Жаңалықтар

Ойынға деген құмарлық: лудоманиядан қалай құтылуға болады?

Фото: shutterstock

Әлемде құмар ойынның шырмауына шалынып, шыға алмай жүрген лудоман көп. Әлбетте, бұған бәс пен казиноның жылт еткен жарнамасын жиі кездестіру де бір себеп. Бірақ одан бөлек, адам бойындағы құмар ойынға деген қызығушылық, өзін-өзі басқара алмайтын дерт те бар. Бәрін тастап, өмірін жаңадан бастауға неше рет талпынып, қайта-қайта ойнап кететіндер де аз емес. Әдетте мұндай жағдайда лудоманға яки құмар ойынға басы кеткен адамға оңалту орталығына не психотерапевтке барып емделген жөн деген кеңес айтады. Бүгінгі материалымызда лудомания деген не, оның симптомдары қандай, қалай айығуға болады деген сұрақтарға жауап іздейміз.

Лудомания деген не?

Лудомания — құмар ойындарына тәуелділік. Ойнамаса тұра алмай, қарызға батса да бойдағы азарт маза бермейтін ауру іспеттес. Ең жаманы — оның салдарынан отбасы ойран болып, жақындармен арадағы сыйластықтың жібі үзіледі. Тамыр-танысқа түгел қарыз болып, бір басына бірнеше кредит рәсімдеп, проблемаға белшеден батады. Лудоманияның басқа тәуелділік түрлеріне қарағанда айырмашылығы сол — мұндай дерті бар адамдарға нәтиже ғана маңызды. Яғни белгілі бір соманы «көтеріп» алуды ғана ойлайды. Ал айталық, компьютер ойындарына тәуелді адамдар процеске көбірек мән береді. Лудомания психикалық бұзылыстар қатарына жатады. Психиатрлар мен психотерапевтер психика ауруларының классифакторына сүйене отырып емдейді. Лудомандардың 96%-ға жуығында осыдан бөлек, кемінде тағы бір психикалық бұзылыс болады екен. Мәселен, депрессиялық, мазасыздық, обсессивті-компульсивті, психобелсенді заттарға тәуелділік сияқьы бұзылыстар қатар жүреді деседі. 

Лудоманияның симптомдары

Бұл бұзылыстың мынадай негізгі тоғыз белгісі бар:

  1. Одан әрмен ләззат алу үшін құмар ойындарында бәсін көтере береді. Яғни 10 мың теңге тігіп, оны 20 мың теңге қылып шығарып алса, тоқтауы қиын. Енді сол 20 мың теңгені 100 мың теңге қылғысы келіп тұрады. Өкініштісі сол, тоқтай алмағанының кесірінен одан бірнеше есе көп сома ұтылып, қарызға кіреді. Демек бұл адамдар өзін бақылауда ұстай алмайды.
  2. Осыған дейін бірнеше рет қоюға бекінген, бірақ онысынан түк шықпаған. Кемінде азырақ ойнаймын деп өзіне уәде беріп, ол сөзінде тұра алмаған.
  3. Жатса-тұрса ойын туралы ойлай береді. Ендігі бәс не казиноға қайдан ақша алуды, кімнен қарыз сұрауды ғана ойлайды. Оның басында басқа идея болуы сирек. 
  4. Азарттан бас тартуға тырысқан кезде өзін-өзі ұстай алмай, мазасыз әрі ашушаң болып кетеді.
  5. Психикалық дискомфорт туса болды, құмар ойындарын ойнағысы келіп тұрады. Мазасыздық туса, проблемаға тап болса, өз халін мүшкіл сезінген кезде бар ойы — ойында.
  6. Бір жерден ұтылса, соның есесін қайтарамын деп дәл сол жерге қайта барғысы келіп тұрады. Көбіне барады да. Реванштың тұңғиығына осылай батып кетеді.
  7. Өзін ойнап жүрмегендей көрсеткісі келеді. Жақындарына ойнап жүргенін мойындамайды, барынша жасырады.
  8. Бәстің соңында бәрін құрбан етуге үнемі іштей дайын болады. Отбасы, мансап, оқу оған маңызды болмай қалады. Бар болғаны сол іштегі құмарды басса болды.
  9. Құмар ойындарына ақша сұрай береді. Ол жақын таныс тұрмақ, енді танысқан адам болса да ақша алып ала береді. Отбасынан тіпті талап етеді. Өтірік айтқанда сендіретіні сонша — адамның қолында ақша барын білсе болды, алып алудың жолын табады. Жұрт оның алдағанына қалай көніп қалғанын білмей қалады.

