«Мен шопоголикпін»: ақша жұмсамаса тұра алмайтын бұл әдеттен қалай арылуға болады?
Шопоголик деген әдет бар. Алайда сауда орталықтарын тынымсыз аралап, себепті де, себепсіз ақша жұмсауға бейіл болу – жақсылық емес. Өйткені шопоголик болу да дерт. Бүгінгі материалымызда адамның бейсаналы ақша құрта беретін жаман әдеті һәм шопоголизм жайлы айтамыз.
Шопоголизм деген не?
Шопоголизм немесе ониомания, патологиялық шоппиң деп мінез-құлықта бар тәуелділік түрін айтады. Мұндай «дертті» адам бей-берекет ақша жұмсай береді, қаражатын мүлдем қадағаламайды. Ертеңгі күнін ойлағаннан гөрі қазіргі импульспен онсыз да тартпада толып тұрған бұйымға тағы біреуін қосып алғанды құп көреді. «Шопоголизм» диагноз ретінде тіркелмеген, мамандар тарапынан қойылмайды. Мұндай сатып алушылық мінез-құлықты көбіне әдеттер мен әуестік бұзылысы деп атайды. Бұл бұзылысқа ұқсас пиромания (өртеуге жалпы отқа құмарлық), клептоманияны (бірдеңе ұрламаса тұра алмайтын әдет) айтуға болады. Бірақ оларға қарағанда шопоголизмнің зияны басқаларға онша тимейді. Яғни пиромандар біреудің мүлкін өртеп жіберуі мүмкін болса, ал шопоголизмде ондай «абыройдан айыратын жайт» аз болады. Соншалықты зияны жоқ болса, онда не үшін бұзылыс қатарына жатқызады деген сұрақтың туындайтын жөні бар. Бұл сырт көзге ғана зиясыз боп көрінеді. Ал астарында кері әсер жетіп жатыр.
Ең алғаш рет шопоголизм құбылысы жайлы 1915 жылы неміс психиатры Эмиль Крепелин жазған. Бірақ оның сипаттамасына бастапқыда ешкім мән бермейді. Өйткені клиент қажет ұйымдарға бұл жайттың жария болғаны тиімсіз еді. Десе де қазір шопоголизмнің зияны жайлы айтатындар көбейген. Тіпті оны әлеуметтік есірткі түріне жатқызады. Ең қиыны сол — оның деңгейін анықтау оңай емес. Яғни гипербелсенді клиент пен шопоголиктің ара-жігін ажыратып, шекарасын сызу қиын. Одан қала берді қазір әлеуметтік желіде жарнаманың дәурені жүріп тұр. Соған еріп, қажет болса да, болмаса да еріп ала беретіндер бар.
Шопоголик деген дертке шалдыққаныңызды қалай білуге болады?
«Адам өзін жақсы көруі керек. Сол үшін жиі өзін қуантып тұрғаны жөн» дегенді жиі естиміз. Осы импульспен өзіңізге бірде сүйкімді қасық, енді бірде ваза аласыз. Шаң жинайтын жұмсақ ойыншықты да көре сала ала салатын әдетіңіз бар. Яғни зат сатып алғанда, оның қажетінен гөрі сол алған сәттегі ләззат үшін аласыз. Мұндай жағдай кейде норма саналса, енді бірде шопоголизмге ұласады. Өзіңізді бұл санатқа жатқызуға бола ма деп ойлансаңыз, онда өзін шопоголик деп мойындағандардың күнделігін оқып көрсеңіз болады. Өйткені мұнда нақты шекара мен тізім жоқ. Жаңа зат алған барлығын бірдей ұнайды. Сондықтан өздігіңізбен анықтау қиынға соғады. Салыстыру үшін былай айтайық: арагідік тойларда шарап ішетін адамды маскүнем демейміз. Бірақ егер уақыт өте келе ол жиілеп кетіп, ақыры күнделікті әдетке айналса, онда ішкілікке салынған дейміз. Зат сатып алуға келгенде де жағдай соған ұқсас: егер сіз маркетплейсті ашып алып, әр нәрсені ала беретін болсаңыз, шопоголиксіз дегенді білдірмейді. Тіпті тамақ ішпесеңіз де, жаңа шыныаяқ алуға дайын болсаңыз да жағдай онша күрделі емес. Мәселенің бәрі зат алу тәуелділікке айналып, ақыры қарызға кіріп, кредитке батса да қоймайтын әдетке ұласқанда басталады.
Қазіргі маркетиң тәсілдеріне қарасақ, жылдам дофамин (қуаныш сыйлайтын гормон) алуға бағытталады. Көрдің — алдың — мәз болдың. Әрі жеңілдікпен берілсе, бүгін акцияның соңғы күні болса, тиімді ұсыныстары болса, тіпті қарсылық таныту қиындайды. Мұндайда екі бірдей механизм қатар жүреді: жылдам шешім қабылдау керек, сосын қуаныш әкелетін нәрсені жасау. Осылай бірі екіншісіне әсер етіп, ақыры зат алатын болып шешесіз. «Акцияға үлгердім. Біреу емес, біреуінің бағасына екеу алдым. Мықтымын мен осы» деп мәз болып, марқаясыз. Осы мақтаныш сезімі адамға ұнай бастайды да, көбірек істеуге тырысады. Жалпы алғанда қалыпты жағдайда кез келген адам арагідік импульсив жағдайда зат сатып алады. Бұл — норма. Тіпті жиі кездесетін жағдай болса да, ондай адамды тап басып шопоголик дей алмаймыз. Қазір өзіңіздің шопоголик екеніңізді тексеруге болатын тестер де бар. Егер жауабы «иә» деп шықса, онда саналы түрде шешім қабылдауды үйренуіңіз керек болады.
Шопоголиктің эмоциялар циклі мынадай болады: сатып алатын кезде қысым мен алаңнан тұрады. Сатып алған кезде көңілі көтеріліп, қанаттанып кетеді. Бірақ алғаннан кейін ұялып, өзін кінәлайды. Егер сізде де жағдай осы шамалас болса, онда ойлануыңыз керек. Мысалы, жұмыста мәселе бола қалса болды, бірден шыққан бойда дүкенге жүгірсеңіз, өзіңізді зерттеңіз. Бойдағы қандай мазасыздықтан қашып құтылу үшін уақытша қуаныш сезімін сезінгіңіз келіп тұр?
Шопоголик деген жақсы ат емес
Адам көңіл-күйі жоқ болса телефонды алып, сүйікті маркетплейсін ашып, жәшікке неше түрлі зат жинап, төлеп, сол алғанына мәз болады. Мұндайда бір жеңіл эйфория бойды билейді. Әсіресе, үйіне неше түрлі зат алып, комфорт жасағанды жақсы көретіндерге қиын. Себебі жаңа дүние алмай тұра алмайды. Тағы бір маңызды жайт: шопоголизм жынысқа бөлінбейді. Яғни әйелдер ғана шопиңге салынып кетеді деп ойласаңыз, бұл пікіріңіз қате. Ерлер де дәл сондай бейім. Бар болғаны көбі мұны жасыруы мүмкін. Сонымен шопоголизмді туындататын басты себептер: жеңіл дофамин алу және ұсақ-түйек ала беруге құмартып бастап, ақыры тәуелді болып қалу.
Біз мән беруіміз керек маңызды дүние бар. Ол — мәселенің түп-төркінінде. Яғни тамырын табу қажет. Мұндай аддикция яки тәуелділіктің туындауы адамның өз-өзіне бағасы мен өзі жайлы ойына тікелей қатысты. Кейде зат сатып алу арқылы адам қазіргі және өзі қалайтын жағдайдың арасындағы кеңістікті толтырғысы келеді. Адам болған соң еленгісі келеді. Көріну үшін жаңа киім алып, жарасымды киінгісі келеді. Әдемі, жас қалыпты сақтау үшін косметика алады. Білімін кеңейткісі келіп, кітап пен курстар алады. Бірақ сол алған тауар сізді ойыңыздағы «Меніңізге» тура жеткізеді деп ойласаңыз, қателесесіз. Себебі алумен мәселе бітпейді. Оған қоса сіз жұмыс істеуіңіз керек, өзіңізді дамытуыңыз керек. Әйтпесе, кітап алған адам автомат түрде ақылды болып кетпейді. Оны оқу керек, ой түю керек. Бұған дейін айтқанымыздай, маркетологтар адам психологиясын мықты зерттеп алған. Сондықтан идеал дене бітімге жетуге көмектесетін түрлі дүниені, өмір салтын өзгертетін небір әдісті, мінсіз дене бітімді жарнамалаудан жалықпайды. Бірақ мұның барлығы қармаққа түсіретін әдіс қана екенін түсінуіңіз керек.
