Грекияда орман өртеніп, Афина маңындағы елдімекендер тұрғындары көшірілуде – БАҚ

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media архивінен

Грекия орманындағы өрт толастамай тұр. Екі күннен бері өрт сөндірушілер мен әскерилер жалынды өшіре алмай жатыр. Бұл жөнінде шетелдік ақпарат құралдары жазды.

Алапат өрт 11 тамыз күні Афина қаласынан 35 км жерде басталған. Күшті желден жалын одан сайын өрши  түсті. Табиғи апаттан орман зардап шекті.

Грекияның климаттық дағдарыс және азаматтық қорғау министрі Василис Кикилиа өрттің өте қауіпті екенін, ағаштар 20 сағаттан астам уақыт жанып жатқанын хабарлады. Афинаның солтүстік-шығыс жағындағы тауларда, адам аяғы баспаған учаскелерде өрт өршіген.

Тарихи Марафон қаласы мен Афина маңындағы елдімекендерде жүздеген тұрғынды көшіру басталды. Метеорология орталығы бұған дейін құрғақшылық пен аңызақ жел салдарынан өрт болуы мүмкін екенін ескерткен.

Грекиядағы өрт оқиғасы бірнеше рет әлем назарын аударды. Мәселен, 2024 жылдың 25 маусым күні қазақстандық мультимиллионерлер отшашу ұйымдастырғаннан кейін аралдағы қарағай өртеніп кетті. Бұған жауапкершілікті яхта капитаны өз мойнына алып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз