Lifestyle

Париж 2024: Олимпиада ойындарының соңғы күнінде қазақстандық екі спортшы сайысқа түседі

олимпиада
Фото: shutterstock

Ұлттық Олимпиада комитеті Париж олимпиадасының соңғы күніндегі жарыс кестесін ұсынды. Оған сәйкес, екі қазақстандық атлет сайысқа түседі.

Әлемдік доданың соңғы күні жеңіл атлетикадан Мамажанова Жанна марафонда жүгіреді. Сайыс Астана уақытымен сағат 11.00-де өтеді.

Ал еркін күрестен 97 келі салмақ дәрежесінде ерлер арасында Ерғали Әлішер сынға түседі. Бұл сайыс Астана уақытымен сағат 14.00-де болады.

Ақпаратқа сәйкес, жарыс кестесінде өзгерістер болуы мүмкін. Тікелей көрсетілімді Qazsport, Qazaqstan, «Хабар», El Arna және Jibek Joly арналарында тамашалауға болады.

Айта кету керек, тректегі велоспорттан Қазақстан командасының мүшесі Андрей Чугай ширек финалға шыға алмады. Жұбаныш айналымында Чугай мәреге үшінші болып келген.

Биыл Олимпиада ойындарына алғаш рет енгізілген спорт түрі брейк-данс билеуге Қазақстанның атынан Амир Закиров сынға түскен болатын. Алайда ол да жүлделі орыннан көріне алмады.

Әзірге Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль бар. Командалық есепте еліміз 41-орынға тұрақтады. Бірінші орында спортшылары 39 алтын медаль алған Қытай тұр. 8 алтын алған Өзбекстан құрамасы 13-орында.

Осыған дейін Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев бастаған дзюдошылар елге оралды.

Сонымен қатар қазақстандық Ислам Сәтпаев пен Александра Ле Париж олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Ал спорттық гимнастикадан Нариман Курбанов күміс медаль жеңіп алған.