Мұнай бағасы, дүйсенбі, 12 тамыздағы сауда-саттықта бесінші сессия қатарынан 3%-ға көтерілген. Бағалардың көтеріле бастағанына АҚШ-тағы рецессияға қатысты қобалжулардың бәсеңдегені және Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың шиеленісе түскені де себеп болған.
Апта басы, 12 тамызда, сауда Brent маркалы мұнай фьючерстерінің0,3%-ға көтерілуімен басталған. Солайша бұл маркалы мұнай барреліне 79,88 долларды құраған. Ал АҚШ-тың West Texas Intermediate мұнай фьючерстері 36 центке немесе 0,5%-ға өсіп, баррелі 77,20 долларға жеткен.
«Өткен аптада жарияланған АҚШ-тағы рецессияға қатысты қауіптің азаюы, мұнай бағасына қолдау көрсетті»,- дейді IG Markets сарапшысы Тони Сайкамор.
Сонымен қатар Иран «Хамас» пен «Хезболланың» негізгі басшыларын өлтіргені үшін Израильден кек алу операциясын бастауы мүмкін. Сарапшылар геосяси жағдайдың шиеленісуі мұнай бағаларының көтерілуіне әсер етіп жатқанын айтады.
Айта кетейік, Иран мен «Хезболла» бірігіп, «ХАМАС» жетекшісі Исмаил Хания мен «Хезболла» әскери қолбасшысы Фуад Шукрдың өлімі үшін қарымта қайтаруға уәде берді.
Осы орайда нарық Иранның жауабын күтіп отыр. Жағдай ушыға түссе, мұнай бағасы айтарлықтай көтеріле түсуі мүмкін.
Еске сала кетсек, 5 тамызда мұнай бағасы арзандап кеткен болатын. Бұл күнгі сауда-саттықта Brent маркалы мұнай фьючерстері 0,87%-ға арзандап, баррелі 76,14 долларды құраған. Ал WTI фьючерстері 1,03%-ға төмендеп, барреліне 72,76 доллар болған. Мұнай бағасының құлдырауына АҚШ-тағы рецессияға қатысты алаңдаушылықтар себеп болған.
Сарапшылар Таяу Шығыстағы қақтығыс шиеленісе түссе, мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асуы мүмкін деп болжайды. Егер Иран қарымта қайтарса, Израиль Иранның мұнай нысандарына шабуыл жасауы мүмкін. Қаржыгерлер мұндай жағдайда доллар бағасы шарықтап кетуі мүмкін екенін айтады.