Негізі адам сыртқы қалпын дамыта берсе, оның ішкі дүниесі сәйкеспей, қайшылық туындата бастайды. Сыртқы нәрсені көп алуға ұмтылған сайын ішкі «әлеміңіз» босай береді. Алуын алып алып, кейін бетіңіз қызарып, ұялатын себебіңіз сондықтан. Бақыт ішкі әлемнен бастау алып, сыртқа көрініс табуы қажет. Өкінішке қарай, қазір керісінше: сыртқы әсермен алынатын қуаныштың әсері алысқа бармайды. Міне, осыдан барып шопоголизмнің тағы бір себебі пайда болады. Ол — өз комплекстерін, өзіне деген сенімсіздігін, орындай алмаған дүниесі қолдан келетін, жедел тәсілмен жабу тырысу. Бұдан төртінші себептің төбесі көрінеді. Ол — депрессия мен жалғыздық. Ғалымдардың айтуынша, адам неғұрлым күйзелісте не жалғыз көп жүрсе, онда сатып алушылық тәуелділігі арта түседі. Бесінші себебі — жеке бейімдігі немесе отбасылық «анамнез». Егер отбасыңызбен зат ала беруге үйір болсаңыз, онда себебі содан пайда болады деген сөз. Бұл бәлкім, генмен беріле қоймас. Бірақ көріп өскендіктен, мінез-құлық паттерні ретінде бекіп қалады. Кейде шопоголизм тәрбиемен беріледі. Айталық, ата-анаңыз махаббатын материалдық дүниемен көрсететін болса, онда зат сатып алуға деген құмарлық қалыптасу ықтималы жоғары.
Компульсив сатып алу көп жағдайда табанды, мотивациясы әлсіз және жоспарлауға жоқ адамдарда жиі кездеседі. Яғни ойына бір алып алса, соны алмайынша, дамыл таппайды. Ауқымды дүниелерден мотивация алғаннан гөрі жедел сауда жасап, қолына жаңа зат алғанды жақсы көреді. Ертеңін ойламайды, қаражатын басқаруды білмейді. Егер осы қасиеттер бойыңызда болса, онда ойланыңыз. Айтпақщы, шопоголизм басында белгілі бір санаттағы заттарға қызығудан басталады. Біреу шыныаяқ көрсе тұра алмайды. Ыдыс сататын жерге кіріп кете береді. Ақыр соңы сүйкімді ыдыс алып шығады. Сөйтіп осы әдетін қоймаса, уақыт өте келе киімге, тіпті керек болмаса да басқа заттарға да қызығатын болып кетеді.
Бұдан келер қандай қауіп бар?
Ең бірінші қауіп — көк тиынсыз қалу. Қазір банктер кредит карталарын, бөліп төлеу мүмкіндігін жиі ұсынатындықтан, бұған берілмеу өте қиын. Әсіресе, кредит карталары қолда жоқ ақшаны бар секілді көрсетіп, иллюзия тудырады. Жұмыстан соң үйге қайтудың орнына ақшаңыз болмаса да, кредит картамен киім алып «мәз боласыз». Сондықтан шопоголиктерге бұл тәсіл өте қауіпті.
Жалпы алғанда салдары қаржы тұрғысынан ғана әсер етіп қоймайды. Одан бөлек, ішкі ресурстарды сарқып, ментал саулыққа зиянын тигізеді. Бірте-бірте өзін жақсы сезіну үшін міндетті түрде бірдеңе алу керек сияқты көріне бастайды. Әрі шопоголиктің бәрі бірдей бай болмайды. Себебі қандай жағдайда болсын шопоголик деген жаман аты бар жанның тапқанынан құртқаны көп болады. Егер сондай жаман әдетін жақындары байқап, ескерту айтса, тіпті мұны айтпай, жасыра бастайды. Осылайша өтірік айту қосылады. Мұның бәрі шопоголикті қақпанға түсіреді: алдымен көңіл-күйі болмай зат сатып алады — аздап жеңілдегендей болады — артынша өзін сол үшін жазғырады — қайтадан зат сатып алады. Осы шеңбер шексіз айнала береді. Сатып алушылық аддикция жақсы емес. Себебі айналысына қандай болса да зиянын тигізеді.
Шопоголик деген дертпен қалай күресуге болады?
Тәуелділіктің кез келген түрінде алғашқы қадам соның өзіңізде бар дерт екенін мойындаудан басталады. Шопоголизмде де солай. Мәселе барын ашық мойындаңыз, сөйтіп ойланбастан зат сатып ала беруден құтыламын деп мақсат қойыңыз. Бірақ бұл оңай болмасы анық. Тіпті өзінде осындай дерт барын білмей жүре беретіндер бар. Байқағанның өзі керемет. Себебі санасы мен рефлексиясы төмен адамдар көбіне өзінің әлдебір нәрсені дұрыс жасамай жүргенін білмейді де. Олай болса, мына әдеттерді қарап, өзіңізде бар-жоғын ойлап көріңіз:
- Шопиңге қажет болғанынан да артық уақыт пен ақша жұмсайсыз. Шын мәнінде, соншалықты мұқтаж болмасаңыз да ала бересіз;
- Үнемі ойыңызда бірдеңе алу тұрады;
- Күнде кешкісін онлайн-дүкендерді «торуылдайсыз»;
- Кездесулерге барып, жиындарды отырсаңыз да ойыңыздан алда алатын дүниелеріңіз шықпай қояды;
- Тұрмыстық басқа шаруаларыңызды, жақындарыңызбен өткізетін уақытты шопиң ығыстырады. Құдды хоббиіңізге айналдырып алғансыз;
Егер осы белгілер сізде де болса, онда бұл әдеттен саналы түрде құтылуға бекініңіз. Мойындамайынша еш мәселе шешілмейді, санаңызды іске қосыңыз. Әдетте, шопоголик деген әдетке шалдыққан адамның басқа да жат қылықтары болады. Сондықтан мұны дара бұзылыс түрі деп емес, симптом деп қарастырады. Мәселен обсессивті-компульсив бұзылыс кезінде осы шопоголизм қатар жүруі мүмкін. Енді бір адамдарда мазасыздық, күйзеліс кезінде пайда болады. Болашақ жайлы алаң мен қазіргі проблеманы сәл де болсын ұмыту үшін зат ала береді. «Ертең курьер зат әкеледі. Соған анпакиң жасап, қуанатын болдым» деп алдаусыратасыз. Ойланбастан кредит ала салып, қыруар қаражатты шығындай беретіндерде биполяр бұзылыс болуы ғажап емес. Бұдан айығу үшін мамандарға баруыңыз керек болуы мүмкін. Егер дәрігер не психотерапевтпен бірлесіп істегіңіз келсе, онда терапияда бұл мәселені шешудің бірнеше түрі бар. Ең басында күнделік жүргізіп бастау ұсынады. Өзіңізге бірнеше сауал қойыңыз:
- Қандай кездерде шопиң жасауға ерекше талпыныс пайда болады?
- Көбіне ол қандай жағдайға байланысты? Ол кездегі сезім қандай болады?
- Сол сәттердің қайсысын басқа нәрсені арнағыңыз келер еді?
Бұдан бөлек, шопогилик деген аттан арылуды мотивациялық сұхбат арқылы бастауға болады. Бастысы — зат сатып ала беретін әдет қалай айналғанын зерттеңіз. Бір қарағанда симптомдары ұқсағанымен, сіздегі мәселе ол болмауы мүмкін. Ара-тұра өзіңізге зат алып тұрғанның әбестігі жоқ. Үйді жайлы қылу үшін сүйкімді бұйым алуға әбден болады. Жарнамасы жарып тұрған мына заманда мүлдем зат алмау өте қиын. Сондықтан сіздегі шек қандай — соны анықтап алыңыз. Мәселе бары нақтыланды ма — іске кірісіңіз.