсаулыққа зиян келтірмей жасау жолдары қандай?

Жарияланды
shutterstock

Қанттан қалай бас тартуға болады?

Кейінгі жылдары денсаулық жайын ойлап, рационға, не ішіп-не жейтініне мән беретін адамдар саны көбейді. Оның арасында денсаулық үшін өздері қанттан бас тартып жатқандар да бар. Расында, мөлшерден тыс қант қолдану адам ағзасына кері әсерін тигізеді. Қант қатерлі ісік, күйзеліс және тағы басқа күрделі ауруларға себеп болуы да мүмкін. Kursiv Media қанттан неліктен бас тарту керек екенін және одан саналы түрде, денсаулыққа зиян келтірмей бас тарту жолдарын түсіндіреді.

Қанттан не үшін бас тарту керек?

Адамдардың көпшілігі қант тек таза түрінде немесе кәмпит құрамында ғана болады деп ойлайды. Диетологтар үнемі мұның жаңсақ пікір екенін, қанттан ертерек бас тарту керек екенін айтып дабыл қағып жүр. Шын мәнінде, қант өзіміз күнделікті тұтынатын көптеген өнімнің құрамында бар. Мысалы, жеміс йогурты, сүзбе, соус, шұжық, консервіленген, кондитерлік өнімдер, шырындар және тағы басқасы. Осыған байланысты қантты мүлдем тұтынбау мүмкін емес. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Себебі бастапқыда қанттан толық бас тарту адамға жағымсыз көңіл-күй сыйлайды. 

Алайда тәтті жеуді доғару адамға тек жағымды әсер, оң нәтиже беретіні анық. Мысалы, мамандар қантты қолдануды азайтқан адамның күш қуаты мен энергиясы артатынын, көңіл-күйі жақсаратынын, ұйқысы қалпына келетінін, тері түсі жақсаратынын, тіпті осы арқылы ерте қартаюдың, әжімнің алдын алуға болатынын айтады. Сонымен қатар қантты қолданудан бас тартқан адамдардың артық салмағы кетіп, денедегі ісіну де басылады. Сондай-ақ адам бірте-бірте есте сақтау қабілеті жақсара бастағанын да байқайды. Ең бастысы, қант қолданбау арқылы адам қант диабетінің алдын ала алуға болады. Қант диабеті – қазір күллі әлем бірігіп күресіп жатқан дерт. Статистика бойынша, әлемде әрбір алты секунд сайын қант диабетінен бір аадм көз жұмады. Қанттан бас тартуға үгіттеп жүргендердің ішінде ең белсенділердің бірі де – дәл осы салада қызмет ететін мамандар.

Алайда диетологтар күнделікті қолданатын қант мөлшерін біртіндеп азайтуға кеңес береді. Сонымен қатар тұтынатын тағам құрамын мұқият зерттеп, қаптамадағы жазуды оқудың да маңызы зор. 

Денсаулыққа зақым келтірмей, қанттан бас тарту жолдары

Жоғарыда айтқанымыздай, қанттан бас тарта отырып, сіз денсаулығыңызға қатысты оң өзгерістерді байқай бастайсыз. Алайда қантты бірден шектеп тастайтын болсаңыз, денсаулыққа, керісінше, зақым келтіріп алуыңыз мүмкін. Сондықтан мамандар қанттан бірте-бірте бас тарту керек екенін айтады. 

Мәселенің ауқымын түсіну үшін мамандар «Қант күнделігін» жүргізуге кеңес береді. Оған күн сайын бір күн ішінде құрамында қанты бар не жесеңіз, бәрін тізіп жазып отыру қажет. Осылайша, адам бір күнде қандай қант мөлшерін тұтынатынын біле алады.

Осыдан соң қант көлемін бірте-бірте азайта бастауға болады. Мұны ең әуелі шай немесе кофеге салатын қант мөлшерінен бастауға болады. Мысалы, әдетте шайға бір қасық қант салатын болсаңыз, ақырындап жарты қасық салуға көшкен жөн.

Қант орнына табиғи өнім қолдану

Ал құрамында қанты бар тәтті шырын мен газдалған сусындардың орнына ақырындап су немесе қант қосылмаған табиғи смузи ішуге болады.

Диетологтар қантты балмен, кептірілген жемістермен, мейізбен, жаңа піскен жеміс пен көкөніс сынды табиғи өнімдермен алмастыруға болатынын айтады. Оның ішінде балдың бірқатар артықшылығы бар: оның құрамында фруктоза мен глюкозамен қатар дәрумендер, минералдар, биологиялық белсенді заттар бар, ол иммундық жүйені, ас қорытуды жақсартады, тері саулығына да оң әсер етеді.

Мамандар кептірілген және жаңа піскен жеміс пен көкөніс те қантты алмастыра  алатынын және ағзаға өте пайдалы екенін үнемі айтады. Бірақ бұл өнімдердің құнарлылығы жоғары. Сондықтан артық салмақтан арылу мақсатында тәттіден бас тартқан адам, қант орнын алмастырушы ретінде бұл өнімдерді тұтынбағаны абзал. 