Лудоманияның эпизодтық және берік түрі болады. Біріншісінде жоғарыда атап өткен белгілер бір жойылып, бір пайда болып тұрады. Яғни біраз уақытқа құмарды қойғандай болады да, араға уақыт салып қайта біліне бастайды. Неше рет ойнайтынына қарап, лудоманияны үш деңгейге бөледі: егер алдыңғы симптомдардың ішінде 4-5 түрі пайда болса, демек онда жеңіл түрі. Ал енді 6-7 симптом білінсе — орташа, 8-9 белгісі қатар тұрса — онда лудоманияның ауыр түріне шалдыққан. Тәуелділігі берік лудомандарда ремиссия болуы мүмкін. Бірақ егер емделмесе, онысы бірнеше айға ғана жетуі мүмкін. Кейін қайтадан бастап кетіп жатады.

Лудоманияның себептері

Ойынға тәуелділіктің неліктен пайда болатыны нақты белгісіз. Әркімнің жағдайы әртүрлі. Бірақ ғылыми тұрғыдан берілетін анықтамаларға қарасақ, кей адамдардың миының жұмысындағы ерекшелікке байланысты деседі. Яғни лудоманияға және басқа да тәуелділік түрлеріне қарсы тұра алмайды. Бәс тіккен сайын миында «сыйақы орталығы» іске қосылады. Соның нәтижесінде нейромедиатор — дофамин бөлінеді. Сол рахат сезім оларға қатты ұнайды. Зерттеулер нәтижесінде осы нәрсе дәлелденген. Лудомандар осыдан үлкен ләззат алады. Бірақ физиологиялық бейімділіктен бөлек те себептер қосылып, тәуелділікке айналады. Яғни мидағы жұмыс сондай екен деп барлығы бірдей лудоман болып кетпейді. Мұндайда бірнеше фактор қосылып барып, нағыз құмарға тәуелділікті тудырады. Мысалы мынадай: 

  • Тума-туыстардың ішінде лудомандар бар;
  • Мінезі жеңілтектеу, жаңа нәрсе байқап көргісі келіп тұрады. Шешім қабылдауға қиналады, көңіл-күйі тез ауысады;
  • Жасына да байланысты: көбіне жастар мен орта жастағылар шалдығады;
  • Жынысына келсек, статистика бойынша әйелдерге қарағанда ерлер көбірек ауырады. Бірақ лудоман әйелдер де кездеседі;
  • Миы толық қалыптасып болғанға дейін құмар ойындарына кіріп үлгергендердің шығуы қиын.

Лудоманияның қандай салдары бар?

