Украина әскерінің Курск облысына 30 шақырымға ішкері енуіне байланысты Forex-тегі саудада рубль құлдырады  

Жарияланды (жаңартылды )
12 тамыз күні Forex-тегі саудада рубльге қатысты доллар бағамы 4,4%-ға көтерілген / Фото: kursiv.media

Украина әскері Курск облысына 30 шақырым ішкері енген. Бұл жаңалықтардан кейін рубль бағамы Forex-тегі саудада төмендеп кетті. Бұл жайлы Moscow Times, басылымы хабарлады.

12 тамыз, дүйсенбіде рубльге қатысты доллар бағамы 4,4%-ға көтеріліп, 90,75 рубльге дейін құлдыраған. Бұл – LSEG индикативті баға белгілеулеріне сәйкес маусымның ортасынан бергі ең жоғары мән.

Ал еуро бірнеше сағаттық саудада 4,5%-ға өсіп, оның бағамы 99,13 рубльге дейін көтерілді, бұл 23 мамырдан бергі ең жоғары деңгей саналады.

Украина Қарулы Күштерінің Курск облысына шабуылы басталған күні Forex-тегі саудада доллар 6 рубльге, ал еуро 6,4 рубльге қымбаттаған болатын. Бұл күні Ресей валютасы құнының шамамен 7%-ын жоғалтқан.

Ал Америка санкцияларына байланысты доллар мен еуроның саудасы тоқтатылған Мәскеу биржасында рубль бағамы тұрақты.

Курск облысындағы қақтығыс

Айта кетейік, Украина қарулы күштері Курск облысында бақылау аймағын кеңейту әрекетін жалғастыруда. Financial Times басылымының хабарлауынша, Украина әскері Курск облысына 30 шақарымға ішкері енген. Атап айтқанда, Украина қарулы күштері Курск облысының Глушковский ауданындағы Сейм өзеніндегі көпірге әуеден соққы жасай бастаған. Әскери сарапшылардың айтуынша, Украина әскері осылайша шекараға жақын орналасқан Теткино ауылындағы ресейлік күштердің логистикалық бағытын бұзуды көздеп отыр.

Ресей тарапы Курск облысында жағдай тұрақтанғанын хабарлағанымен, Американың соғысты зерттеу институты Украина әскерінің Кореневодан оңтүстік-шығысқа қарай жылжып, Кременное және Черкасский-Поречный бағытында ілгерілегенін хабарлады.

Бұл жағдайдан кейін Ресей президенті Қауіпсіздік кеңесінде жиналыс өткізіп, Киевтің Батыстың сойылын соғып отырғанын айтқан.

«Киев Курск аймағындағы әрекеттерімен болашақтағы келіссөздердегі өз ұстанымын жақсартуға тырысып жатыр. Енді Киев режимінің Мәскеу мен делдалдардың бітімгершілік туралы ұсыныстарын неліктен қабылдамағаны белгілі болды. Батыс украиндардың қолымен Ресеймен соғысып жатыр, Киев батыс қожайындарының бұйрығын орындауда», – деп мәлімдеген Путин.

Ол сондай-ақ Батыс украиндардың орыс қоғамын біртұтастығын бұзуға тырысып жатқанын бірақ одан нәтиже шықпағанын айтқан.

Ресей әскерінің майдан шебінде тек алға жылжып жатқанын, Украина тарапына лайықты дәрежеде қарымта қайтарылатынын айтқан.

Еске сала кетсек, Украина әскері Ресейдің Курск облысына 7 тамыз күні басып кірді. Ресей президенті Владимир Путин мұны арандату деп мәлімдеді.  

Осыған байланысты Еуропада газ қымбаттады. Өйткені Украина қарулы күштері өңірдегі Еуропаға газ айдайтын «Газпромның» жалғыз «Суджа» бекетін басып алған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз