Жаңалықтар

Қазақстанда Wildberries жүктерін тасымалдайтын жүргізушілер жалақысының кешігуінен тауар жеткізу де іркілуі мүмкін

Қазақстанда Wildberries жүргізушілерінің жалақысы кешіктіріліп жатыр / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ресейлік Wildberries маркетплейсінің жүктерін жеткізумен айналысатын Қазақстандағы «Быстро и точка» компаниясымен келісімшарт жасасқан жүргізушілер төлемдердің кешігуіне шағымданды. Бұл туралы ҚазТаг агенттігі жазады.

«2024 жылдың сәуір айынан бастап ақшамызды ала алмай отырмыз. 13 жүк көлігі мен 13 машина бар. Сәуір айының соңында «Быстро и точка» компаниясындағы қызметімізді аяқтадық. Аз-маз бөлігін төлейді, келісімге келеміз. Шағым жасаймыз, тағы бір бөлігін береді де, шілде айының соңына дейін төлеуге уәде береді. Бірақ ешқандай нәтиже, әрекет болмады», – дейді агенттікке пікір білдірген жүргізушілердің бірі. 

Жүргізушілердің айтуынша, екі бригадаға жалпы алғанда 30 млн теңге төленуі қажет. Wildberries компаниясы логистикалық компаниялардың міндеттемелерін орындамауы әсерінен тауар жеткізу кешігетінін хабарлаған.

«Келісімді бұзған компаниялармен маркетплейс біржақты тәртіппен ынтымақтастықты тоқтатуға немесе шартта тараптардың жауапкершілігінде белгіленген бірқатар басқа санкцияларды қолдануға құқылы», – деп түсіндірген маркетплейс өкілдері.

2023 жылы Wildberries, Ozon, Pinduoduo, Aliexpress және т.б. халықаралық маркетплейстер бөлшек электрондық сауданы дамытуда ерекше рөл атқара бастады. Сарапшылар Қазақстандағы e-commerce секторы жас және өсу әлеуеті жоғары екенін айтады.