Бұған қоса мамандар қанттан бас тартқысы келетін адамдарға өнім құрамын оқып жүруге әдеттенуге кеңес береді. Дүкеннен зат сатып алғанда, құрамы жазылған тізімде қант бас жағында тұрса немесе құрамында жүгері шәрбаты, декстроза мен фруктоза көп өнімдерді алмаған дұрыс.

Ең бастысы, қанттан бас тартуға бекінген адам қатты қиналса, дәрігермен кеңескені жөн. Рационға өзгеріс енгізбес бұрын диетологқа барып, одан денсаулық жағдайыңызды ескере отырып, жеке жоспар құрып беруін сұрауға болады.  

Күніне қанша мөлшерде қант қолдануға болады?

Мамандардың көбі денсаулықты қалыпта ұстау үшін міндетті түрде қанттан түбегейлі бас тарту қажет деген қағида жоқ екенін айтады. Бастысы, күнделікті қолданып жүрген мөлшерді өз еркіңізбен және маңызын шынайы түсіне отырып, кезең-кезеңімен азайту. 

Мысалы, АҚШ кардиологиялық қауымдастығы ғалымдары әйелдерге күніне көп дегенде алты шай қасық қант, ал ерлерге сегіз щай қасық қант қолдануға болатынын айтады. Бірақ бұл – 100%  қант емес, күні бойы тұтынатын өнімге қосылған қант, қант шәрбатын қосқандағы мөлшер. Түсініктірек болу үшін, өнімдердің құрамын талдап көруге болады. Мысалы, 0,3 мөлшердегі газдалған сусын құрамында 8-9 шай қасық қант болады. Ал  бір стақан (250 мл) жеміс шырынында 5-6 шай қасық қант бар. Бір плитка шоколадта (45 грамм) шамамен алты шай қасық қант болады. 

Кейінгі жылдары шыққан зерттеулерде шектен тыс қант қолданысы адамды күйзеліске ұшыратынын да дәлелденіп жатыр. Осылайша ғалымдар қант қолданысы тек физикалық әлеуетке емес, психологиялық ахуалға да теріс әсер ететінін алға тартып жүр.

Күйзеліс қант ағзадағы табиғи механизмдерді бұзатындықтан болады. Қант мидағы серотонин мен допафин мөлшерін уақытша көтереді, бұдан адамда қанағат сезімі пайда болады. Алайда қантты үнемі пайдаланар болса, ағазадағы осы баланс бұзылып, соңы күйзеліспен аяқталуы мүмкін. Сонымен қатар қантты шектен тыс пайдаланған адам ағзасында кортизол – күйзеліс гормоны көбейіп кетуі мүмкін.

Қанттан бас тарту жайлы қазірден ойламасақ, салдары қандай болуы мүмкін?

Қанттан бір күнде бас тарта салу – мүмкін емес дүние. Алайда мұндай батыл қадам жайлы неғұрлым ерте ойлап бастасаңыз, соғұрлым жақсы. Себебі қант адам ағзасына кері әсер етеді. Оның зияндарын жазсақ, ұзын-сонар тізім шығады.

Біріншіден, қантты шектен тыс қолдану артық салмаққа әкеліп соғады. Қант құрамында жоғары калория болғандықтан, ол тәбетті ашады. Тәтті өнімдер мен сусындар қарын тойдырмайтын болған соң, адам тамақты мөлшерінен тыс жеп қояды. Соңы артық салмақпен аяқталады. Ал бұл бұдан өзге де түрлі ауруларға себеп болуы мүмкін.

Екіншіден, 2-типті қант диабеті қаупін төндіреді. Қан құрамында қант көп болса, уақыт өте бұл ұйқы безінің жұмысын бұзып, түрлі қиын аурудың бастауы болады. Сонымен қатар мамандар қантты қөп қолданатын адамдардың жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығу ықтималы жоғары екенін айтады.

Қанттан зиян көретін тағы бір ағза мүшесі – тістеріміз. Ол тіс эмалін құртып, соңы тісжегіне, кейін түрлі ауыз қуысы ауруларына ұласу мүмкін. 

Онкологтар қант қолдынысынан адам ағзасында созылмалы ісік пайда болуы мүмкін екенін айтады. Мұндай қауіпті фактор артрит пен қатерлі ісіктің дамуына әсер ететіні де жиі айтылады. 

Сондықтан мамандар жылтыраған, маркетингі арқылы баурап алатын тәтті тағамдарға еліп кетпей, дұрыс тамақтануға көшіп, қанттан да бірте-бірте бас тартуға кеңес береді. Дәрігерлер адамның қанттан бас тарту жайлы ойлай бастағанының өзі – үлкен қадам екенін айтады. Сіз де бір сәтке қанттың зияны жайлы ойланып қалсаңыз, дұрыс жолдасыз!

Сондай-ақ оқыңыз