Бірқатар облыстарда «Жайлы мектеп» құрылысына Ұлттық қордан бөлінетін қаражат көлемі ұлғаймақ

Жарияланды
Қаржы министрлігі бюджет жоспарына өзгеріс енгізеді / shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қаржы министрлігі 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жоспарына өзгеріс енгізбек. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталына орналастырылған министрлік құжатында жазылған.

«2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 12 желтоқсандағы № 1108 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулы жобасына өзгерістер енгізу көзделеді»,- делінген құжат түсіндірмесінде.

Құжатта «облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде орта білім беру объектілерін салуға Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан нысаналы трансферт есебінен берілетін нысаналы даму трансферттері» деген бюджеттің кіші бағдарламасына өзгеріс енгізілетіні жазылған.

Бюджеттің кіші бағдарламасына сәйкес, Үкімет «Жайлы мектеп» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Қазақстанның алты өңірінде Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы даму трансферттерінің көлемін өзгертпек. Олар – Астана мен Алматы қалалары және Ақмола, Атырау, Қарағанды, Қостанай облыстары.

Республикалық бюджет комиссиясының 2024 жылғы 30 шілдедегі 
№ 16 шешіміне сәйкес Астана мен Алматы қаласының бағдарлама шеңберіндегі нысаналы трансферті қысқарған.

Қолданыстағы жобада бұл бағдарлама бойынша Астана қаласының трансферті 125,8 млрд теңге болса, өзгерістерге сәйкес бұл сома 118,6 млрд теңгеге дейін қысқарған.

Солайша Алматы қаласының сомасы – 72,6 млрд теңгеден, 63,2 млрд теңгеге азайған.

Ал қалған 4 өңірдің бұл бағдарлама аясындағы нысаналы даму трансферті артқан. Яғни Ақтөбе облысының трансферті 25,04 млрд теңгеден 35,1 млрд теңгеге, Атырау облысының трансферті 20,3 млрд теңгеден 22,1 млрд теңгеге, Қарағанды облысының трансферті 19,04 млрд теңгеден, 23,3 млрд теңгеге, Қостанай облысының трансферті 14,6 млрда теңгеден – 15,2 млрд теңгеге артқан.

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салуға 2,4 трлн теңге бөлінеді. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2024 жылы 217 білім ошағы пайдалануға берілсе, 2025 жылы тағы 152 ғимараттың құрылысы аяқталады. Жоба аясында 740 мың оқушыға арналған жаңа бағыттағы 369 заманауи мектеп салу жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз