Жаңалықтар

БАӘ, Аустрия, Лихтенштейннен 356 млн доллар: Қайрат Сатыбалды мемлекетке тағы қандай мүлкін қайтарды

Қайрат Сатыбалды мемлекетке тағы қандай мүлкін қайтарды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды мемлекетке 1,6 млрд доллар қайтарып берген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарлады.

Ақпаратқа сүйенсек, 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қайрат Сатыбалды және онымен байланысты тұлғалардан 732,8 млрд теңге (1,6 млрд АҚШ доллары) сомасында активтер мен ақшалай қаражат қайтарылған.

«661,5 млн АҚШ доллары шетелде табылды, олар қысқамерзімде Қазақстанға қайтарылды, оның ішінде Қ. Сатыбалдыұлымен белсенді ынтымақтастық нәтижесінде Аустрия, Лихтенштейн, БАӘ, Түркия және т. б. елдерден қайтарылды», – делінген агенттік хабарламасында

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Сатыбалдыдан қайтарылған мүлікті тізіп шықты:

  • «Қазақтелеком» АҚ акцияларының 28,8% – 93,8 млрд тг. 
  • «КСО» АҚ – 30,2 млрд тг. 
  • 4 компаниядағы қатысу үлесі – 10,3 млрд тг. 
  • Қазақстандағы мүліктік активтер – 158,5 млрд тг. 
  • Эксклюзивті зергерлік бұйымдар – 105,39 млрд тг. (230 млн.$) 
  • Қазақстандық шоттардағы ақша – 36,8 млрд тг. 
  • Аустриядан келген ақша – 36,8 млрд тг. (82,1 млн.$) 
  • Лихтенштейннен түскен ақша – 116,7 млрд тг. (260,5 млн.$) 
  • БАӘ-нен келген ақша – 6,3 млрд тг. (14 млн.$); 
  • Түркиядан келген ақша – 2,2 млрд тг. (4,92 млн.$); 
  • Бағалы қағаздарды сату – 135,8 млрд тг. (300 млн доллар).

Бұдан бөлек, құны 158 млрд теңгеден асатын 115 қазақстандық объект мемлекеттік меншікке берілген. Оның ішінде 13 үй, 10 ғимарат, 13 жер учаскесі, 4 пәтер, 3 ғимарат, қосымша салынған 2 медресе ғимараты, 2 тұрақ орны, 25 үй-жай, 1 аяқталмаған құрылыс объектісі мен 29 автомашина, 5 арнайы техника, 3 квадроцикл және өзге де мүлік бар.

Агенттік бұл нысандардың әлеуметтік мақсатта қолданылатынын атап өтті. Мәселен, Ақмола облысының Барап ауылында жалпы ауданы 1,5 мың шаршы метр, жер учаскесі 135 гектар болған Сатыбалдының бұрынғы резиденциясы Астана қаласының Білім басқармасына берілген.

Айта кетейік, 2022 жылдың 26 қыркүйегінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Қайрат Сатыбалдыны 6 жылға бас бостандығынан айырды.