Жаңалықтар

Дайындығына 1 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған ұлттық құраманың Париж олимпиадасындағы нәтижесі қандай?

олимпиада
Ұлттық құрама медаль саны бойынша 42-орында / Фото: shutterstock

11 тамыз, жексенбі күні Парижде өтіп жатқан XXXIII жазғы Олимпиада ойындары аяқталды. Жарыста барлығы 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Қазақстаннан бұл додаға 80 спортшы аттанатыны хабарланған болатын. Ұлттық құрама спорттың 25 түрінен 92 лицензияға ие болған еді.

Алайда сайыс нәтижесінде медаль саны бойынша Қазақстан 43-орынға тұрақтады. Ұлттық құрама қоржынында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола – барлығы 7 медаль бар.

Медаль саны бойынша алғашқы үштікте Қытай, АҚШ және Жапония тұр. Аспан асты елінде 40 алтын медаль бар. Құрама Штаттары 38, ал Күншығыс елі 20 алтын медаль жеңіп алған.

Қоржынында 8 алтыны бар Өзбекстан 13-орында, ал 2 күміс, 4 қола алған Қырғызстан 68-орынға табан тіреді. Рейтингте барлығы 84 мемлекеттің жетістігі ескерілген.

Олимпиада қарсаңында Туризм және спорт министрлігінің өкілдері Ұлттық құраманы дайындау мен Парижге апаруға жұмсалған қаржы көлемін жария еткен болатын.

«Ұлттық құраманы дайындауға және оның Олимпиада ойындарына қатысуына шамамен 980 миллион теңге жұмсалды«, – деген еді Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.

Ал «Спорт пен туризм индустриясын» қолдау қоры 2023 жылы 29 140 720 мың теңге жұмсағанын хабарлады. Қордың құрылтайшылары – «ҚР Ұлттық олимпиада комитеті» ҚБ мен «Қазспортинвест» АҚ. Бұл қор 2020 жылдан бері Қазақстандағы спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс қаражатты бөлу жөніндегі бірыңғай оператор болып тағайындалған.

Zertteu Research Institute директоры Шолпан Айтенованың дерегіне сәйкес, аталған қор 2020 – 2024 жылдар аралығында олимпиадалық спорт түрлерін қолдауға 10 млрд теңге жұмсаған.

Еске сала кетейік, олимпиада ойындарынан жалғыз алтынды дзюдодан 60 келі салмақта сынға түскен Елдос Сметов жеңіп алды. Күміс медаль алғандар: гимнаст Нариман Курбанов, грек-рим күресінің өкілі Демеу Жадыраев (77 келі) және боксшы Нұрбек Оралбай (80 келі). Ал қола медаль қыздар арасындағы бокстан Назым Қызайбайға, нысана көздеуден аралас командалық жарыста Александра Ле мен Ислам Сәтпаев және дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевқа (66 келі) бұйырды.