Қайрат Сатыбалдының мұнай­-газ саласындағы активтері көрсетілмеген – Ермұрат Бапи

Жарияланды
Коллаж: parlam.kz, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жария еткен деректерде Қайрат Сатыбалды активтерінің тізімі толық емес.  Оның мұнай­-газ саласындағы активтері көрсетілмеген. Әртүрлі банктердегі үлестері туралы да ақпарат жоқ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи мәлімдеді.

Тізімде тек қана шетелден қайтарылған ақша мен кейбір компаниялардағы үлесі көрсетілген.

«Жалпыбір триллионға жуық қаражат көрсетіліп отыр. Оның қайдан және қалай түскенін білмейміз. Оны бақылайтын, анық-қанығын нақтылайтын тетік жоқ. Биліктің, ресми ақпарат көздерінің дерек-дәйегіне сенуге мәжбүрміз»,– дейді Ермұрат Бапи.

Парламент бұдан бір жыл бұрын заңсыз шетелге шығарылған активтерді елге қайтару туралы арнайы заң қабылдады. Осы заңның аясында Қайрат Сатыбалдының да активтері қайтарылып жатқаны мәлім. Ермұрат Бапи тек қана Қайрат Сатыбалдының активтерінің тізімі ғана емес, күдіктілердің тізімі толық емес екенін алға тартты.

«Біз Назарбаевтың әулетінен тек қана Қайрат Сатыбалдыны ғана көріп отырмыз. Дариға және Әлия Назарбаевалар, Болат Назарбаевтың активтеріне байланысты әлі дерекдәйектер жоқ», – дейді Мәжіліс депутаты.

Оның пікірінше,  активтерді қайтару жөніндегі комитеттің де, үкіметтік комиссияның да жұмысы жабық. Олардың қолында 100 миллион АЕК көлемінде байлығы бар, «аса бай, ұрлық жасауы мүмкін» деген күдікпен тексерілетін азаматтардың тізімі бар. Бірақ билік бұл мәселеде аса сақтық жасап жатыр.

«Тізімге кірген тұлғалардың қаражатты ерікті түрде қайтару мәселесі талқыланып жатыр» деп уәж айтылады. Өйткені, олардың халықаралық қор биржаларының рейтингіне кіретін үлкен компаниялары бар. Қысым болса, акциялары құлап, экономикаға залал тиюі ықтимал. Сондықтан бәрін сабырмен жүзеге асыру керек дегенді алға тартады», – дейді депутат.

Сондықтан халық қалаулары бұл уәжге тоқтаған. Тоқаевтың активтерді елге қайтару саясатына кедергі жасамауды ұйғарыпты. Бірақ күзде активтерді қайтару жөніндегі комитеттің де, комиссияның да есебін парламентте тыңдау туралы бастама көтермек.

«Депутаттардың өзі қабылдаған заңның орындалу барысын қадағалауға, бақылауға және талап етуге құқығы бар. Азаматтық хақымыз да бар. Заңның мен келіспейтін баптарына қол қоюға мәжбүр болдым. Өйткені далаға кетіп жатқан, ұрланып жатқан активтерді қайтару үшін жылдам заң қабылдау керек болды», – дейді Ермұрат Бапи.

Сондай-ақ депутат активтерді қайтарумен айналысып жатқан үкіметтік қазыналық компанияларға қоғамдық бақылау қажет екенін айтады. Яғни халық сенімін ояту үшін басқармасына қоғам өкілдері кіруі тиіс. Елімізде бұндай тәжірибе бұрын да болған.  

«Кезінде «Қазақгейттің» 100 миллионға жуық ақшасы қайтарылған кезде «Бота» деген қор құрылып, оның құрамына қоғам өкілдері кірді. Евгений Жовтис және Асылбек Қожахметов секілді азаматтар болды. Олар бақылау жасап, есеп берген кезде қайтарылған қаржының дұрыс жұмсалғанын айтты. Олардың сөзіне қоғам сенді»,– дейді депутат.

Еске салар болсақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының мемлекетке қайтарған активтері туралы ақпарат беріп, оның санын тізіп шыққан. Қамалғаннан бергі екі жыл ішінде Қайрат Сатыбалды және онымен байланысты тұлғалардан 732,8 млрд теңге (1,6 млрд АҚШ доллары) сомасында активтер мен ақшалай қаражат қайтарылған.

Сондай-ақ оқыңыз