Олимпиадаға баратын спортшыларға жұмсалған қаржы көлемі туралы ақпарат әралуан. Сондықтан «Курсив» ашық дереккөздерден зерттеу жүргізіп, бюджеттен бөлінетін қаражат көлемін есептеп көрді.
Үкімет спорттың бірнеше түрін республикалық бюджет арқылы қаржыландырады: ұлттық спорт, бұқаралық спорт және жоғары жетістіктер спорты. Осының ішінде кәсіби спортшыларға, атлеттерге бөлінетін қаржы «жоғары жетістіктер спортына» кіреді.
Жоғары жетістіктер спортына бөлінетін бюджеттік шығыстар
ҚР туризм және спорт министрлігінің мәліметінше спорт түрлері бойынша республикалық бюджеттен жыл сайын жоғары жетістіктер спортына мынадай бағыттарға қаржы бөлінеді:
-Олимпиадалық даярлық орталықтарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
-Қазақстан Республикасының құрама командаларына олимпиадалық резервті дайындау;
– Республикалық және халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыру және спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету, республика құрама командасын ұйымдастырушылық медициналық қамтамасыз ету;
– халық арасында отансүйгіштікке тәрбиелеу және дене шынықтыру мен спортты насихаттау, ұлттық құрамалар спортшыларының шеберлігін дамыту және жетілдіру үшін қажетті жағдайлар жасау, спортшылар мен жаттықтырушыларды әлеуметтік қолдау;
-Жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізу үшін ұлттық құрама командалардың спортшы – мүшелерінің және спорт резервінің дайындығын қамтамасыз ету;
Сондай ақ министрлік бюджет есебінен спортшыларды диспансерлеуден өткізу, оқу-жаттығу процесін медициналық қамтамасыз ету, спортта жарақаттанудың алдын алу, спортшыларды емдеу және қалпына келтіру, оларды дәрумендер, медико-биологиялық және қалпына келтіру препараттарымен қамтамасыз етуге қаржы бөледі.
Жоғары спортты қаржыландыру соңғы 10 жылда 7 есе өскен
1991 жылдан 2024 жылға дейінгі республикалық бюджет есебінен спортты дамытуға жұмсалған шығындарды қарап көрдік. Айта кету керек, Үкімет тек 1999 жылдан бастап қана спорт саласына қаржы бөле бастаған. 2013 жылдан бастап спортқа және соның ішіндегі жоғары жетістіктер спортына бөлінген қаржы көлемі айтарлықтай өскен. 2023 жылы бекітілген республикалық бюджетте оның көлемі 105,7 миллиардты құрап, тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық көрсеткішке жетті.
Қазіргі таңда Қазақстанда спортшыларды олимпиада ойындарына даярлау мақсатында бірнеше арнайы орталық жұмыс істеп тұр. Солардың ішінде Алматы облысындағы олимпиадаға даярлау базасы, Астана қаласындағы олимпиадаға даярлау орталығы, Щучье қаласындағы республикалық шаңғы базасы бар. Бұл спорт нысандарын күтіп ұстау және реконструкциялау шығындарына да республикалық бюджет есебінен қаржы жұмсалады. Сондай-ақ еліміздегі ірі спорттық кешендердің құрылысына да бюджеттен қаражат бөлінеді.
Ұлттық Олимпиада комитетіндегі құпиялық
ҰОК-нің басты міндеті – халықаралық дәрежедегі спортшыларды дайындау. Сонымен қатар олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалардың спортшыларын халықаралық жарыстарға дайындауды қамтамасыз ету. Мемлекет сол қызмет үшін ҰОК-ні өз тарапынан қаржыландырады. ҰОК өз бюджетінің атқарылуы туралы ешқандай ашық мәлімет таратпаған. Дегенмен жоғарыда айтқанымыздай республикалық бюджет есебінен «жоғары жетістіктер спортына» бөлінетін қаржы ішінде ҰОК-нің жылдық қаржысы да бар.
Сондай-ақ Халықаралық олимпиада комитеті әрбір олимпиадалық циклде ойындардан түскен пайданың маңызды бөлігін олимпиадалық ынтымақтастық бағдарламаларының бір бөлігі қаржыға мұқтаж елдердің спортшылары мен жаттықтырушыларына тікелей көмек көрсету мақсатында Ұлттық Олимпиада комитеттеріне (ҰОК) бөледі. Соңғы мәліметтерге сүйенсек ХОК Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетіне 211 миллион теңге көмек берген.
Бұған қоса, 2023 жылы «Спорт пен туризм индустриясын» қолдау қоры 29 140 720 мың теңге жұмсағанын жария еткен. Бұл қордың құрылтайшылары – «ҚР Ұлттық олимпиада комитеті» ҚБ мен «Қазспортинвест» АҚ. Аталған қор 2020 жылдан бері Қазақстандағы спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс қаражатты бөлу жөніндегі бірыңғай оператор.