Жапония мен Орталық Азия елдері дипломатиялық қатынасты 1992 жылы ресми түрде бастады. Бүгінде Токио ОА елдері үшін маңызды донор мемлекет. Ол ДРК – дамушы
елдерді дамытуға ресми көмек көрсету үкіметтік бағдарламасы негізінде аймаққа экономикалық, техникалық және қайтарымсыз көмек көрсетеді. Ол – ақшалай немесе заттай нысандағы гранттар немесе кредиттер түрінде қайтарымсыз немесе жеңілдікті негізде ұсынылады.
Сауда байланысы
Жапония мен Орталық Азия елдерінің сауда айналымы жылдан-жылға артып келеді. Жапония үшін Қазақстан осы аймақтағы бас сауда серіктесі болып отыр. Мәселен, 2023 жылы Орталық Азия елдерінің Жапониямен тауар айналымы 2,82 миллиард АҚШ доллары болса, оның ішіндегі Қазақстан-Жапония арасындағы тауар айналымы 2,2 миллиард АҚШ долларын құрап отыр. 2023 жылы Қырғызстан-Жапония арасындағы сауда байланыс көлемі 255,7 миллион долларға жеткен. Ал Өзбекстан-Жапония сауда айналым көлемі 236,8 млн доллар болса, Тәжікстан-Жапония және 2022 жылы Түркіменстан-Жапония сауда байланыстары 108,5 миллион және 49,5 миллион долларды құрап отыр.
2023 жылғы ресми статистикаға назар аударсақ, Қазақстанның Жапонияға жіберген экспорт көлемі 587,6 миллион доллар болса, импорт көлемі 1,6 миллиард долларды құрап отыр. 2022 жылмен салыстырғанда екі ел арасындағы сауда айналым 15,8%-ға артқан. Экспорт көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 32,9%-ға төмендесе, импорт, керісінше, 45,4%-ға артқан.
Жапония Қазақстанға шетелдік тікелей инвестиция салудағы жалпы инвестиция ағыны бойынша ТОП-10 елге кіріп отыр. ҚР Ұлттық банкінің мәліметінше, 1993 жылдан бері Жапония Қазақстанға жалпы 8 миллиард доллардан астам қаржы салған. 2023 жылы азия жолбарысы біздің елге 404 миллион долларға жуық инвестиция салып, 2016 жылдан бері ең жоғары көрсеткішке жетіп отыр.
Орталық Азияны тұтастай қарастыру
«Жапония болашақта Орталық Азияның бес елінің аймақішілік ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі күш-жігерін қолдауды жалғастырады», – дейді JICA Шығыс және Орталық Азия және Кавказ департаментінің аймақтық маманы Танабе. Сонымен қатар ол ішкі Азияда тығыз байланыстарды нығайту маңызды болатынын алға тартады. Жапон елі Грузия, Армения және Әзірбайжанды қамтитын Кавказды, сондай-ақ шығысында Моңғолиямен де байланысты арттыруға мүдделі.
Көршілермен байланысты арттыру теңізге шыға алмайтын Орталық Азияның экономикалық өсімін ынталандыру үшін шешуші рөл атқарады. Әсіресе, Транскаспий халықаралық көлік жолы аймақты Кавказ арқылы Еуропамен байланыстырады деп күтуге болады.
Жапонияның аймақтық ынтымақтастықты қолдаудағы жетекшілігі мен байланысы 20 жыл өткен соң жаңа мәнге ие болып отыр. Токио үшін Орталық Азияның маңызы – өңірдегі табиғи ресурстардық мол болуы, экономикалық өсу әлеуеті. АҚШ-Қытай шиеленісі және Украинадағы соғыс сияқты геосаяси оқиғалар да қарым-қатынастың тереңдеуіне ықпал етіп жатыр.
Осыған дейін, Жапон премьер-министрі Фумио Кисида Орталық Азияға жоспарланған сапарын тоқтататынын жаздық. Оған Жапониядағы жер сілкінісі ықпал етті.
Ол 9 тамыз күні Астанада «Орталық Азия + Жапония» Диалогының бірінші саммитіне қатысуды жоспарлаған еді.