Шымкент қаласына тиесілі жер телімдерінің мәліметін өзгерткен ХҚО-ның екі маманы сотталды. ҰҚК баспасөз қызметінің ақпараты бойынша олар мемлекетке 50 млн теңгеден астам залал келтірген.
Шымкент қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты оларды кінәлі деп таныды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ жергілікті филиалының бұрынғы екі қызметкері мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде мәліметтерді ауыстырған. Сол арқылы Шымкент қаласы жер телімдерінің шекарасын өзгерткен.
Қылмыстық кодекстің 206-бабының 3-бөлігі және 190-бабының 4-бөлігі бойынша екеуі де бес жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қоса коммерциялық ұйымдарда бес жыл басшы лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.