Шымкентте адам саудасы үшін 400 мың теңге алған азамат ұсталды
Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Ш. есімді азаматты адам саудасы үшін 400 мың теңге алу барысында ұстады. Бұл туралы Түркістан облысының прокуратурасы хабарлады.
Прокуратура мәліметіне сүйінсек, «Ш. есімді азамат соңғы 2 жыл бойы мүмкіндігі шектеулі екі азаматты қайыршылық жасауға мәжбүрлеп, оларды Шымкент қаласында сату кезінде ұсталып, қамауға алынды», – деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар тағы 10 азаматтың адам саудасына қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда биыл алғаш рет адам саудасымен күрес туралы заң қабылданды.
Атап айтқанда, Қылмыстық кодекске «адам саудасына байланысты қылмыстар» деген жаңа ұғым енгізілді. Ол адам ұрлау, адамды заңсыз бас бостандығынан айыру, адам саудасы, оның ішінде кәмелетке толмағандарды сату, жезөкшелікпен айналысуға итермелеу және басқа да қауіпті қылмыстық әрекеттерді қамтиды.
«Заңда мұндай қылмыстарды жасағаны үшін татуласу арқылы қылмыстық жауапкершіліктен босатуға тыйым салынады. Сонымен қатар адамның кәмелетке толмағанын біле тұра, жезөкшелік немесе сексуалдық сипаттағы қызметтерін пайдаланғаны үшін алғаш рет қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Заңда кәмелетке толмаған адамды сексуалдық сипаттағы қызмет көрсетуге, соның ішінде мұндай істі насихаттау немесе жарнамалау арқылы тарту фактілері қылмыс деп танылады», — деп жазылған құжатта.