Қытай банктерінің 98%-ы Ресейден төлем қабылдаудан бас тартқан
Қытай банктері шетінен Ресейден төлем қабылдаудан бас тартып жатыр. Енді қытайлық шағын аймақтық банктер де төлем қабылдауды тоқтатқан. Бұл жайлы Ресейдің «Первая группа» акционерлік қоғамының бас директоры Алексей Порошин мәлімдеген.
Бұл ақпаратты басқа ресейлік компаниялар да растаған. Ресей кәсіпкерлері қытайлық банктердің мамыр-маусым айларына дейін төлем қабылдап келгенін айтады. Ал 20 шілдеден бастап қаржылай транзакция жүргізу қиындаған. Кәсіпкерлердің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта қытайлық банктердің 98%-ы Ресейден төлем қабылдамайды. Осыған байланысты Қытай туарларының импортымен айналысатын кәсіпкерлер Ресейге тауар жеткізу қиындап, өнім бағасы қымбаттауы мүмкін екенін ескерткен.
Жалпы соғыс басталған 2022 жылдан бастап, Ресей компанияларына халықаралық транзакцияларды жүзеге асыру қиынға соқты. Жағдай 2023 жылдың соңында күрделене түсті. Оған АҚШ президенті Джо Байденнің санкцияға ұшыраған субъектілермен транзакцияларға және ресейлік қорғаныс өнеркәсібіне жеткізілімдерге көмектесетін шетелдік банктерге қарсы қайталама санкциялар туралы жарлығы себеп болды. Бұдан кейін Қытайдың ірі банктері Ресейден, оның ішінде юаньмен төлемдерді қабылдауды тоқтатқан. Қытаймен бірге БАӘ, Түркия, Орталық Азия елдерінің банктері Ресей төлемдерінен бас тарта бастаған.
Ресейге Қытайдан тауар импорттап келген бизнес өкілдерінің айтуынша, ішкі нарықта жұмыс істейтін қытайлық банктер ресейлік компаниялармен есеп айырысуды жүзеге асыратын «балама аэродром» іспетті болған. Енді санкцияны айналып өтетін бұл жолдар да жабылып, кәсіпкерлердің жұмыс істеуі қиындай түскен.
Осы орайда Ресей билігі шектеу шараларын тиімсіз және заңсыз деп атап, оларды алып тастауды талап еткен.
Еске сала кетсек, ақпанда Ресейде «МИР-UnionPay» төлем жүйесі істемей қалды. Бұл төлем жүйесімен Қазақстан мен Өзбекстан банктері де жұмыс жүргізуді тоқтатқан болатын.