FlyArystan компаниясының басшысы рейске жіберілмей, әуежайда қалып қойған қыздың анасымен кездесті

Жарияланды (жаңартылды )
Richard Ledzhere
FlyArystan басшысы Ричард Леджере мен Жазира Мусина / Фото: t.me/flyarystan

FlyArystan баспасөз қызметі компанияның басшысы Ричард Леджере «Астана-Орал» рейсіне жіберілмеген 12 жасар қыздың анасы Жазира Мусинамен кездескенін хабарлады.

Ричард Леджере 21 шілдеде «Астана-Орал» рейсіне жіберілмей қалып қойған 12 жасар Зере Галиеваның анасымен кездесу үшін арнайы Орал қаласына ұшып келген.

«Тараптар болған жағдайдың себептерін егжей-тегжейлі талқылады. FlyArystan әуекомпаниясының ресми өкілі қыздың отбасынан кешірім сұрады», – делінген хабарламада

Ақпаратқа сәйкес, бұл кездесуге Көлік министрлігінің қызметкерлері де қатысқан.

Алайда тараптардың өтемақы төлеуге қатысты қандай мәмілеге келгені туралы нақты ақпарат берілмепті. FlyArystan баспасөз қызметінің дерегінше, бұл кездесу нәтижесі және қабылдаған шешімдер туралы қосымша хабарланады.

Еске салайық, бұл оқиға 21 шілде күні Астана әуежайында болған. Сол күні егіздер Зере мен Зәуре сенімді өкілімен бірге Америкадан оралып, Орал қаласына бара жатқан. Астана әуежайында Зәурені ұшаққа жіберген әуекомпания өкілдері, Зеренің құжаттары дұрыс болғанына қарамастан, оны бортқа жібермеген.

«Әуе кемесі жолаушылар сыйымдылығы аз ұшаққа ауыстырылғандықтан, әуекомпания Зере Галиеваға ұшақ бортынан орын бере алмады», – деп ақталды бұл оқиғаға байланысты әуекомпания.

Сонымен қатар борттағы жолаушыларға балаға орын беру туралы өтініш те білдіріпті. Алайда жолаушылар арасынан өз еркімен орнын беретін адам табылмаған.

9 тамыз күні Азаматтық авиация комитеті «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-мен бірлесе FlyArystan авиакомпаниясына қатысты жан-жақты тексеру жүргізетінін хабарлаған еді.

Ал FlyArystan баспасөз қызметі компания Мусина ханым мен отбасына келтірілген моральдық зиян үшін өтемақы ұсынуға дайын екенін жария еткен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз