Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектептерде оқу ақысын қымбаттатуды жоспарлап отыр

Жарияланды (жаңартылды )
минобороны
Әскери-техникалық мектептерде оқу ақысы өседі / Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектептердегі оқу ақысын көбейтпек. Тиісті бұйрық жобасы ашық талқылауға шығарылды.

«Қоса беріліп отырған «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны шығаратын және өткізетін тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке)  баға бекітілсін»,– делінген құжатта.

Жобада азаматтарды әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлау ақысын 100 (369 200 теңге)айлық есептік көрсеткіш деңгейінде бекіту ұсынылған.

Қорғаныс министрлігінің дерегінше, осы уақытқа дейін бұл мектептерде оқу ақысы 305 мың теңгені құраған.

Құжатқа сәйкес, аталған мектептердегі баға уәкілетті орган бекіткен калькуляцияға сәйкес жыл сайын айлық есептік көрсеткіш бекітілгеннен кейін қалыптастырылады.

Жоба ашық талқылауда 23 тамызға дейін болады.

Айта кету керек, елімізде министрлікке қарасты бұл мектептің 15 филиалы бар. Мектеп филиалдарында «B, C, C1» санатындағы әскери жүргізушілерді, МТЛБ механик-жүргізушілерін және радиотелеграфистерді дайындайды. Онда әскерге шақыру кейінге қалдырылған, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды немесе шектеулі жарамды 24 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтар оқи алады.

Қазақстанда әскерге шақырылушылар санын арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет қаулысы енгізілген «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Онда әскер қатарына шақырылатын жастар санын 39 180-ден 40 148-ге дейін арттыру жоспарланып отырғаны айтылған.

Сондай-ақ оқыңыз