Салдары өте ауыр. Көбіне ауыр деңгейде кіріп кеткен лудомандар тума-туыспен түгел ат құйрығын кесісіп, беделден айырылады. Жұмыстан шығып қалады, қарызға белшеден батады. Ақша табамын деп талайға кредит алғызып, олардың да өміріне кесірін тигізеді. Кейде қылмысқа баратындар да болады. Әрине, тәуелділіктің барлық түрінде денсаулыққа үлкен зиян келеді. Лудомандар өзіне қараудан қалады, тамаққа да мән бермейді. Ұйқысыздық, мазасыздық көп болады. Физикалық белсенділік күрт азаяды. Бәрінен бұрын үнемі күйзелісте жүреді. Жеңілген соң стреске кіріп, көбіне басқа тәуелділік түрін тудырады. Мысалы, ақшадан ұтылған адамдар сол күйзелісті арақпен басады. Зерттеулерге сүйенсек, лудомандардың суицид жасау қаупі жоғары. Психиатр мен психотерапевтердің алдына барған адамдардың үштен біріне жуығы өз-өзіне қол жұмсауға тырысқанын не сондай ой келгенін мойындайды екен.

Лудоманияны қалай емдеуге болады?

Құмар ойындарына тәуелділіктің салдары ауыр. Бұл — күрделі бұзылыс. Өздігімен қойып кететіндер өте аз. Сондықтан көбіне дәрігердің көмегі керек. Бұл жағдайда — психитр не психотерапевт. Клиникалық зерттеулер қорытындысында ойынға тәуелдіктен құтылудың ең жұмыс істейтін тәсілі — когнитив-мінез-құлық терапиясы. Одан бөлек, Зигмунд Фрейдтің психоанализіне негізделген психодинамикалық терапия мен адамға өмірін не үшін өзгерту керек екенін түсіндіруге бағытталған мотивациялық интервью техникасы да көмектесуі мүмкін. Кей жағдайда психотерапиялық емге қоса дәрілер де беріп жатады. Ол антидепрессанттар мен опиоидтер антагонистері болуы мүмкін. Аноним маскүнемдер тобы секілді аноним ойыншылар тобы да болады. Құрылымы мен форматы шамамен бірдей. Мұнда да 12 қадамнан тұратын бағдарлама бар. Күнделікті барлығы бір жерге жиналады, қалай күресіп жатқанын айтып бөліседі, бір-бірін қолдайды. 

Өз күшіңмен жеңуге бола ма?

Лудоманияның жеңіл әрі эпизодтық түріне шалдыққандар өзін жеңіп, күресе алады. Ол үшін:

