Ресейлік «Татнефть» компаниясы Қазақстанда Attar брендімен шина өндіре бастады

Жарияланды
«Татнефть» Сарань қаласында Attar брендімен шина өндіре бастады / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Татнефть» Қазақстанның Сарань қаласында сериялық шина өндіре бастады. Бұл жайлы компания өкілі Андрей Пантюхов мәлімдеді.

«2024 жылдың маусымында жазғы шиналардың жаппай өндірісін іске қостық. Шілде айының ортасында Қазақстандағы дилерлік орталықтар мен Ресейдің шина орталықтарына Attar брендімен шиналар жеткізілді. Бұл шиналарды Қазақстан мен Ресейде бөлшек саудадан табуға болады», – деді Пантюхов.

Бұған дейін «Татнефть» компаниясының директорлар кеңесін басқаратын Татарстан басшысы Рустам Миннихановтың баспасөз қызметі «Татнефть» компаниясы мен қазақстандық Allur компаниясы бірлесіп ашқан «KamaTyresKz» ЖШС шина өндірісін бастағанын хабарлаған болатын. Бұл зауыттың жылдық өндірістік қуаттылығы 3,5 миллион шина, оның 3 миллионы жеңіл автомобильдер үшін, 500 мыңы жүк көліктері үшін шығарыла бастайды.

Еске сала кетсек, ресейлік «Татнефть» компаниясына қатысы бар құрылым қазақстандық мұнай өңдеу зауытының акцияларын сатып алатыны туралы ақпарат тарады. «Бірінші шина компаниясы» ЖШС «Конденсат» мұнай өңдеу зауытының акционерлеріне әр акциясын 1 283,44 теңгеден сатып алу турлы ұсыныс жасады.

Мұның алдында «Татнефть» ЖАҚ қазақстандық Karaton Operating Ltd жеке компаниясының 50% акциясын сатып алу туралы шартқа қол қойған еді.  

Сондай-ақ оқыңыз