  • Проблема барын өзіңізге-өзіңіз ашық мойындаңыз. Өзіңіздің лудоман екеніңізге өзіңіз сенбейінше, бәрі бекер.
  • Не үшін құмар ойынын қоюыңыз керек? Соны түсініңіз. Азарттан бас тарту ешқашан оңай болмайды. Бұл жолда кедергі көп. Қайтадан бастап кету ықтималы өте жоғары. Сондықтан өзіңіз үшін өте үлкен мақсат қоюыңыз керек. Не үшін қойғыңыз келеді? Қарыздан құтылғыңыз келе ме, отбасыңызды сақтап қалуды ойлайсыз ба, әлде өтірік айтудан шаршап, тығылып жүруді қойғыңыз келе ме? 
  • Ойнап қоюыңыз мүмкін жағдайдың бәріне жолды жабыңыз. Ақшаны тығып тастаңыз, кредит карталарды жабыңыз, сізге кредит берілмеуі үшін арнайы өтініш жазыңыз, онлайн-бәстің жолын жауып бүкіл шотты жабыңыз, офлайн ойнайтын болсаңыз, қолма-қол ақша ұстауды қойыңыз.
  • Ойын ойнаудың жолын қиындатып тастаңыз. Мысалы, казиноға барып ойнайтын болсаңыз, сізге есік жабық болатындай етіп қоюға болады. Ол үшін қызметкерлерге барып қара тізімге қосуын сұраңыз. Егер ол тізімге қоспаса, онда маңына жуымайтындай маршрурттар құрастыруды үйреніңіз. Өтіп бара жатып кіріп кете алмайтын болуыңыз керек. Ол жаққа жол жабық болсын. Гаджеттердегі азарт ойындарға арналған қолданбаларды өшіріңіз.
  • Құмар ойындарына балама табыңыз. Немен айналысуға болады? Көңіліңізге қонымды не бар? Құмар ойындары арқылы қандай қажетіңізді өтеп жүрдіңіз? Егер ойынға азарт үшін, адреналин алып, ләззат сыйлайтын сезім үшін барған болсаңыз, онда тау шаңғысы, жарға өрмелеу, рафтиң сияқты тәсілдермен ауыстырып көруге болады. Сезімдер өте ұқсас. Ал енді іш пысқаннан ойнап бастаған болсаңыз, онда хобби ауыстыру керек. Бала кезде, жасөспірім шақта не нәрсеге қызығатын едіңіз? Соны еске түсіріп көріңіз. Хобби табылған соң, іш пыспауға тиіс. Жалпы алғанда спортпен шұғылданып, үй жинаған кезде жақсы көмектеседі.
  • Ойын мен ойын туралы ойдың бәрін шетке ысыра беріңіз. Ойнағыңыз келіп тұрса, импульске берілмей, үзіліс жасап, өзіңізді бақылауға ұстаңыз. Терең тыныс алып, басқа нәрсеге көңіл аударыңыз. Дем алған кезде миыңызды қосыңыз. Тынысты сезініп, терең алуыңыз керек. Терезеге қарап, сырттағы шуға құлақ салыңыз, бірдеңе жеңіз. Сырттағы нәрсеге көңіл аулап, тынысыңызға мән беріп, 5-10 минуттай уақыт өткеннен кейін ғана ойын туралы қайта ойлауға болады деп өзіңізге серт беріңіз. Келген ойға бірден еріп кетпеуіңіз қажет. 
  • Тәуелділіктің соңына еріп, айтқанын істеп кетсеңіз, қандай жағымсыз нәрсе болуы мүмкін? Ең қиын жағдайда көз алдыңызға елестетіңіз. Салдарын барынша визуалдап, шынымен солай болып жатқандай сезініп көріңіз.

Лудомандардың туыстарына кеңес

Жақын адамыңыз лудоман екеніне көз жеткізсеңіз, онда бірінші кезекте өзіңізді ойлаңыз. Мұндай тәуелділігі бар адаммен бірге тұру оңай шаруа емес. Үнемі күйзелісте жүресіз. Сондықтан шама келсе, психологқа барып, кеңес алғаныңыз абзал. Психикалық күйіңізбен қатар, физикалық саулығыңызды да ұмытпаңыз. Күшіңізді қалыпқа келтіріп отыру керек. Уақытылы ұйықтап жүріңіз. Дұрыс тамақтанып, көбірек қозғалыңыз. Таза ауада жиі серуендеңіз. Өзіңізге ұнайтын, шаттық сыйлайтын істермен көп айналысыңыз. Жақсы араласатын адамдармен жиі сөйлесіңіз.

Лудоман жақыныңызбен тілдескенде барынша абайлап сөйлескен дұрыс. Кінәлап, сынай бермеңіз. Өйткені бұл бұзылыстың салдарынан адам өз-өзіне жауап бере алмай қалады. Тәуелділікке төтеп бере алмайтыны да содан. Әрине, сізге оңай емес. Десе де, оған да эмпатия қажет. Жағдайын түсініп тұрғаныңызды, сынап-мінемейтініңізді сезінген сайын оған жақсырақ болады. Бірақ солай екен деп тәуелділігіне керек нәрселерді жасаудан аулақ болыңыз. Қарызын төлеп, азартқа тігетін ақшасын бермеңіз. Бұлай етсеңіз, көмектесудің орнына оған зияныңыз тиеді. Кәсіби маманның көмегіне жүгінуге көндірсеңіз дұрыс болады. Қаржылай мүмкіндігіңіз болса, психолог қабылдауын төлеп беріңіз. Бірақ бұл тәуелділік бірден жазылмайтынын, ұзақ уақыт алатынын ұмытпаңыз.